Пятница, Март 29, 2024
Басты > Ел жаңалықтары > Бірыңғай тестілеудегі жаңалық

Бірыңғай тестілеудегі жаңалық

Биыл өтетін негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуге құжат қабылдау басталды. Бұл – маңызды тестілеу. Өйткені соның нәтижесі бойынша талапкер мемлекеттік білім грантын иелене алады. Биылғы ҰБТ-ның жаңалығы – талапкер тегін оқуға мүмкіндік беретін басты тестілеуді екі рет тапсыра алады. Соған сай талаптар да күшейтілген. Бұл туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте айтылды.

Баспасөз конференциясында сөз алған Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев:

– 2022 жылғы негізгі ҰБТ-ға 130 мыңнан аса адам тіркелді. Өтініштер 14 мамырға дейін қабылданды. Тесті­леу­дің өзі 16 мамыр мен 5 шілде аралығында өтеді. ҰБТ-ға қатысу үшін http://app.testcenter.kz сайтында өтініш беруге болады. Сондай-ақ талапкерлер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, үздік нәтижемен гранттарды тағайындау конкурсы­на қатыса алады. Бұл – биылғы тес­ті­леудің ең маңызды жаңалығы. Пән­дердің саны өзгеріссіз қалады: үш міндетті және екі таңдау. Тест тап­сыр­маларының саны – 120. Оның ішінде Қазақстан тарихынан – 15, математикалық сауаттылықтан – 15, оқу сауаттылығынан – 20 және екі бейіндік пәннен – 35. Ең жоғарғы ұпай саны – 140. Тестілеудің жалпы уақыты – 4 сағат (240 минут). Ал тағы бір өзгеріске келсек, биыл талапкер бірінші тестілеуде таңдаған пәнін екінші ҰБТ-да ауыстыруға болмайды. Осы жылғы тестілеудің тағы бір ерекшелігі – егер бірінші тестілеу кезінде ереже бұзылса, онда екінші рет тапсыра алмайды. Ал егер екінші тестілеу кезінде ережелер бұзылса, онда бірінші және екінші сынақтың нәтижелері жойылады, – деді.

Департамент директорының айтуынша, шекті балл бойынша қатты өзгеріс жоқ, тек құқық бағытында жоғары білім алуға өту көрсеткіші 75 балға артты. Ерекше білім алуды қажет ететін балаларға тестілеуде қосымша 40 минут беріледі. Сонымен қатар олардың қабілеті мен ерекшелігіне, мүмкіндіктеріне қарай тестілеудің сапасы да, құрылымы да өзгерді. Академиялық адалдықты сақтау үшін талапкерлердің тест нұсқасы таңбаланады, яғни әрбір қатысушының жеке тест нұсқасы болады. Талапкерлер ережелерді бұзған және аудиториядан тыс жерлерге тест тапсырмаларын шығаруға әрекет жасаған жағдайда олардың нәтижелері жойылады. Ақпараттық қауіпсіздік мақсатында тестілеу бұ­рын 1 камера арқылы өткізіліп келген болса, биылдан бастап «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидатымен жүргізіледі.

 

/egemen.kz/