Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Тарихшы ғалымдар бас қосты

Тарихшы ғалымдар бас қосты

Бүгін Жұбанов университетінде тарихшы ғалымдар бас қосып, саяси билік және қазақ қоғамындағы дін мәселесі жайында талқылады.

Жиынға дін өкілдері, университеттің профессор-оқытушылары мен білім алушылары қатысты.
Ғылыми семинарда ғалымдар мазмұнды баяндамалар жасады. Профессор Бибігүл Абенова «Ресей империясының мұсылмандықты шектеу бағытындағы саясаты» тақырыбына тоқталса, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстандағы діни ахуал туралы баяндады.

Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлмира Купенова ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Ресей империясының этносаясаты төңірегінде кеңінен мағлұмат берді. Тарихшы ғалым Рахым Бекназаров Ырғыз өңірінің тарихындағы Исатай мешіті туралы мәліметтерді тарихи деректер арқылы көрсетті. Тарих ғылымдарының кандидаты Дәулет Абенов Досжан Ишанның діни ағартушылық қызметі жөніндегі ғылыми тұжырымдамасымен бөлісті.

Жиынға қатысқан Ақтөбе облысының бас имамы Серікжан Еншібайұлы Ақтөбе облысынан шыққан діни қайраткерлердің еңбектері жөнінде, қазіргі қоғам мәселелерімен сабақтастығын сөз етті.
Ғалымдар сөз болған мәселелерге қатысты өз көзқарастарын ортаға салып, өткен ғылыми жолдары туралы әңгімеледі.