Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жастар кәсіпкерлігін дамыту — заман талабы

Жастар кәсіпкерлігін дамыту — заман талабы

Шағын және орта бизнеске қолдау көрсету мақсатында елімізде түрлі бағдарламалар жүзеге асырылып келеді.

Болашақта өз кәсібін ашқысы келетін жастарға мұндай бағдарламалардың көп көмегі бар. Себебі, шағын және орта бизнеске қайтарымсыз грант алуға болады. Бүгін Жұбанов университетінде Ғылым айлығы аясында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің қатысуымен өткен MEETUP-та студенттер осындай құнды ақпараттарды алды.

Бизнес тренер, мотиватор, кәсіпкер Ержан Нургалиев және менеджер-маркетолог Айгүл Жаркенова жастарға  кәсіпкерлікке  бастайтын «Бастау» жобасы туралы  дәріс оқыды. Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы — 2025» мемлекеттік бағдарламасының орындалу механизмдері, оған енгізілген өзгерістер, бағыттары мен мақсаты, басты шарты мен несие мерзімі, қажетті құжаттар жайлы баяндады.

Тренерлер жиналғандардың сұрақтарына жауап беріп, оларды кәсіпті сауатты бастауға, алға қойған мақсатқа жетер жолындағы кедергілерден қорықпауға шақырды. Олар студенттердің ақпарат алмасуына, өз идеяларын жүзеге асыруына, осындай кездесулерге жиі қатысып тұруды дағдыға айналдыру қажет екендігін атап өтті.