Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Тәлім мен тағылымға толы кездесу

Тәлім мен тағылымға толы кездесу

Қарты бардың – қазынасы бар. Қариялардың өмірлік тәжірибелері мен ақыл-кеңестері, тәлім-тағылымдарының орны әркез биік.

Бүгін Жұбанов университетінің Басқарма төрағасы-Ректор Лаура Қарабасова оқу орнының «Ардагерлер кеңесі» мүшелерімен кездесті. Оқу орнының басшысы университет тарихында, еліміздің білім мен ғылым саласының дамуында, жастар тәрбиесінде өлшеусіз үлес қосқан жандарға құрметінің шексіз екендігіне тоқталып, ардагерлердің ақыл-кеңесі, берер бағытының маңыздылығын атап өтті.

Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жайшылық Сартабанов кеңестің жұмыс барысы туралы баяндады. Факультеттердің ардагерлерімен университет арасындағы байланысты жалғастырып отыру кеңестің негізгі міндеттерінің бірі екендігін айта келе, бірқатар ұсыныстарын да жеткізді. Студенттермен кездесу барысында талқыланатын тақырыптар, денсаулығына немесе әлеуметтік жағдайына байланысты мұқтаж ардагер-қарияларға көмек қолын созу секілді мәселелерді талқылады.

Кеңес мүшесі Джанат Макешова қазіргі таңда жастарға ақыл айтып қана қоймай, олардан да біздің үйренеріміз өте көп деген пікірін ортаға салды. Қуанышбек Шункеев ардагерлер оқу орнының ғылыми потенциалы, сондықтан Ғылым ардагерлері институтын құру туралы ұсынысын жеткізді.

Сондай-ақ, бас қосуда ел бірлігі, ұрпақтар сабақтастығы, жас ұрпаққа рухани тәлім-тәрбие беру жөнінде тағылымды әңгімелер қозғалды. Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүр, жас ұрпақтың бұлжымас парызы. Бұл ретте аға ұрпаққа жүктелер жауапкершілік, игілік пен ізгілік, пайым-парасаттың үлгісін таныту жолдары айтылды.

Кездесу барысында ардагер ұстаздардың мерейтойлары да назардан тыс қалмады. Ректор Найля Мухаметхузинаны 80 жас мерейтойымен құттықтап, әдемі ақ тілегін жеткізді. Мерейтой иесіне университеттің кәсіподақ ұйымы атынан әдемі гүл мен мерекелік сыйлықтар табысталды.