Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Елдегі тұрақтылық — қоғамдық келісімнің жемісі

Елдегі тұрақтылық — қоғамдық келісімнің жемісі

Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық филиалы жанындағы қоғамдық келісім кеңесі «Жаңа Қазақстан жағдайында қоғамдық келісімді нығайтудың бағыттары» тақырыбында кеңейтілген отырыс өткізді.

Облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен өткен шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы, қалалық және аудандық ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, ҚХА жанындағы қалалық және аудандық қоғамдық келісім кеңестерінің төрағалары қатысты.

Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалы жанындағы 155 қоғамдық келісім кеңесі өңірдегі тұрақтылықты, этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту және сақтау мақсатындағы жұмыстарды үйлестіріп отыр. Бұл туралы «Қоғамдық келісім» мекемесінің сарапшы-маманы Түлкібай Сапаров «Жаңа Қазақстан жағдайында қоғамдық келісімді нығайтудың бағыттары» атты баяндамасында айтты.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында: «Халыққа  көпірме  сөз, бос уәде  емес,  көзбен  көріп  қолмен  ұстауға  болатын  оң  өзгерістер  керек», — деді. Сонымен  қатар  құжатта  ел  Президенті  Жаңа  Қазақстан құру барысында «түрлі  көзқарас,  бірақ  біртұтас  ұлт»  қағидатына  жүгінуді  ұсынды.  Осы  бастамалардың  барлығы  мемлекет пен халықтың  игілігіне,  береке-бірлігіне  қызмет  етуге  тиіс. Жолдауда берілген 10 тапсырманы жүзеге асыру —  Қазақстан халқының ортақ міндеті, — деген Түлкібай Сапаров одан әрі қоғамдық келісім кеңестерінің атқарған жұмыстарына тоқталды. Оның айтуынша, облыс орталығы мен аудандарда қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері кәсіпкерлік бөлімімен бірігіп, азық-түлік бағасының тұрақтылығын назарда ұстап отыр.

ҚХА жанындағы ғылыми-сараптамалық топ төрағасының орынбасары Үмбетқан Сәрсембин аудандарда жүргізілген мониторинг қорытындысын айтты.

— Сараптамалық топ мүшесі ретінде Нұр-Сұлтан қаласындағы зерттеу институттарының ғалымдарымен, облыстық ішкі саясат басқармасымен біріге отырып әлеуметтік зерттеу, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Қоғамның көңіл күйіне ең алдымен әлеуметтік мәселелер әсер етеді. Қалған мәселелер осыдан келіп туындайды. Осыны мұқият зерттеп, оңтайлы нәтижелерге қол жеткізу керек. Ал өңірдегі этносаралық саладағы ахуалды тұрақты деп бағалауға болады, — дейді Ү.Сәрсембин.

Одан соң Темір ауданы әкімінің орынбасары, аудандық қоғамдық келісім кеңесінің басшысы Нұрлыгүл Көшекбаева «Бірлікті арттырудағы қоғамдық келісім кеңесінің рөлі», Мұғалжар аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерік Бұхарбаев «Бірлік пен келісім тарихи мақсатқа жол бастайды», облыстық қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі И.Цыба «Қоғамдық келісім — тұрақтылық кепілі» тақырыбындағы баяндамаларын оқыды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының меңгерушісі Маржан Қорғанбаева отырысты қорытындылап, Ассамблеяның ХХХІ сессиясы 29 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында «Ел бірлігі — жаңарған  Қазақстан тірегі» тақырыбында өтетінін хабарлады.

 

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

/aqtobegazeti.kz/