Среда, Апрель 24, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > «Жақсылық шын жүректен жасалады»

«Жақсылық шын жүректен жасалады»

Бұл қағида өмірдің түрлі сынақтарына тап болған жандарға демеу көрсетіп, үйдей іс тындырса да, үнсіз жүретін ақтөбелік волонтер жастардың өмірлік ұстанымына айналған. Қайырымдылық жасауға құмар, кез келген қоғамдық жұмысқа шын ниеттерімен кірісетін белсенді жас буынның қоғамдағы рөлі волонтерлік қозғалыстар арқылы танылып келеді.

Егер волонтерлер азаматтық қоғам құру жолында осы белсенділіктерін жоғалтпаса, таяу уақытта жастар партия­сын құратыны сөзсіз. Ал материалдық және әкімшілік ресурстарға қолдары жетпей жүрген ерікті жастардың қо­ғамды өзгертуге деген ұсыныстарын қа­был­дауға орта қаншалықты дайын? Азамат­тық қоғам құру жолында аға буын­мен арадағы сабақтастық байланыс қалай түзіледі? Бұл енді басқа әңгіменің тақырыбы.

Бүгінде Ақтөбе облысында 100-ден астам волонтерлік топ тіркелген. Негі­зінен қайырымдылық көрсету жолын таңдаған үкіметтік емес ұйымдардың басым көпшілігі әлсіз адамдар үнін мем­лекеттік органдарға жеткізуші құры­лымға айналды. Осы жағынан белсенді жастар біраз әлеуметтік дау-дамайды азайтуға себепші болғаны рас.

Президент Жарлығымен 2020 жылы Еріктілер жылы болып жарияланғаннан кейін елімізде волонтерлік қозғалыс қарқын алды. Коронавирус індетіне байланысты эпидемиялық ахуал өршіген кезде еріктілер көрінбес май­данның алдыңғы шебінен табылды. Олар инфекциялық ауруханаларда нау­қастардың өмірі үшін күресіп жүрген медицина қызметкерлерін сыртқы әлеммен байланыстырды. Ауруханаларға оттегі баллондары мен дәрігерлерге ыстық тамақ жеткізіп тұрды, күре жолдар бойындағы бекеттердегі полиция қызметкерлеріне көмектесті. Карантин күнделікті табысы базармен байланыс­ты адамдарға ауыр тиіп, кей адамдар күнделікті нан алуға қаржы таппай қиналып, әлеуметтік желілер арқылы көмек сұрады. Көпшілік еріктілердің қуатты күш екенін карантин кезінде жақсы түсінді.

Үш жыл ішінде қоғамдық жұмыста ысылған, саяси көзқарастары қалыптас­қан жастар буыны қалыптасып үлгерді. Солардың бірі – биылғы Наурыз мерекесі қарсаңында «Шапағат» медалімен марапатталған «Ақтөбе қайырымды жандары» еріктілер тобының мүшесі Еламан Байғозин. 2016 жылы құрылған бұл топтың бүгінде 35 мүшесі бар. Еріктілер Ақтөбедегі провизорлық орталық пен инфекциялық аурухана дәрігерлеріне ыстық ас, науқастарға оттегі баллондарын апарып, топтың Instagram парақшасына шығып көмек сұраған тұрғындарға дәрі-дәрмек, азық-түлік жеткізіп, тіпті пәтерақысын да төлеп берді. «Ақтөбе қайырымды жандары» мүшелері биылғы қаңтар оқиғасы кезінде де аянып қалған жоқ. Еріктілер коменданттық сағат кезінде күні-түні көшеде кезекшілік атқарған әскерилерге ыстық ас жеткізді. Ақтөбелік жұмысшы жастар бүгінде жедел көмекке келетін мобильді топқа айналды. Үндемей-ақ үйдей іс тындыратын Еламан облыстық ішкі саясат басқармасы мен жастар ресурстық орталығының қолдауына риза. Мәселен, волонтерлер бас қоса­тын коворкинг орталығы ашылса деген ұсынысы қолдау тапты. Бүгінде Ақтө­беде үш коворкинг орталық бар. Өзде­рі қоғамдағы әлсіз әлеуметтің үнін жет­кізуші, билік пен халық арасында диалог орнатып жүргендерін аса сезінбесе де, былайғы жұрт біліп отыр.

Өңірдегі волонтерлік топтарды біріктіретін кеңес құруды мақсат етіп жүрген тағы бір жас – Volunter-2020 Aktobe қоғамдық қорының жетекшісі Нұрбек Жалғасбаев. Азаматтық ұста­ны­мы жоғары студент Қ.Жұбанов атын­дағы Ақтөбе өңірлік  университетінің соңғы курсында оқиды. Ол волонтерлік қозғалысқа 2019 жылы келіп қосылған. Сол кезде оқуға жаңа түскен жас төрт досымен бірлесіп, үкіметтік емес ұйым құрды. Мақсаты – күйзелісте жүрген, тығырыққа тірелген құрдастарына көмек қолын созу еді. Әрине, әр студенттің тұрмыс жағдайы әртүрлі. Біреудің көмектесетін әке-шешесі бар, кейбірінде арқа сүйер туыс та жоқ. Жасөспірім кезінде жақынынан қолдау көрмеген баланың теріс жолға түсіп кетуі де әбден мүмкін. Нұрбектің тобы қайырымдылық жасауды сырқат баланың еміне қаржы жинаудан бас­тады. Олар көтерме базардан арзан кәмпит алып, үстеме бағамен мейрамхана, дүкендерге сатып емге аз болса да қаржы жинады. Қайырымды жандардың ықыласы Нұрбек пен оның достарын қанаттандырып, қиын жағдайда қалған көпбалалы отбасыға баспана үшін қаржы жинап берді. Қазір осы топтың мүшелері көбейді, қатарына жасы үлкен адамдар да қосылды. Қазір Нұрбек Жалғасбаев Ақтөбедегі барлық волонтерлік топ басшыларын біріктіретін өңірлік кеңес құруды жоспарлап отыр. Волонтерлік жұмыс мінездерін шыңдаған жастар өмірде қатып қалған қағидалар болмайтынын, дені сау адам әрекет еткен жағдайда кез келген қиындықтан шыға алатынын түсінді. Алайда университет бітіргелі тұрған жас осы кезге дейін әлеуметтік тапсырыстарға қанша рет өтінімдер жіберсе де, бірде-бір рет грант алып көрген емес. Биыл мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесуге, коворкинг орталығын ашуға грантқа тапсы­рып, тағы да ұта алмады. Нұрбек­тің сұ­раған қаржысы көп емес. «Ұйымдас­тырып жатқан қайырымдылық шараға демеуші боласыз ба деп әр мекеменің есігін қақсақ, олар бізден ресми хат талап етеді. Ал мемлекеттік органдар біз өткізген қайырымдылық іс-шара­ның жазбаша есебін сұрайды. Біз бір тиын алмасақ, неге есеп беруіміз керек? Жасаған жақсылығыңды жіпке тізіп жариялау деген ұят нәрсе ғой. Он­да қайы­рымдылықтың құны қала ма? Биыл Ақтөбе облысы бойынша волон­терлікті дамытуға жергілікті бюджет­тен 7 миллион теңге бөлінгенін біліп, 4-5 лотқа конкурсқа қатыстық. Байға­нин ауданының ішкі саясат бөлімі жария­лаған конкурсқа да құжат жібердік. Мұқ­таж азаматтар үшін іс-шара өткізуге сұраған қаржымыз көп емес еді. Өйткені көмектескен студенттердің жол-пұл қаражатын беруім керек. Кейде жинаған қаржымыз жетпей қалғанда, қалтамнан төлеймін. Сол үшін сабақтан бос кезде қосымша жұмыс істеймін», дейді Нұрбек Жалғасбаев.

Ақтөбедегі «Аңсар» ақпараттық талдау орталығы жанындағы «Асар» волон­терлік тобы үш жылда мұқтаж отбасыларға 10 баспана алып берді. Топ жетекшісі Еркеболат Таласбаев өткен жазда Ырғыз ауданының Нұра ауылындағы үйі өртеніп кеткен көп­балалы отбасыға 1 миллион тең­генің сертификатын табыстап келді. Олар экологиялық акцияға да қаты­сып жүр. Өткен жазда «Аңсардың» ерікті­лері Байғанин ауданына қарасты Қарауыл­келді ауылының шетіндегі көзі бітелген бұлақты аршып, абаттандырған еді.

Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті жа­нындағы «Медик» еріктілер тобының 150 мүшесі бар. Топ жетекшісі Бақытжан Баймахан болашақ дәрігерлердің облыс­тық қан орталығына екі апта сайын қан тапсырушы адамдарды тауып береді. Сондай-ақ жалғызбасты қарттардың үйлеріне барып қан қысымын өлшейді, аутизм сырқатын ерте тануға байланыс­ты жұртшылық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

«Аңсар» ақпараттық-талдау орта­лығының теологы әрі «Асар» волонтерлік топтың үйлестірушісі Айзат Демеуітова өмірде түрлі қиындыққа тап болған жас­тармен көбірек пікірлескенді ұнатады. Ол жастың тілін жас қана түсінеді дейді. «Шыны керек, өмірде орын таба алмай жүрген жас іштей күйзеліске түседі. Әдетте ол танымайтындарға сыр ашпай, тек өзі сенетін адамға ақтарылады. Қазір бәрі де қаржыға тірелген уақыт қой. Қосымша курстардың бәрі ақылы. Спорттық клубтар, бассейн, тіл үйрететін, не басқалай қосымша мамандық алатын курстар көпбалалы, не табысы аз отбасының баласына қолжетімді емес. Әдетте психологиялық күйзелісте жүрген жас оң мен терісті ажырата алмай жатады. Ал волонтерлік орта оны теріс жолға түсіп кетуден сақ­тай­ды. Себебі бұл жерде ортақ іске жұмылған, ортақ мақсаты бар бір-біріне қамқор, жігерлі қатарластары бар. Мұнда бір команда бір отбасы сияқты. Өмірдің түрлі сынақтарына тап болған жандардың өмірлерінен өздеріне сабақ алады. Осы ортада мінезі тұйық бала біртіндеп ашылады. Өйткені қайырымдылық жасаған адамның шын қуанышын көру – зор бақыт. Сондай адамның жанына жалау болған соң ерікті өзінің қоғамға қажет екенін сезініп, өмірге басқаша көзқараспен қарайды. Бүгінде жастар ерікті болудың қоғамға қажеттілігін түсінді», дейді Айзат Демеуі­това. Жақында ғана «Аңсар» ерік­тілері мүгедектер арбасын таба алмай жүрген кісіге OLX-тен арзан бағаға сатып алып берді. «Аңсар» орталығының мамандары отбасылық өмірі жайсыз жастарға кеңес береді, қолдау жасайды.

Жастар жұмыссыздығы – қоғамдағы ең өзекті мәселе. Айзат Демеуітова телефон арқылы ақша табатын болғандықтан, көпшілік жастар SMM-шы (Social media marketing) болуға құмар екенін айтады. SMM-шы әлеуметтік желідегі парақшаны жүргізіп, клиент санын арттырса, тауар өтімді болады. Бүгінде көптеген мекеме SMM-шы маркетолог маманын жұмысқа алады. Бірақ оны оқытатын курстар өте аз және қолжетімді емес. «Біз семинар-тренинг ұйымдастырып, Ақтөбеден ең мықты СММ, ең мықты мобилограф іздеп, екі адамды әзер таптық. Ал Алматыдан вебинармен екі күнде екі сағаттық курс жүргізуге 300-500 мың теңге сұрады. Мұндай қаржы бізде жоқ», дейді ол.

Үкіметтің тұрғындарды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту мақсатында қай­тарымсыз грант көлемін 40 АЕК-ке немесе 1 миллион 200 мың теңгеге ұлғайтуы жақсы мүмкіндік. Осы қаржыға ісін жаңа бастаған жас арзан құрал-жабдық сатып ала алады.

Қазіргі уақытта волонтерлік қоз­ғалыс әлсіз топтардың үнін қоғамға естіртуші қуатты қозғалысқа айналып келеді. Қиналған жанға көмектесіп, түрлі қоғам өкілдерімен тіл табысып тәжірибе жинаған жас топтан бөлініп шығып, дербес ұйым құрып, қатарына өзге жастарды топтастырады. Осыдан көрініп тұрғандай, олардың арасынан ұйымдастырушылық, жетекшілік қабілеті жоғары жастар пайда болады. Тұтастай алғанда, ел Президенті қолдауынан соң елімізде қоғамдық жұ­мыста ысылған, өзіндік үнін жеткі­зіп, әлеуметтік саясаттың барлық қалта­рысын жақсы білетін белсенді жастар буыны қалыптасты. Олар бүгінде кез келген партияға бәсекелес бола алады. Қайырымдылық жасаудан жарысқан қыз-жігіттер – қоғамды өзгертуге құш­тар азаматтар, болашақ жақсы ата-ана, жақсы маман. Олар саяси мінберде мәселені ашық қоя біледі әрі оның шешу жолын да ұсына алады. Азаматтық қоғамның іргетасын орнататын да осы буын.

Ақтөбе облысы

 

/egemen.kz/