Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университеті серіктестік аясын кеңейтті

Жұбанов университеті серіктестік аясын кеңейтті

Бүгін Жұбанов университеті С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы, Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі, «Казахойл Ақтөбе», «Батыс-Мұнай», «A-Textile» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Меморандум аясында қос тараптар арасында маңызды кездесулер, ғылыми зерттеулер, педагогтер және білім алушылармен тәжірибе алмасу секілді тағы да басқа көптеген шаралар жүзеге асатын болады.

Аталған шара оқу орнындағы Ғылым айының ашылу салтанатында өткізілді. 12 сәуір – Ғылыми қызметкерлер күніне орай университетте жыл сайын Ғылым апталығын өткізу дәстүрге айналған. Осы жылы 4 сәуірден бастау алған ғылым мерекесі 29 сәуірге дейін бір айға созылмақ.

Ашылу салтанатында кіріспе сөз алған университет ректоры Лаура Қарабасова ғылымды дамытудағы бірқатар маңызды мәселелерді атап өтті.

«Зерттеумен кез келген адам айналысады. Үй сатып алу үшін де, баламызды мектепке беру үшін де, тағы да басқа сұрақтар бойынша күнделікті зерттеу жүргізіп, ақпаратты салыстырып, әртүрлі көздерден мәліметтер жинаймыз. Өйткені нақты объективті картинаны шығаруымыз керек. Алайда әрқайсымыз зерттеуші болғанымызбен, кез келген адам ғалым емес. Ғылымды саналы түрде санаулы ғана адамдар таңдайды. Себебі ол үлкен төзімділікті қажет етеді.
Біздің елімізде ғалымдар түрлі қиын кезеңдерден өтті. Қазіргі таңдағы біздің университетте жұмыс жасап жатқан оқытушы-ғалымдар шынымен де ғылымға деген сүйіспеншілігін жоғалтпаған жандар. Осы ғалымдарымыздың еңбегінің арқасында Жұбанов университеті оқу мен ғылымды қатар ұштастырып келе жатыр», — деді ректор сөзінде.

Сондай-ақ, оқу орнының басшысы қазіргі таңдағы университеттердің 4 моделіне тоқталып, Нобель сыйлығын көп иеленген алдыңғы қатарлы шетелдік жоғары оқу орындарын мысалға келтірді. Сыни тұрғыдан ойлау, академиялық адалдықты студенттерімізге бакалавриат деңгейінен бастап үйрету мәселесін алға тартты.

Ғылым айына университетіміздің барлық факультетінің оқытушылары мен білім алушылары атсалысуда. Шараға келгендер әр факультеттің ғылым саласындағы жетістіктері қойылған көрмені тамашалады.

Айта кетейік, Ғылым айында 55-тен астам іс-шара өткізу жоспарланған. Олардың ішінде шетелдік ғалымдардың дәрістері, ғылыми конференциялар, ғылыми семинарлар, уоркшоптар, облыстық жобалар сайысы, пәндік олимпиадалар, «Ғылыми жобалардың постер сессиясы және библиофреш», «Zhubanov Science» подкасттар сериясы т.б. ғылыми іс-шаралар бар.