Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ғалымдарға жағдай жасала ма?

Ғалымдарға жағдай жасала ма?

12 сәуір — Ғылым қызметкерлері күні

4 сәуірде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде ғылым айлығы басталған болатын. Білім ордасында бір ай бойы50-ден астам іс-шара өткізіледі.

Ғылым айлығының ресми ашылу салтанаты 11 сәуір күні университеттің техникалық факультетінің ғимаратында өтті. Шараға келушілер алдымен ғылыми көрмені тамашалады. Бұдан соң университет ректоры Лаура Қарабасова әріптестерін 12 сәуір ғылым қызметкерлері күнімен және соның аясында басталып жатқан ғылым айлығының ашылуымен құттықтады.

— Зерттеумен кез келген адам айналыса алады. Сіз үй сатып алатын болсаңыз да, балаңызды балабақшаға немесе мектепке беретін болсаңыз да зерттеу жүргізіп, іштей нәтиже шығарасыз. Бірақ кез келген адам зерттеу жүргізгенімен, ғалым бола алмайды. Ғылым жолын тек санаулы адамдар ғана таңдайды. Бұл сала үлкен төзімділікті қажет етеді, — деген Лаура Қарабасова балаға сыни тұрғыдан ойлауды, академиялық адалдықты ерте жастан үйрету керектігін айтты.

Сондай-ақ ғалымдарға деген құрмет жоғары болған жағдайда ғана ғылымның алға жылжитынын айтқан ректор университетте ғалымдарға жағдай жасау кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын мәлімдеді. Тағы бір жаңалық — 1 қыркүйектен бастап білім ордасында «оқытушы-ғалым» санаты енгізіледі. Бұл санаттағы оқытушылардың сабақ беру жүктемесі азайып, жалақысы көбейеді.

Бұдан соң университет ректоры  «Батыс-Мұнай»,«A-Textile»жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері және С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы, Ақтөбе жоғары политехникалық колледжімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

— Университетпен осы уақытқа дейін де жақсы байланыста жұмыс жасадық. Енді алдағы уақытта меморандум аясында үлкен іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз, — деді С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Құралай Райымбаева.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде 4 сәуірде басталған ғылым айлығы 29 сәуірге дейін жалғасады.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

/aqtobegazeti.kz/