Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ғылым жолындағы жыл үздіктері марапатталды

Ғылым жолындағы жыл үздіктері марапатталды

Бүгін Жұбанов университетінде  сәуір айының басында бастау алған Ғылым айы қорытындыланды. Салтанатты шарада университетте ғылыми-зерттеу жұмыстарымен белсенді түрде айналысып, өзінің ғылыми позициясын білдіріп жүрген білім алушылар мен профессор-оқытушылар құрамының, кафедра, факультеттердің жұмыстары сарапталып, үздіктер марапатталды.

Атап өтсек, физика кафедрасының қауымдастырылған профессоры Шынар Сағымбаева «Үздік ғалым»,  PhD, металлургия және тау-кен ісі кафедрасының оқытушысы Даурен Есенгалиев «Үздік жас ғалым»,  физика мамандығының 3 курс докторанты Аида Маратова «Үздік PhD докторант», география мамандығының  2 курс магистранты Алтынбек Хамит «Үздік магистрант»,  математикалық және компьютерлік модельдеу мамандығының 4 курс студенті Еркебұлан Ақтөре «Үздік студент» атанды. Сондай-ақ, «Үздік факультет» номинациясына физика-математика факультеті, ал «Үздік кафедраға» «Физика» кафедрасы  лайық деп танылды.

Университеттің Басқарма төрағасы-Ректор Лаура Қарабасова: «Биылғы жылдың ерекшелігі ғылыми шараларға халықаралық деңгейдегі ғалымдарды қостық. Әрине, ғылымға тек бір апта немесе бір ай бойы ден қою ол жеткіліксіз.  Дегенмен біз бір ай бойы ғылымға назар аударту арқылы алдағы уақыттағы шараларды айшықтап отырмыз» ,- деді сөзінде. Ректор соңғы апталарда Халықаралық және Республикалық пәндік олимпиалардан, ғылыми жобалардан жүлделі орындарды иеленіп келіп жатқан студенттеріміздің жетістігі Жұбанов университетінің жылдар бойы сапалық көрсеткішін сақтап келе жатқандығының көрінісі екендігін атап өтті. Лаура Қарабасова елімізде жылдан жылға ғалымдарға қолдау мен құрметтің артып келе жатқандығын тілге тиек етіп, жастарды ғылыммен айналысуға шақырды.

Жиын барысында, сондай-ақ, Халықаралық және Республикалық пәндік олимпиалардан, ғылыми жобалардан жүлделі орын алған командаларға, ғылыми шаралардың өткізілуіне атсалысқан бірқатар оқытушылар мен қызметкерлерге Ректордың Алғыс хаты табыс етілді.