Среда, Апрель 24, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Басым бағыттар түсіндірілді

Басым бағыттар түсіндірілді

Қалалық, облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің директорлары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауын талқылау шарасына қатысты.

Облыстың олимпиадалық резервті даярлау орталығында өткен кездесуге «Ардагер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Ботағарин, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Асхат Кеңесов қатысып, маңызды құжаттағы мәселелерді талдап, түсіндіріп берді.

Жолдаудың өзіндік ерекшеліктеріне тоқталған Асхат Кеңесов:

— Биылғы Жолдаудың бірінші ерекшелігі — оның жоспарланған уақыттан бұрын жариялануы. Қаңтар оқиғасынан кейінгі бұл әрекет — амортизациялық қызмет негізінде тиімді қадам. Ал екінші ерекшелігі — Жолдау тек саяси реформаларға ғана арналды. Өйткені, халық қаңтарда болған шеруде елімізде саяси реформаларды жүргізуді талап еткен еді. Үшіншісі, Президент қаңтар оқиғасына өзінің бағасын берді. Сонымен қатар зардап шеккендерге мемлекет тарапынан үлкен көмек болатындығын айтты.

Президент өз сөзінде:«Халыққа қажетті реформаларды жүзеге асыру – менің Мемлекет басшысы ретіндегі басты міндетім. Саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес. Бұл — анық нәрсе. Біз екі жарым жылдың ішінде осы бағытта нақты нәтижеге қол жеткіздік», —  деді. Шындығында, қоғамның басқа салаларымен салыстырғанда саяси жүйе өзгерістерден кенже қалған бағыттардың бірі болатын. Отыз жылдың ішінде жүргізілген саяси реформалар теріс немесе оң болсын, өзінің нәтижесін берді. Дегенмен, әлемдік жаһандану үрдісінде еліміздің егемендігін сақтап қалу үшін шынайы саяси реформалар қажет екендігі айдан анық, — деген олПрезиденттің Қазақстан халқына Жолдауы — еліміздің бесінші модернизациялық толқыны екендігін айтты.

— Осы уақытқа дейін Қазақстан Республикасы төрт модернизациялық толқынды бастан өткізген болатын. Төрт модернизациялық толқын еліміздің көптеген мәселелерін шешті және бесінші модернизацияға жол ашты. Біздің ойымызша, бесінші модернизациялық толқын қоғамдағы саяси мәселелерді шешіп жаңа Қазақстан құруға үлкен көмегін тигізеді, — деді ол.

Кездесу барысында Жолдаудың негізгі міндеттеріне тоқталған облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Нұрғиса Көшеров, ондағы негізгі міндеттерді бірлесе орындауға шақырды.

 

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

/aqtobegazeti.kz/