Пятница, Сентябрь 13, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жер маржаны туралы

Жер маржаны туралы

Ырғыз-Торғай табиғи резерваты РММ құрылғанына биыл 15 жыл толады. Елімізде жойылып бара жатқан ақбөкенді күзету, қорғау және басын көбейту үшін құрылған мекеме бүгінде отандық және шетелдік​ зерттеушілердің назарын аударып отыр. Жер маржаны туралы Ырғыз-Торғай табиғи резерватының құрылу тарихы, атқарып жатқан жұмыстары, бүгінгі тынысы жайында Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты РММ Ғылыми-ақпараттық және мониторинг бөлімінің басшысы Әсет Сәскебай әңгімелейді.
Сұқбат алған Гүлнара Қараша.

-Ырғыз-Торғай» мемлекеттік табиғи резерватының негізі 1986 жылы халықаралық маңызы бар республикалық дәрежедегі кіші қорық жасақталудан басталыпты. Өзіңіз айтып отырсыз, биыл бұл республикалық мемлекеттік мекеменің құрылғанына 15 жыл толады деп. Осы уақыт ішінде резерватта бір кездегі кіші қорықты қалпына келтіру мен ауқымын өсіру үшін қандай жұмыстар жүзеге асты? Ең маңыздыларына тоқталсаңыз.

-Дұрыс еске салдыңыз. Бұл сонау 1967 жылы Кеңес заманында құрылған мекеме. Ол кезде Ырғыз-Торғай кіші аң-құс қорығы деп аталған. 1976 жылы дүниежүзілік маңызы бар​ сулы-батпақты өлке ретінде​ Ырғыз-Торғай көлдері жүйесі Рамсар конвенциясы тізіміне енгізілген екен. Өйткені мұнда жылына 2-3 млн. құс Шығыс Сібірге, Батыс Еуропаға, оңтүстік өлкелерге, Иранға, Индия мен Пәкістанға осы өлке арқылы ұшып өтеді, уақытша аялдайды. Мекеме​ 1986 жылы Торғай мемлекеттік табиғи зоологиялық аумағы болып қайта ұйымдастырылды. Жер көлемі 348 мың га.болды. Зоологиялық аумақ​ бұл жерде мыңдаған құстар және сүт қоректілердің көптеген түрлері кездесетін болғасын, ерекше қорғауға алу мақсатында қүрылған. Егер әлемде​ 8600 құс болатын болса, соның 250 түрі осы аумақта кездеседі. 2007 жылы резерват құрылды.​ Ол Торғай зоологиялық аумағымен шектеседі. Резерваттың​ негізгі міндеті бетпақдала таралымындағы саны азайып бара жатқан ақбөкендерді қорғау, сонымен қатар дүниежүзілік орнитологиялық маңызы бар сулы-батпақты өлкенің дала экожүйесін, биологиялық алуантүрлілігін сақтау, қорғау, көбейту болып табылады.

Ырғыз-Торғай табиғи резерваты қорғалатын табиғи аумақ көлемі жөнінен​ еліміздегі резерваттар арасында ғана емес, әлем бойынша да алдыңғы қатарда. Бұл мекемеде жұмыс жасау үшін кең тәжірибе керек сияқты меніңше. Кәсіби дағдысы жоғары болуы да қажет. Резерват қызметкерлері кімдер, жергілікті тұрғындардан құралған ба, әлде арнайы шақыртылған мамандар ма?

-Жалпы айтқанда жаңадан мекеме құру оңай шаруа емес. Мекеменің алғашқы директоры Сарсенбаев Нұрқасым ағамыздың еңбегі зор. Жалпы территорияның аумағын сызу, картаға түсіру, мамандармен қамту, т.б. шаруалары көп болған. Кедергілер де болған. Мұндай мекемеде жұмыс жасау​ үлкен біліктілікті, шыдамдылықты, білімділікті талап етеді. Біздер​ кешенді мониторинг жүргіземіз, есеп жүргіземіз, Мұндағы қызметкерлердің бәрі аудан тұрғындары, еліміздегі түрлі жоғары оқу орнын бітірген мамандар. Ихтиолог, аң шаруашылығы маманы, биология, экология саласының, орман шаруашылығы саласының мамандары жұмыс жасайды.
Ырғыз-Торғай резерваты құрылғанға дейін негізінен Торғай зоологиялық аумағы штаттық кестемен, өзінің мемлекеттік​ инспекторларымен жұмыс жасап келді. Онда көп адам болған жоқ.​ Бекітілген инспекторлары болды. Олар тек қорғау, күзету жұмыстарымен ғана айналысты, яғни аң-құсты қорғап, соны бақылап отырды. Резерват құрылғаннан кейін жалпы қорықтың жерін, жоғарыда көрсеттік қой, 348 мың гектардан 296 гектарға азайтып, қалған артық жері резерваттың аумағына қосылып кетті. Резерват құрылған кездегі жер көлемі 763 549 га. болатын. 2016 жылы 409 962 га. жер қосылды, ұлғайтылу болды, резерват аумағы қазір 1млн.173 511 га. жерді алып жатыр. Бұл​ өте үлкен аумақ. Қазақстан бойынша ең ірі​ ерекше қорғалатын аумақ десе болады. Қорықпен қосқанда жер көлемі 1 млн.469 511 га.​ құрайды. Швейцария сияқты бір мемлекеттің көлемімен бірдей деуге болады.​

Резерваттың​ жұмысына қажетті қандай қазіргі заманғы қондырғылармен жұмыс жасайсыздар, мекеме алып жатқан аймақ өте үлкен, оны бақылап отырудың өзі де оңай емес.

— Резерваттың жұмысына қажетті далалық іс сапарға шыққанда мониторинг жүргізу үшін қолымызда GPS құралы болады, ол белгілі бір түрдің координатасын анықтау үшін,​ Smartмобильді қондырғыны қолға ұстап жүреміз, оған барлық деректер салынған.​ Қашықтықтағы аң не құсты бақылау үшін көпсалалы дүрбі пайдаланамыз. Осындай қазіргі заманғы құрылғылармен жұмыс жасаймыз. Әрине, сонымен қатар бейне және фотокамералармен қамтамасыз етілгенбіз. Ал мекеме ғимаратындағы лабораторияның өз жабдықтары болады, таразы, микроскоп сияқты.

Жер бетінде жойылып кету қаупі бар жануардың бірі — ақбөкендердің мекендеу ортасы мен миграциялық жолы Ырғыз-Торғай резерваты аумағы. Соңғы жылдары киік санының өсуіне резерваттағы нәтижелі жұмыстың әсері болды деген деректер келтіріледі. Қалай қол жетті, айтып берсеңіз.

-Ақ бөкендерді қорғау, күзету, оның санын көбейту резерваттың 15 жыл бойы атқарып келе жатқан жұмысының сипаттамасы. Қазақстанда киік саны бүгінде миллионға жетті. Ал​ резерват бойынша ол алғаш құрылғанда 7 мың киік болса, соңғы есеп бойынша 110 мың басқа жетті. Бұл жақсы нәтиже. 2015 жылы белгісіз дерттен киіктердің жаппай қырылғаны есіңізде болар. Сол кезде біз де зардап шектік. 6900 басқа азайып қалдық.

Ғылыми жұмыстар резерват қызметінің басты бір арнасы. Арнайы ғылыми-ақпараттық және мониторинг бөлімі бар екен. Өзіңіз жетекшілік етесіз. Қандай ғылыми мекемелермен, ғалымдармен бірлесе еңбектеніп жатырсыздар?Далалық ғылыми жұмыстардың өз ерекшелігі бар, қиындығы, қызығы. Осы туралы да айтып берсеңіз.

— Резерваттағы ғылыми зерттеу жұмыстары отандық, шетелдік ғалымдармен бірлесе жүргізіледі. Резерват аумағында құпиясы ашылмаған аң-құстардың, өсімдіктердің түрі көп. Жалпы зерттеуге қызығатын маманға есігіміз ашық. Тұрақты түрде жұмыс жасайтын Қазақстан биоаулантүрлілікті сақтау ассоциациясы(ҚБСА). Жұмыстың бағыты ақбөкенге байланысты. Авиасанақ жүргізу, төлдеу кезіндегі бақылау жұмыстарымен шұғылданады, шетелдік мамандарды алып келеді.
2016 жылдан бері неміс маманы Штеффен Цутер келіп жұмыс жасап жүр. Және Ұлыбритания корольдігінің ветеринария колледжінің профессоры Роберт Кок жыл сайын келеді.
Еліміздің жоғары оқу орындарының көбімен​ байланыстамыз.​ Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік​ университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университет, Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты.т.б.
Өзім Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік​ университетінің «Биология» мамандығын бітірдім.
Ырғыз-Торғай резерватында біздің бөлімнен басқа табиғи кешенді қорғау бөлімі, экологиялық ағарту және туризм бөлімі, сонымен қатар, өсімдіктер мен жануарларды қалпына келтіру бөлімі бар.
Біздің бөлімнің негізгі жұмысы далалық сапарда тек қана ақбөкендермен емес, осы қорғау территориясындағы қандай да бір жан-жануар болсын, құс, өзен-көлдер, балық, өсімдік, барлығына кешенді зерттеу жұмыстарын жасаймыз. Далалық іс-сапарда түрлі қиыншылықтар кездеседі.​ Ақ бөкендерге жыл сайын сәуір айында авиасанақ өтеді,​ мамыр айында төлдеу орындарында мониторинг жұмыстары жүргізіледі. Күзде​ киіктердің күзгі шоғырлануына байланысты есеп жүреді. Желтоқсан айында киіктердің күйікке түсу маусымында, текелер санын анықтау бойынша есеп жүргізіледі. Көбіне қиыншылық ауа-райына байланысты​ туындайды,​ далалықта қатты жаңбыр жауып, балшыққа батып, бір-екі күн жатқан кездеріміз болды.

Ғылыми байланыс орнатылған жоғары оқу орны қатарында​ Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетін де атап кеттіңіз. Қандай жобалар жүзеге асып жатыр?

-Бұл өңірдегі ең ірі ЖОО. Өзімнің академиялық білім алған қадірлі ордам. Университеттің жаратылыстану факультетінің «Биология» кафедрасымен жақсы байланыстамыз. Көбіне өсімдік саласына қатысты. Сонымен қатар факультет деканы Мұрат Махамбетовтің жетекшілігімен «Ақтөбе-ақбөкендер мекені» жобасы екінші жыл жалғасып жатыр. Бұл жоба үлкен жұмысты қажет ететін жоба. Сондықтан нәтижесі алда. Университеттен студенттер келіп практикадан өтеді. Болашақ биолог және эколог мамандар. Сондай-ақ университетте «Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватының кабинеті болса, резерватта университет ғалымдарының кабинеті болса тәжірибе алмасу, бірге зерттеу жұмыстары жаңа деңгейге көтерілер еді деп ойлаймын.

Ұшы-қиыры жоқ кең даланың адам аяғы баспаған жеріне тұңғыш табан қою бақыты бұйырған жанның бірі екенсіз. Бақыт қой. Сондай сәттерде қандай сезімде боласыз? Мысалы, зерттеу жұмыстары уақытында бұрын-соңды көрмеген, білмеген өсімдікті, құсты не жануарды көргенде де.

-Бұл қызметке кіріскеніме 5 жылға жуықтапты. Негізгі міндетім ақбөкендерді бақылау. Сұлу жануар, талай ақынның өлеңіне тақырып болған.​ Жұмыстарымыздың әр кезеңі мен үшін ерекше әсерге толы. Әсіресе құстардың түр-түрін қызықтау қызық. Бізде 250-ге жуық құс түрі бар. Қоқиқазды бірінші рет көріп, фотоға түсірдім. Одан басқа қаз-үйректің неше түрі кездеседі, сүңгуір, шүрегей, толып жатыр. Жыртқыш құстардың аң аулағанын бақылау қызық. Бүркіт, дала қыраны, қара құс. Өсімдіктің түр-түрін қолмен ұстау керемет. Бұрын соңды көрмегенін зерттеу жұмысы да елітіп әкетеді. Ақпарат іздейміз, ғалымдармен байланысамыз. Резерват аумағында кездесетін аң-құстың, өсімдіктің түрін анықтау әлі толық аяқталмаған. Сол ауқымды жұмысты тиянақты қолға алу керек. Мысалы, өсімдіктен қызғалдақты алсам, резерват аумағында оның Қазақстанның Қызыл кітабына енген 4 түрі өседі. Леман, қос гүлді, Биберштейн және жатаған қызғалдағы. Тағы бір түрін көріп қалдық. Бірақ оны зерттеп, анықтау керек. Ақтөбе өңіріндегі қызғалдақтар толық зерттеуді қажет етеді. Қанша түрі бар, қай жерлерде өседі деген қарапайым сұрақтар әзірге жауапсыз. Нақты жауап жоқ. Осы да мені қызықтырады. Зерттеушілер табылса, бірлесіп жұмыс жасауға​ дайынбыз.
Енді жұмысымның романтикалық тұсын айтсам, әрине қиырына көз жетпес далалықта жұмыс істеп, адам аяғы баспаған жерде жүру ғанибет көңіл-күй береді. Табиғат ғажаптары көп. Теңіздің орнын дәлелдейтін қабыршақтар, шашылып жатқан тастар, сор бәрі қызық.