Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > «Ұлттар фестивалінде» студенттер сайысты

«Ұлттар фестивалінде» студенттер сайысты

Қазақстан халқы бірлігі күні қарсаңында өңірдегі студенттік шығармашылық ұжымдар арасында «Ұлттар фестивалі» байқауы өтті. Шараға өңірдегі жоғары оқу орындары мен техникалық кәсіптік білім беру ұйымдарының арасынан іріктеліп шыққан сегіз команда қатысты.

Қатысушылар байқау ере­жесіне сәйкес еліміздегі этнос өкілдерінің мәдениеті мен өнерін, ұлттық ерекшеліктерін, тұрмыс-тіршілігін сахналады. Ерекше сайысқа қатысушылар үшін ереже бір ай бұрын ақ­парат құралдары мен әлеу­меттік желілерде жариялан­ды. Ең бастысы – «Ұлттар фес­­тиваліне» қатысуға тілек біл­дір­ген оқу орындары үшін қай этностың мәдениетін сахналау тәртібі жеребе бойынша таң­далды. Осылайша сайыс кезін­де студенттердің дайын бағ­дар­ламаларды енгізуіне жол берілген жоқ. Екінші ерек­­шелігі, шығармашылық бәсе­кеге өңірдегі кәсіби өнер ұжым­дары қатыстырылған жоқ. «Ұлттар фестиваліне» кел­ген әр студенттік ұжымның бағ­дар­­ламасы әралуан және маз­мұндық жағынан өте бай, бірін-бірі қайталамағандығын атап өткен жөн. Бұл күні әзербай­жан, өзбек, татар, украин, корей және басқа да диаспоралардың әні шырқалып, биі биленді, түрлі қойылымдар көрсетіліп, әр ұлттың киімдерімен шық­қан студенттер сахна төрін жар­қыратып жіберді.

Сайысқа тыңғылықты әзір­ленген ұжымдардың өнері жұрттың есінде қалды. Мәселен, есту және көру қабілеті бұ­зыл­ған балаларға арналған об­лыстық мектеп-интер­нат ұжы­мы татардың «Сабан­тойы­нан» әдемі көрініс дайындады. Бұл жерде оқушылардың қи­мыл-қозғалысы сондай тартым­ды, шырқаған әндері құ­лақ­қа жағымды және сахна төрін­дегі балалардың қимыл-қоз­ға­лыстары да ерекшеленіп тұр­ды. Армян отбасындағы қалың­дыққа құда түсу рәсімін тамаша сахналаған көріністер де көрерменнің есінде қалды. Ар­мян ұлтының салтында кү­йеу жігіттің шешесі босағаға кел­ген қалыңдыққа өз қолымен үзіп нан ұсынады екен.

Конкурс қорытындысы бойынша өзбек мәдениетін сахналаған Ақтөбе техника-технологиялық колледжі, корей ұлтының ұлттық жоралғыларын көрсеткен Қ.Жұбанов атын­дағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік уни­верситеті және «Сабантой» рәсі­мін сахналаған есту жә­не көру қабілеті бұзылған балаларға арналған облыстық мектеп-интернат ұжымдары үздік деп танылды. Оларға Ақтөбе облысының киелі жерлеріне саяхатқа бару жолдамасы тапсырылды.

/egemen.kz/