Среда, Декабрь 7, 2022
Басты > Жаңалықтар > Академиялық жазу — ашық білім

Академиялық жазу — ашық білім

Қазіргі уақытта елімізде сапалы білім беру мәселесіне басымдық беріліп отыр, өйткені ХХІ ғасырдың стратегиялық ресурсы адамның алған академиялық білімін сауатты қолдана білуі болып табылады.

Әсіресе, академиялық жазылым жоғары оқу орындарында, студенттік ортада кең қолданылады. Қазақ жастарының шетелдік оқу орындарында білім алуы, білім алушылардың ғылыми жобалар орындауы, студенттер мен магистранттардың күрделі ғылыми зерттеулер жасауы, осының бәрі жазу әрекетінің маңызын жоймағанын, тіпті артып отырғанын көрсетеді.

Бүгін Жұбанов университетінде осы академиялық жазу мәселесін талдауға арналған workshop өткізілді.

Тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Бибігүл Әбенова ғылымға немқұрайлы қарамайтын, болашақта кәсіби маман ретінде қалыптасып шығуы үшін сергектік танытатын кез келген білім алушы академиялық жазу сапасына мән беруі керектігіне тоқталды. Ол академиялық жазу – бұл ғылыми жұмыстардың мазмұндау стилі, өз ойын нақты, түсінікті түрде жеткізе білу деп атап өтті.

Кездесу барысында университеттің білім алушылары ғылыми мақала, ғылыми жоба, курстық жұмыс, диплом жұмысы, магистрлік, докторлық диссертация, тіпті қандай да бір жұмыс туралы сараптамалық талдауларды да сауатты жаза білуі қажет екендігі айтылды.

Оқу шеберханасында ғалымдар Әлібек Аман, Александр Перевезенцев, ізденушілер Ақмарал Айдарова, Айдана Құлманова, Ақниет Тәуірбай және студенттер аннотация, мақала мәтіні, библиографиялық аппарат, эссе жазу тағы басқа ғылыми жұмыстар бойынша практикалық жұмыстар жүргізді.