Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Өрелі өзгерістер бастауы

Өрелі өзгерістер бастауы

Мира БАЛТЫМОВА,

Бас ғылыми хатшы, доцент:

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі — жаңарған Қазақстанның тірегі» тақырыбында өткен XXXI сессиясында елдің саяси жүйесін түбегейлі өзгерту мақсатында Конституцияға енгізілетін толықтыруларды жалпыхалықтық референдумда талқылау туралы ұсыныс білдірді. Мемлекет басшысы осыған  орай: «Біз жаңа мемлекеттік модельге, мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының жаңа форматына көшеміз. Бұл сапалы түрде өзгеруді «Екінші Республика» деп атауға болады. Жұмыс тобы Ата Заңның 33 бабына түзетулер әзірледі. Бұл — тұтас Конституцияның үштен бір бөлігі. Осы өзгерістерді енгізу туралы заң жобасы Конституциялық кеңестің қарауына жіберілді, жақын арада шешімін шығарады», — деді. Еліміздің Конституциялық заңы бойынша Республика Конституциясын, конституциялық заңдарын, басқа да заңдарды қабылдау, оларға өзгертулер мен толықтырулар енгiзу референдум талқысына ұсынылады.

Жалпы алғанда Ата Заңымыздағы 33 бапқа 56 толықтыру енгізу жоспарланып отыр. Бұл өзгертулерде 1995 жылы таратылған Конституциялық сотты қайта құру; президентке саяси партияларға мүше болуға, ал оның жақындары мен туыстарына саяси және квазимемлекеттік секторда лауазымды қызмет атқаруға тыйым салу; парламент жұмысы мен сайлау жүйесін өзгерту мәселелері қамтылған.

Саяси жаңару жолындағы өзгерістерді қабылдауға халқымыздың тікелей қатысуына тарихи мүмкіндік беріліп отыр.

Бұл қоғамымыздың өрелі өзгерістер жолына аяқ басқанын көрсетеді. Ендігі жерде еліміз үшін аса маңызды шешімдерді қабылдауға халқымыз араласып, саяси реформаларды нәтижелі жүргізуге қатысуы керек.

 

/aqtobegazeti.kz/