Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жас ғалымдар форумы: NETWORK-2022

Жас ғалымдар форумы: NETWORK-2022

Бүгін Жұбанов университетінде қаламыздағы жоғары оқу орындары, ғылыми мектептер, жалпы білім беру ұйымдарының жас зерттеуші ғалымдары бас қосты. Олардың арасында гранттық конкурс жеңімпаздары, өз зерттеулерінде маңызды нәтижеге қол жеткізіп жүрген жас зерттеушілер бар.

Форум TEDх форматында өткізілді. Жиын шеңберінде жас ғалымдар семинарлар, митаптар, тренингтерге қатысып, ҚР Білім және ғылым министрлігінің конкурстық бағдарламаларына қатысу мәселесі бойынша коллаборацияларды талқылады.

Іс-шараның ашылу салтанатында университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров сөз сөйлеп, жас ғалымдар бүгінгі күні қандай мәселелерді зерттеуге назар аударуы керек екендігіне тоқталып өтті.

Басқосу барысында жас ғалымдар ғылыми бағыттағы жаңалықтарымен бөлісіп, өзге де әріптестерімен тәжірибе алмасты. Жиында дарынды балаларды дамыту аспектілері, зерттеу жұмысын жүргізу барысында қажетті онлайн ресурстар, білім беру саласындағы жобалық қызмет, мұғалімдердің тәжірибесіндегі Action Research және Lesson Study рөлі, Бидай және арпа дақылдарын гидропоника әдісімен өсіру, рефлексия ұғымының тіл біліміндегі қолданысы т.б әртүрлі тақырыптарда баяндамалар жасалып, талқыланды.

Солардың бірі Жұбанов университетінің 2 курс студенті Дәулетхан Бақытжан қазақтың ұлттық тағамдарының бірі ірімшік жасаудағы мәйек ұйытқысын қолданудың маңыздылығы туралы айтып, құнды мәліметтермен бөлісті.
«Мәйек ферменті күйіс қайыратын жануарлардың жас төлдерінің ұлтабарынан алынатын күрделі органикалық қосылыс. Сүт нәруызы – казеинінің гидролизі жүреді. Фермент әсерінен белок коагуляцияға ұшырайды. 100 грамм ұйытқы – 3-5 литр сүтті ірітеді. Шыны не керамикалық ыдыста, салқын және құрғақ жерде 2-3 апта сақталады. Қазіргі кезде ірімшік дайындауда қолданылатын мәйек ферменттерінің 5% жануарлардан алынады»,- дейді жас зерттеуші.

Форум жұмысының негізгі ғылыми бағыттары: цифрлық экожүйелер, экология және индустрия 4.0, білім және ғылым саласындағы зерттеулер, филология: ғылыми парадигмалар мен жаңа көзқарастар, әлеуметтік және қоғамдық ғылым және тағы да басқа тақырыптарды қамтыды.

Айта кету керек, бүгінгі NETWORK жас ғалымдардың ғылымның, инновацияның және білімнің өзекті мәселелерін талқылай алатын, өзара тәжірибе алмасатын тиімді коммуникациялық алаңына айналды.