Четверг, Апрель 18, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > «Ғылымға көңіл бөлсеңіз…»

«Ғылымға көңіл бөлсеңіз…»

12 сәуір — Ғылым қызметкерлері күні

Соңғы жылдары Қазақстанда мемлекет тарапынан ғылым саласын дамытуға, ғалымдарды қолдауға көбірек көңіл бөліне бастады. Елімізде соңғы екі жылда республикалық бюджеттен ғылымды қаржыландыру шамамен 2 есеге өсті. Яғни бұл салаға  84 млрд теңге бөлініп отыр. Сондай-ақ мемлекеттік қаржыны ғылыми жобаларға бөлу құзыреті ғалымдардың өздеріне берілді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес былтырдан бері жыл сайын 500 ғалым әлемнің жетекші ғылыми орталықтарына барып, тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болды. Сонымен бірге елімізде «Жас ғалым» жобасы бойынша 1 мың грант бөлінуде. Күні кеше ғана Үкімет басшысы Білім және ғылым министрлігіне 30 сәуірге дейін Қазақстан ғылымын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын қабылдауды тапсырды.
Ғылымды дамытуға ақтөбелік ғалымдар қандай үлес қосып жүр? Біз бұл туралы облыстағы іргелі оқу ордалары — Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті мен М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ғалымдарымен сөйлескен едік. Сонымен…

 Екі бағыт, үш қаржыландыру көзі

Елімізде ғылымға жаңаша бетбұрыс жасалып жатыр. Ғалымдарға мемлекет тарапынан үлкен қолдау, көмек көрсетілуде.

Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде ғылым саласы екі бағытта дамиды. Олар — іргелі және қолданбалы зерттеулер. 

Іргелі зерттеулерді  университеттегі  ғылыми мектептер жүргізеді. Кеңес дәуірінде іргесі қаланған физика, математика, химия салалары бойынша мектептеріміз бар. Олар теориялық зерттеулер жүргізеді.  

Екінші бағыт — қолданбалы зерттеулер. Бұл мақсаттағы ізденістер ғылыми зерттеулердің нәтижесін нақты бір құралға айналдыруға, халыққа күнделікті тұрмыста пайдалануға беруге бағытталып отыр.  Яғни ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру бағытында жұмыс жасалуда. 

Зерттеулерді қаржыландырудың негізгі үш көзі бар. Біріншісі — мемлекет тарапынан бөлініп жатқан ғылыми гранттар. Мысалы, Білім және ғылым министрлігі жас ғалымдар үшін 3 жылдық, 27 айлық гранттар беріп отыр. Конкурста әр ғалым өз тақырыбын ұсынып, бақ сынайды. Біздің университетте осындай грантты иеленген 10 жоба бар. 3 жылдық гранттардың жалпы қаржысы — 500 миллион теңге. Мұндай қолдау бұрын-соңды болған жоқ, тарихымызда болмаған жетістіктерге егемендіктің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Университет ғалымдарының мемлекеттік гранттардың жеңіп алуы — біздің ғалымдарымыздың әлемдік деңгейде, тым болмағанда еліміздің деңгейінде бәсекеге қабілетті екендігін дәлелдейді. 

Дәл қазір де жас ғалымдар үшін бөлінетін гранттар бойынша ғылыми жобалардың  байқауы ұйымдастырылып жатыр. Бұл байқауға 20-дан астам ғалым жобаларын ұсынып отыр.

Қаржыландырудың екіншісі — университеттің ішкі гранттары. Яғни ғылымды қолдауда университет тарапынан арнайы қаржы бөлініп отыр. Екі жылдан бері университетімізде 100 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді.

Үшіншісі — коммерциялық бағыттағы жобалар. Қандай да бір құрылымдардың гранттарын ұтып алып, нақты келісімшарт негізінде жұмыстар жасалады, — дейді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров.

Рахым Ағыбайұлы университет ғалымдары халықаралық деңгейде жұмыс жасап жатқанын тілге тиек етті. Тіпті аталған университеттің бір ғалымы қазір арнайы шақыртумен шетелде жұмыс жасап жатыр екен.

Жасанды интеллект жобасы әлемдік деңгейде үлкен сұранысқа ие. Мұны дамытуға біздің мықты математиктеріміз, белгілі ғалымдар Мадина Тілеубергенова мен Жайшылық Сартабановтар өзіндік үлес қосып отыр. Жасанды интеллектке байланысты халықаралық деңгейде ұйымдастырылып жатқан шараларға біздің ғалымдарымыз белсене қатысуда. Соның нәтижесінде 2 PhD диссертация қорғалды. Докторлықты қорғаған ғалымымыздың бірі Ақылбек Жаманшин Түркияға жұмысқа шақырту алып, қазір сонда еңбек етіп жатыр. Қосымша бізде де жұмыс жасайды. Бұл әлемдік деңгейдегі нарыққа біздің мамандарымыздың бейімделгенін, сұранысқа ие екенін көрсетеді.

Екінші бағыттағы үлкен жұмыс белгілі ғалым, профессор Қуанышбек Шүңкеев жетекшілік ететін «Материалдардың радиациялық физикасы» ғылыми зертханасында жасалып жатыр. Мұндағы ғалымдар әлем ғалымдарымен иық тіресе, бірлесіп жұмыс жасауда. Қуанышбек Шүңкейұлы ғылымды екі бағытта да (теориялық деңгейде де, қолданбалық деңгейде де) дамытып отыр.  

Жаратылыстану бағыты бойынша ғалым Гузель Абилова Англияның ғалымдарымен бірлесіп, наноқабықша жасап, соған дәріні тамызып, көз ауруларын емдеу мақсатында еңбектенуде. Емдеудің бұл тәсілінің көзге, жалпы денсаулыққа кері әсері жоқ. 

Жас магистрант Нұрия Әйкенова бір аптаның шамасында Қазан қаласында  докторлық диссертациясын қорғайды. Ол су қайнаған кезде пайда болатын қақты болдырмауды зерттеп жүр. Сондай-ақ ол қақты пайдаға асыру жағын да зерттеуде. Бұл ғылыми жобаны коммерцияландыруға мүмкіндік бар. Нұрия Әйкенованың ағынды суларды тазартуға арналған инновациялық сүзгісі де ғылыми жетістік. Нұрия ұсынған түйіршіктелген карбонатты шламға негізделген тазарту технологиясын аймақтағы өнеркәсіптік компаниялар да қолдана алады. Ол бұл жобамен 3 жыл бойы айналысты. Осы уақытта Нұрия күрделі физикалық-химиялық зерттеулерін мұнай өндірістерінде жүргізді.

Техника ғылымдарының кандидаты Баян Алматова табиғи минерал — диатомитті жерге таматын мұнайға қосу арқылы өндірісте қайта пайдалануды қарастыруда. Сөйтіп, ластанған жерді өндіріске енгізу, қайта пайдалану мақсатында үлкен жұмыс жасап жатыр.

Жас ғалымдарымыз Өтеген Сариев пен Ерлан Жұмағалиев Ақтөбе ферроқорытпа зауытымен бірігіп, хромның шаң секілді қалдығын жинап, содан хромды балқытуда. Олар бұл жоба аясындағы жұмыстарды екі жыл бұрын бастаған болатын. Қазір жоба өз нәтижесін көрсетіп отыр.

Физигіміз Әмірбек Бекешов пен химигіміз Ләззат Тастанова Назарбаев университетінің ғалымдарымен бірлесіп үлкен жобаны қолға алды. Олар қазір университетіміздің ғимаратының шатырында арнайы қондырғыларды қойып, ауаның мониторингін жасап жатыр. Ғалымдардың қаланы аралап жүріп, түсіретін аппараттары да бар. Бұл зерттеу ауада хром қалдығының көлемін және ағзаға, қоршаған ортаға зиян келтіретін басқа да металдардың қалдығын анықтауға мүмкіндік береді.  

Университет ғалымдары атқарып жатқан жұмыстың бір парасы — осы. Руханият бағытындағы жұмыстар өз алдына бір төбе. Жалпы, университетте 27 профессор, 27 ғылым докторы, 200 ғылым кандидаты, 23 PhD докторы, 238 магистр, 127 доцент еңбек етеді, — дейді Рахым Бекназаров.

 Шетелдік ғалымдармен ынтымақтастық орнатқан зертхана

Физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі, Қ. Сәтпаев атындағы сыйлықтың иегері  Қуанышбек Шүңкеев басқаратын Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Материалдардың радиациялық физикасы» ғылыми орталығының тарихы 1984 жылдан бастау алады.

— Университеттің сол кездегі ректоры Мұхтар Арын қолдау білдіріп, ғылыми орталық ашылған болатын. Ұстазым академик Лущик Чеславтың тікелей қолдауымен зертхана ғылыми бағытын нақтылады. Біздің ғылыми зертхана абсорбциялық, люминесценттік, термоактивациялық спектроскопия қондырғыларымен жабдықталған.

Біз жасақтаған әмбебап криостат Эстонияның Тарту университетінің физика институтының құрылыстық бюросында дайындалды.

Осы ғылыми орталықтың негізінде министрліктің 5 мемлекеттік грантын иелендік. Мемлекет тарапынан ұйымдастырылып жатқан тағы бір байқауға қатысу үшін жоба ұсынып жатырмыз. Айта кету керек, осы мемлекеттік гранттың арқасында біз зертханаға үлкен зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беретін спектрлердің кең алқабында (190-2100 нм) интенсивті теңдесі жоқ лазерлік жарық көзі алынды.

Зертханада біз халықаралық деңгейде жұмыс жасаймыз. Халықаралық деңгей дегенде Орынбордың бір адамын шақырып алып, көзбояушылық жасау емес. Расында, біздің ғылыми орталықта шетелдік ғалымдармен тығыз байланыс орнатылған. Польша (Гданьск университеті), Эстония (Тарту университеті), Латвия (Латвия университеті), Беларусь (Янка Купала атындағы Гродно мемлекеттік университеті) және Ресейдің (М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті,  А.Ф.Иоффе атындағы физика-техникалық институты, Томск ұлттық зерттеу университеті, Ресейдің бірінші президенті Б.Н.Ельцин атындағы Урал федералды университеті, Кемерово мемлекеттік университеті) ғалымдарымен ынтымақтастық орнатылған. Шетелдік әріптестерімізбен бірлесіп, ғылыми зерттеулер жүргіземіз.

Университеттің студенттері мен профессорлық-оқытушылық құрамының академиялық ұтқырлығы Гданьск (Польша) және Тарту (Эстония) университеттерінде жүзеге асырылуда. Менің шәкірттерім осы жақында Польшаға жол жүргелі отыр, сондағы ғылыми конференцияға қатысады. Өзім басқа жаққа жолсапармен барамын. Шетелдік әріптестерім күзде Варшавада өтетін  үлкен конференцияға шақыртып отыр. Біздің ғалымдар, доктаранттар үнемі осындай қайнаған тірліктің ортасында жүреді.  Жұмыс тілі — ағылшын тілі. Шәкірттерім ағылшын тілін жетік меңгерген. Бұл — ғылымның талабы.

Жастар университет табалдырығын студент болып аттап,  PhD доктор болып шығатын мүмкіндіктері бар. Өйткені физикадан бакалавриат, магистратура, докторантура, диссертациялық кеңес бар. Бұл жастар үшін, ғылым үшін жасалған — үлкен мүмкіндік.

Менің жетекшілігіммен 11  шәкіртім ғылыми диссертацияларын сәтті қорғады. Олардың 8-і ғылым кандидаты,  (Е.Сармұханов, А.Бекешев, С.Төлепбергенов, Ш.Сағымбаева, Л.Мясникова, А.Бармина, Д.Сергеев, К.Бижанова), 3-еуі  PhD докторы (Н.Жантурина, З.Аймағанбетова, Ж.Убаев). Шәкірттерім ғылым саласында жемісті еңбек етіп жүр. Мысалы, күні кеше ғана Людмила Мясникова университеттің академиялық мәселелер бойынша проректоры қызметіне тағайындалды. Профессор Д.Сергеев Q1 әлемдік дәрежелі ғылыми басылымға нанотехнология бойынша мақалалар шығарған белді ғалымдар қатарына қосылды. Күні кеше ҚР Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов Ғылым қызметкерлері күніне байланысты профессор Д.Сергеевке арнайы құттықтау жолдады. Жалпы ғалымдардың Хирш индексі 6-10 бірлікті құрайды. Бұл Қазақстан ғалымдары үшін өте жоғары көрсеткіш болып табылады, — дейді Қуанышбек Шүңкеев.

Ғалымдардың әлемдік беделі олардың Web of Science және Scopus ғылым бағыттарын зерттейтін халықаралық базасындағы Q1, Q2, Q3 дәрежедегі ғылыми басылымдарына жаңалықтары мол тақырыпта мақала жариялануымен өлшенеді. Scopus базасында Қуанышбек Шүңкеевтің 46 мақаласы еніп отыр. Ал Хирш көрсеткіші — 10. Бұл — үлкен көрсеткіш.

— Жыл сайын шетелдік беделді ғылыми басылымдарға ағылшын тілінде жазылған онға жуық мақала жібереміз. Зерттеу нәтижелері «Physics State Solid», «Journal of Luminescence», «Journal of Physics: Condensed Matter», «Radiation Measurements»,   «Journal of Applied Spectroscopy», «Low Temperature Physics», «Journal of Physics: Conference Series», «Eurasian Journal of Physical and Functional Materials» және т.б.  журналдарда жарық көрді. Бұл басылымдар жаңалығы жоқ материалдарды жарияламайды, — дейді ғалым.

Орталық ғалымдарының еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланып жүр. Мысалы Қ.Шүңкеев, Ш Сагимбаева, С.Төлепбергенов,  А.Бекешев — Қ.Сәтпаев атындағы сыйлықтың иегерлері. Д.Сергеев, Л.Мясникова, Н.Жантурина мен А.Бармина жас ғалымдарға арналған ҚР БҒМ мемлкеттік ғылыми сыйақысын иеленді. Ал Қ.Шүңкеев, Л.Мясникова, Н.Жантурина, А.Бекешев, Ш.Сагимбаева «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атанды.

Қазіргі таңда ғылыми орталық министрлік тарапынан орындалып жатқан ғылыми жобалардың нәтижелерін қорытындылап жатыр.

 

8 жоба мемлекет тарапынан қыржыландырылып отыр

 

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ғалымдары Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған конкурсқа 37 жоба ұсынып, соның 8-і грант иеленген. Ғалымдар биыл да мемлекеттік гранттар берілетін байқауға қатысуды жоспарлап отыр.

   — Жалпы, әлемдік тәжірибеде ғылымға жеткілікті қолдаудың бар-жоқтығын есептеудің өзіндік тәсілі бар. Бұл сала үшін ішкі жалпы өнімнің қанша бөлігі бөлініп отыр? Есептеу әдісі — осы. Мысалы, ғылымды қаржыландыру көлемі жалпы ішкі өнімнің 1 пайызынан артық болса, мұндай елдерде ғылым бар деп айтуға негіз бар. Өкінішке қарай, біз бұл межеге жете қойғанымыз жоқ (2019 жылы Қазақстанда  ғылымға жұмсаған ең төмен қаражаттың көлемі жалпы ішкі өнімнің 0,12 пайызына тең болды), бірақ 2025 жылға қарай жету мақсат етіліп отыр.

Биыл университетіміздің 65 жылдығы тойланады. Жыл бойы өткізілетін шараның бәрі осы мерейтой аясында ұйымдастырылады. Жақында халықаралық жас ғалымдар конференциясы өтеді.

Былтыр біздің оқу орны Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған конкурсқа 37 жоба ұсынды. Соның 8-і жеңіске жетті. Осы 8 жоба министрлік тарапынан қаржыландырылып отыр. Оның 4-еуі — бір жылдық, қалғаны — үш жылдық жобалар.  Әрине, бұл 37 жоба бір жылда дайын бола қойған жоқ. Университеттің ішкі қаржыландыру көздерінен де қомақты қаражат бөлініп, ғалымдарға қолдау көрсетілуде. Бұл — жобалар соның нәтижесі. Айта кету керек, биыл ішкі қаржылдандыру көзінен ғылым саласы үшін 106 миллион теңге бөлінеді.

Былтыр министрлік «Үздік ғылыми қызметкер» конкурсын ұйымдастырды. Бұл байқауға ел бойынша 500-ден астам ғалымнан өтініш қабылданып, қорытындысында 50 ғалым жеңімпаз атанды. Соның ішінде медицина саласы бойынша 7-ақ ғалым грантқа ие болды. Соның екеуін біз, гигиеналық пәндер кафедрасының профессоры, медицина ғылымдарының докторы Арыстан Мамырбаев екеуміз еншіледік.

Жеңімпаздардың әрқайсысына 5 миллион 834 мың теңге қаржы табыс етілді.  Бұл біз үшін абырой әрі үлкен жауапкершілік, — дейді М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті, ғылыми жұмыстар жөніндегі департамент жетекшісі, медицина ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ақмарал Баспақова.

 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

/aqtobegazeti.kz/