Вторник, Апрель 16, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жас ғалымдар бас қосты

Жас ғалымдар бас қосты

Еліміздің ғылым саласы да айтарлықтай қиын кезеңдерді бастан өткерді. Бірақ қазіргі таңда ғылымға көп көңіл бөлініп, мемлекет тарапынан да ғалымдарымызға көрсетіліп жатқан қолдаулар жетерлік.

Қазақ жастары да ғылымға бет бұрды. Магистратура, докторантураға түсіп, ғылымды өмірлік мұратына айналдырған жастардың қатары күн санап артып келеді.

Бүгін Жұбанов университетінде өткен дәстүрлі ХVІІІ «Жастар,ғылым және инновация» тақырыбындағы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда жас ғалымдар бас қосты. Іс-шараға профессор-оқытушылар мен докторанттар, магистранттар қатысты.

Университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров жоғары оқу орны жастарға ғылыммен айналысуға көп мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Пленарлық мәжілісте сөз сөйлеушілер функционалды сауаттылық, педагогикалық дискурстың ерекшеліктері, ойын элементтерінің оқу үдерісіндегі рөлі, Тай-Дай техникасымен ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, виртуалды шындықтағы еркіндік дәрежесі тақырыптарында баяндама жасады. Жас зерттеушілер бір-біріне сұрақтар қойып, айтылған мәселе бойынша пікірлерін білдірді.
Конференция жұмысы секцияларда жалғасты.