Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Шәкірттерімнің бәрі есімде

Шәкірттерімнің бәрі есімде

Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жоғарғы мектеп қызметкері, Қазақстан Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары Академиясының академигі, Zhubanov University «Қолданбалы математика және информатика» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, физика — математика ғылымдарының докторы, профессор Сартабанов Жайшылық Алмағанбетұлы 80 жасқа жетті. Мерейтой қарсаңында өмірі жайлы, өмірін арнаған математика ғылымы жайлы,​ қазақ ғылымының бүгінгі ахуалына көңіл-күйі жайлы, үзеңгілес және жас әріптестері жайлы, бағыт-бағдар көрсетіп, тәрбиелеген шәкірттері жайлы әсерлі әңгімесін тыңдадым. Жан сарайым кеңіп, ойым өрістеді. Математикаға ғашық боп қалдым. Жақсы адамның таза энергетикасынан қуат алдым. Сұқбатын бірге оқиық.

Сізді алдағы мерейлі жасыңызбен құттықтап қояйын. Қуатты болыңыз. Осы уақытқа дейін жүріп өткен өмір жолыңызға ризасыз ба?
Өскен ортаңыз жайлы да естелік айта отырсаңыз.

-Құттықтауыңызға үлкен рақмет! Өткен өмір жолыма ризамын. Өмірімде асықпай жүріп, анық басуға тырыстым. Айтарлықтай опынарлық жағдай болған жоқ.
Өскен ортам жайлы айтар болсам, балалық шағым соғыс кезіне, сосын соғыс зардабын жою кезеңіне сәйкес келді. Тапшылық заман болды. Қиындықты «көппен көрген ұлы той» дегендей жағдайда көтердік.
Мектептік ортам екеу: бірі — бұрынғы Дамбар ауылдық жеті жылдық, қазіргі Т.Шанов атындағы орта мектеп, екіншісі —
№1 Шалқар қалалық қазақ орта мектебі. Ауыл интернатындағы және қалалық пансионда жатып оқыған кездерім ерте есейткендей болды. Қауымдық өмірдің ерекшелігі осындай.
Студенттік ортам ҚазМУ-дің механика-математика факультеті, жатақханалық тұрмыс, студенттік еңбектік айлар: мақта теру, ауылшаруашылығында малға азық дайындау және құрылыс отрядындағы өндірістік жұмыстар. Осылар оқу-білім-ғылыми ізденістерімізді және жастық өмірімізді мазмұндырақ етіп жібергендей. Қауымдық қатынастардың орны бөлек екенін тағы қайталайын.
Қызметтік ортам — жалғыз. Ол — Ақтөбе педагогикалық институты, оның мұрагері Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенттер-профессор-оқытушылар ортасы. Университеттің оқу-тәрбие-ғылыми өсуіне үздіксіз 56 жыл еңбек сіңірдім, университетім мені қарапайым оқытушылықтан ғылым докторы — профессорлық дәрежеге көтерді. 20 жылдай кафедра меңгердім, 20 жылдай факультет басқардым, математикалық ғылыми орталықты басқардым, ректорға кеңесші болдым. Университет көлеміндегі марапаттауларды түгел алдым десем де болғандай.
Еңбектік жолым тұрмыстық өміріммен үйлесімді болды.

Алдыңыздан талай шәкірт өтті. Қай шәкіртіңіз есте қалды? Тағдырынан хабардарсыз ба?

— Шәкірттердің саны жағынан факультет көлемінде 52 рет түлектер ұшырып, 15-20 мың маман дайындауға ат салыстым деп есептеймін. Сабақ үлгеріміне байланысты талай алғыр, қабілетті, есеп шығарғыш шәкірттерім де алдымнан өтті. Шәкірттерімнің бәрі есімде.
Ұстаз ретінде алды республикамызға, қалды облысымызға белгілі факультет түлектері — ел азаматтары Сағындық Елеусін, Шаңғұтов Серік, Садықов Жалғас, тағы басқа азаматтарды атап, олардың абырой-даңқы арқылы өзімді көтеруіме болады, мақтануыма болады.
Ғалым ретінде Түркияда қызмет етіп жүрген, менен дәріс алған шәкірттерімнің бірі, ғылым докторы Ахметов Маратты айтып мақтанамын. Ел ішіндегі шәкіртім, университетімізді 27 жыл басқарған ғылым докторы, академик Кенжебаев Кенжеғалимен мақтанамын.
Өзімнің ғылыми жетекшілігіммен төл шәкірттерім атанған ғылым докторы Бержанов А.Б., ғылым кандидаттары Бекбауова А.У., Кулик А.И., Мухамбетова А.А., Кульжумиева А.А., Курмангалиев Е.К., Алеуова З.Ж., Алимагамбетова А.З. және Ph.D докторы Омарова Б.Ж., диссертацияларын қорғауға дайындап жатқан шәкірттерім Жұмағазиев Ә.К., Айтенова Г.М., Убаева Ж.К. және басқа шәкірттерімді қуана алға тартамын.
Осылайша ұстаз ретінде де, ғалым ретінде де тұл емес екенімді еске алып, қуаттанамын.

Математиканың қатысынсыз нәрсе аз. Өзіңіз де күнделікті тұрмыста математикалық шешімдерге жиі сүйенетін боларсыз?

— Дұрыс айттыңыз, математика қатыспайтын дүние жоқ. Себебі, дүние өзінің кеңістіктегі мөлшері және уақытпен қозғалысы арқылы анықталады. Демек, дене формалық және қозғалыстық шамалар арқылы сипатталады,
ал математика денені шамалық қасиеттерімен танудың әдістерін жасақтаумен айналысады. Сондықтан қоғамдық дүние өзгергенмен математика ғылымы өз функциясын өзгертпейді, тек нашар қоғам ғана оған көңіл бөлмей, математиканы ренжітуі мүмкін.
Адам — дүниенің жеке мысалы. Күнде өз қызметіңді қалыпты күйде атқарып, шаршамай, ауырмай жүрсең, онда сен математикалық тепе-теңдікте жүргенің. Егер артық қимылдап, шаршасаң, не етті көп жеп ауырып отырсаң, онда математикалық тепе-теңдіктен ауытқығаның. Демек, сен математиканың қадағалауындасың, одан қашып құтыла алмайсың. Ендеше, күнделікті тұрмыста есеппен жүріп, есеппен басуың керек, басқаша баппен жүріп, аяғыңды анық басуың керек.
Аңдап қарасаң бір күнгі тұрмысың басқа күнгі тұрмысыңа ұқсас, айырмашылығы жоқтың қасы. Бұл тұрмысыңның математикалық периодының ритмге бағынатынын көрсетеді, басқаша, бұл — дүние дөңгелектің кіші көрінісі.
Сондықтан табиғаттың бөлшегі — адам ретінде математикалық шешімге сүйенбеймін деп айта алмаймын. Қарапайым мысал: машинаммен университетке бармақшы болсам, әуелі қандай көшелермен жүретінімді анықтап, сол траекторияммен межелі жеріме жетемін. Бұл да математикалық шешімнің мысалы.
Дүкенге барғым келсе, алдымен теңгемнің шамасына қараймын.
Бастығыңа шаруамен бармақшы болсаң, ол кісіні қанша рет ренжітіп алғаныңды, қанша рет ол сүйінетіндей іс істеп едің, соны санайсың да, мөлшерін анықтайсың. Сосын оған бұл жолы бару-бармауды шешесің. Бұған қалайша математиканың қатысы жоқ деп айта аласың?!
Математикалық қатыстар тұрмыста да, ғылымда да, қоғамдық және техникалық прогрестің де негізгі сипаттаушылары.

Кей отбасында мамандық таңдауда ұрпақтар үндестігі сақталады. Сіздің шаңырағыңызда да осы үрдіс бар сияқты.

— Әулетімізде өзімді екінші буын ұстазбын деп есептеймін. Себебі, әкемнің туған інісі мұғалім болды, соғыс ардагері еді.
Мамандық бойынша тұқымқуалаушылық жалғасса, ол жақсы болар еді. Математикадан мектеп көлемінде, жоғары оқу орны деңгейінде үлгерімі көзге түсіп жүрген фамилиялас туысқандар ішіндегі, жиендер арасындағы ағайындар баршылық. Бәрі де маған сізден жұққан деп жатады. Оған қуанамын. Кейбіреулеріне мектепке барарда батамды бергенім де бар.
Қазір жастар IT технологиясы мамандығын тәуір көреді. Мектепті жақсы бітіріп, көбі сол мамандыққа кетіп жатыр. Өзімнің немеремнің үлкені — Самғатым да Алматыдағы физика-математика мектебінен кейін, осы мамандықты таңдады. Халықаралық IT технологиялар университетінде студент. Математика оның хоббиі тәрізді, каникул кездерінде кейбір жастарға математикадан консультация беріп жүр. Түбінде математиканың IT-мен айналысады деп үміттенемін.
Туған жиен-немерем​ Даянам Ресейдің Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясының бірінші курсында, озық студенттер қатарында.​ Мектепті Қызыл аттестатпен бітірген. Демек, математикаға да бөтен болмағаны.
Жоғарыда айтқан ағамның немересі Сартабанова Жанар IT мамандығы бойынша Ph.D докторы. Ғылыми жетекшісі Болгария ғалымы. Жанар осы университетте қызметкер.
Сабақтастық — үзіліссіз өмір заңы.

Математиканың ғылымдағы орны қашанда зор болған. Қазір қалай деп айтар едіңіз?

— Математика — бар ғылымның негізі. Математика грекше таным сөзін білдіреді. Ғылымды классификациялағанда​ 1) математика, 2) жаратылыстық ғылымдар, 3) гуманитарлық ғылымдар болып үшке бөлінеді. Жаратылыс ғылымдары математикалық әдістерді жиі қолданатын болған соң оны жаратылыс ғылымдарына қосып жібереді. Олардың ішінде​ физика — грекше табиғат деген сөз, дүниенің жалпы қасиеттерін зерттейтін ғылым саласы. Қолданатын әдістері — математикалық тәсілдер. Осыдан физ-мат деген сөз тіркесі шыққан. Альхимия сөзі латынша заттың құрамы деген мағынаны білдіреді. Оның үлкен бір саласы физикалық химия деп аталынады және оның да қолданатын әдістері физикалық заңдылықтар мен математикалық тәсілдер.
Сондай-ақ, зоология сөзі — гректің жануар туралы ілім сөзін білдіреді, ал биология — өмір ілімі деген сөз. Қазір био-өмір сөзінен басталатын биосфера, биокатализатор деген сияқты ғылым салалары өте көп. Соңғы кезде биологиялық математика деп аталынатын ғылым саласы қатты өрістеуде.
Осыдан ұлы ғалымдардың «Математика — табиғаттанудың тілі» деген қанатты сөзі шыққанын көреміз.
Уақыт өткен сайын табиғат өзгереді, оған сәйкес оның тілі математика да құбылады.​ Осыдан заманауи математикалық әдістер пайда болады. Оларды ашу — қазіргі математик-ғалымдардың міндеті.
Жақсы үкіметті Жаңа Қазақстан математикалық ғылымды қамқорлыққа алуы тиіс. Жетекші елдердің мықты оқу орындарының филиалдарын ашумен қатар математикадан монографиялық еңбектер жазуға, математикалық әдебиеттерді қазақша дайындауға қаржы мол бөлуі тиіс. Қазақ ғалым қаламгерлеріне көтеріңкі көңіл бөлуі керек. Талантты​ әл-Фараби ұрпақтары баршылық. Шетел ғалымдарымен ұлттық ғылымды дамытамын деген негізсіз бос қағида. Ол шетел ғылымын дамытуға ғана қамқорлық. Ұлттың ғылымын ұлт ұрпақтары ғана дамытады. Соларға көңіл бөлінуі керек.
Қазір ЖОО орындарында​ математика ғылымы — математиканы сүйетіндердің хоббиі тәрізді жағдайда. Математиканың дамуы республиканың барлық қалаларында қатар өрістеуі керек. Гормониялық дамуды қалыптастыру керек. Ол үшін ғылымдағы монополизмнен, жершілдіктен құтылу әрекеттерін қарастыру қажет.
Қазір республикалық ғылыми журналдарда жарияланған ғылыми нәтижелер ғылым санатына жатпайтын жағдайда. Шетелдің жақсы журналына ақша төлеп, жүдеулеу мақаламен бедел жинаушылар көбеюде. Ел журналдары – магистранттар журналдарына айналды. Беделді ғылыми баспа жоқ.
Математикада теориялық сала алда жүруі қажет. Бұл іргелі ғылымның ерекшелігі. Орынсыз қолданбалылық талап ету, ғылымның қаржы табу мәселесін қою біздің еліміз үшін ертелеу деген ойлар келеді.
Министрлік жанынан ғылымды жоспарлайтын, нәтижелерді бағалайтын, қадағалайтын, тақырыптарды координациялайтын, ғылымға ұлттық мүдде тұрғысынан қарайтын басқару институты жетпей тұрғанын сезінеміз.
Шетелдік ғалымдар қазақстандық ғылыми баспаларға сілтеме жасап, жүгінетіндей жағдайға жетуіміз керек деген мәселе неге қойылмайды?
Жақсы ғылыми нәтижелерді шетел баспасынан шығару – байлардың ақшаларын шетелдік банкке салғанмен тең. Неге шетелдік мықты ғалымдар өз нәтижелерін қазақ баспаларына бермейді? Неге бізді, ғалымдарды, шетел баспасынан шығаруың керек деп қинайды? Қазіргі ғылымға қойылған талаптар біржақты. Неге алдымен біздің жақсымызды ақша арқылы​ шетел айтуы керек? Алдымен біз өз жақсымызды өзіміз жақсы деуіміз керек. Өзінің базасын өзі білмеу, ол жоқпен бірдей! Осындай сұрақтар алаңдатады.

Көп жылғы еңбегіңіздің нақты жемісі неден көрінді? Сартабанов мектебі қалыптасты ма? Бір пікіріңізде «Ғылым жақындастырады» деген екенсіз. Бұл математика саласына тікелей қатысты сияқты. Себебі бір мақсатқа ұйысып еңбек етіп жатқан математиктерді жиі байқаймыз. Тіпті шетелдік әріптестерімен де.

— Ғылыми мектеп құру үшін 1) ғылымға баулыған шәкіртің өзіңмен бірге зерттеу жұмысын жалғастыруы керек, 2) айлығы тұрмыс талабына сай болуы керек, 3) ғылымы маман абыройын көтеруге ықпалды болуы қажет. Бұл үш талапты қанағаттандыратындай етіп шәкірттеріңді бір уыста ұстау​ қазір ғалым үшін қиын шаруа.​ Ол жағынан келгенде, ғылыми мектебім бар деген сөзді қинала айтамын. Бар дейтінім, қазір 3-4 докторантыммен зерттеу жүргізіп жүрмін, ғалым үшін олар бір ұжым, ғылыми мектеп. Ал, қинала, күдіктене айтуым өзім дайындаған он шақты шәкіртім тіршілік қамымен әр​ мекемеде, әртүрлі қызметте жүр. Оларың адами жақындығы маған бар да, зерттеу жүргізудегі жақындығы ала-құла. Егер оларды қоссам ғылыми мектебім бар деп айта аламын. Көп шәкірттің ішінде ғылымда сүйеніш бола алатын, кемі біреуі болса, онда мектептің келешегінен үміттенуге болады. Сонда ғана ғылыми мектебім қалыптасты деп сеніммен айта аламын. Ондай шәкірттерім жоқ емес.
Құрған ғылыми мектебім, ғылыми дәрежелі шәкірттерім,​ жарияланған монографиялық еңбектерім мен көп сан мақалаларым – тынымсыз еңбегімнің жемісі.
Қазір докторанттарымды МГУ-де көп жыл профессорлық қызмет атқарған ресейлік ғалым Сұлтанаев Талғат Яудатович​ (Уфадан), қырғызстандық ғалым Керимбеков Ақылбек Керимбекович​ (Бішкектен) және тәжікстандық ғалым, академик​ Раджабов Нусраттың (Душанбеден) шетелдік консультанттығымен дайындаудамын. Кездесіп, хабарласқан кездерімізде ағайынды адамдай жылы шырай білдіріп жатамыз. Ортақ мақсат, ғылыми ағайындылық шетелдік әріптестеріммен​ осылайша жақындастыруда.​ Ғылыми серіктестік – ұзақ қалыптасатын құбылыс. Университетіміз осындай ғылыми байланысты үзіп алмауы керек.

Сіз жетекшілік ететін «Қолданбалы математика және информатика ғылыми зерттеу орталығы» жұмысына да 12 жыл толыпты.​ Көп жетістіктер осы жерде туған болар?

-Оқу ордамыздың қолданбалы математика және информатика​ ғылымы зерттеу орталығы менің жетекшілігімде. Орталық дифференциалдық теңдеулер теориясының әртүрлі бағыттарын қамтуда.
Университеттің осы көпсалалы математикалық зерттеулері кафедрада және осы орталықта жүріп жатыр деп есептелінеді. Зерттеулер менің бағытымнан басқа, 1) Түркияның Анкара университетінің профессоры М.У. Ахметов –М.А.Тілеубергенова ізденіс бағытында, 2) Украинаның ғалымдары​ А.Н.Станжицкий​ және А.А.Бойчукпен бірігіп зерттеулер жүргізіп жүрген профессор А.Т.Асанованың ғылыми бағыттары бойынша, сонымен қатар, 3) Тәжікстан ғалымы Н.Раджабовпен зерттеулес профессор Ж.Н.Тасмағамбетовтың және 4) Башқұртстан ғалымы М.А.Рамазановпен серіктес Ж.Қайдасовтың ғылыми бағыттарымен жүргізілуде.
Осы ғалымдардың атсалысуымен, менің төрағалығыммен математикадан докторлық диссертация қорғау кеңесі толыққанды жұмыстар атқарды. Соның арқасында, университеттің соңғы жылдары 4 жас оқытушылары Ph.D докторы дәрежесін алды. Монографиялық еңбектер шығарылып жатыр. Осының бәрі зерттеу орталығының көпжылдық еңбектерінің жемісі. Ғалымдардың математика ғылымына қосқан үлестері кафедраның есептік құжаттарында келтірілген. Оның ішінде математиканың нейрондық жүйеге қолданысы жөніндегі университетіміздің түлегі, менің жетекшілігіммен дипломдық жұмысын дайындаған М.У.Ахметовтың бағытын ерекше атағым келеді. Мұндай текті зерттеулер республикамызда бұрын болған жоқ, әлемде де сирек кездесетін нәтижелер.

Тарихта математиктер арасынан шығармашылық тұлғалар шыққан. Мысалы, ақындар. Сіздің бойыңызда қандай өнер бар?

-Жалпы, мен өзімді жалғыз талғамды адамға жатқызамын. Ғылымда математиканы, оның ішінде дифференциалдық теңдеулердің көппериодты шешімдері мәселелері – менің жалғыз сүйерім. Оған опасыздық жасай алмаймын. Ақтөбе университеті (бұрынғы пединститут) – басқа институтқа бармай, әрең сұранып келген оқу орным. Оған опасыздық жасап, қызметке қызығып, басқа жаққа ауыспадым, оны университетіме қиянат деп білдім. Сол сияқты, сүйікті ғылымыма да мен тараптан опасыздық болмақ емес.
Дегенмен, дүние мен үшін таңғажайып құпия, ол қайдан, қалай пайда болған? Бұл сұрақ бала кезімнен ойымда бар. Ата-анам мен әжемнің айтулары бойынша оны бір Алла жасаған. Кейін, Құдай жоқ деген ілімге тап болдық. Одан, ойым баяғы орнына қайтып келді. Осыдан адам өмірінің, тіршіліктің бастауын білейін деп тарихтан іздеп көрдім. Онымнан да ештеңе шықпады. Дегенмен, реті келсе, тарихты аралау – менің үйреншікті әдетіме айналды, хоббиіме ұқсас. Көп кейін, дін тыйымы басылған соң, Ибрахим дінінің тарихына да көңіл бөлдім. Ұлт тарихы, шынайы ру шежіресі, жүздік басқару жүйесі, алты алаш ұғымымен туысқандық жүйелердің қалыптасуы, шамамен Жошы ұлысы заманынан бері қарай тарқатыла жазылса деп армандаймын. Қазақ тарихшыларында мұны жазатын тарихшы жоқ-ау деп ойлаймын.
Ислам дінінің тарихымен танысып, екінші таңғажайып құпия — Құран Кәрім тұжырымдарының ақиқаттығына тап болдым. Қасиетті бұл кітап, математика сияқты, аксиоматикалық формада жазылған. Ислам дініне Гетенің берген бағасы да — ғажап дүние.
Сөйтіп, демалыста, қол боста айналысатын әуестенушілігім тарихи таңғажайып мәселелер болып табылады.
Әуестену нәтижесінде 2017 жылы Шалқардың «Шежірелі өлке» газетіне «Әз бен Сұңқар» атты көлемі 40 беттік тарихнамалық эссе жарияладым. Әңгіме Әз-Тәуке хан мен адамның сұңқары аталған Тілеу батырдың достық қатынасы, Тілеудің Сайрамдағы қалмақтармен соғысы жайлы түзілген.
Ата-анам жайында, әуестенушілігімнің екінші бір түрі өзім туралы, жұбайым, жақын туысқандарыма, кейде жақсы жолдастарым мен шәкірттеріме сағыныштық, тілектестік және ықылас-көңіл білдіру. Құттықтау сөздерімді өлең түрінде білдіретін әуестігім бар. Бұл – ұлттық, халықтық дәстүрді сақтауға тырысушылық. Бұл ақындық өнерге жатпайды. Дегенмен, математика мамандығы сөзді қысқа-нұсқа қайыруға үйретеді, мүмкін соның әсері болар. Мұны нағашы жұртымнан жұққан, тұқымқуалаушылық қасиет болар деп те ойлаймын.
Қазақ ақыл-кеңестерін мақал-мәтел арқылы беруге тырысқан. Ол ұйқасымды екі жол, не төрт жол — бір шумақ өлеңнен тұрады.
Қазақ тілегін бата түрінде, өлеңдетіп берген. Баталық шумақтың әр жолы немесе екі жолы бір тілекті білдірген. Тілектің түрлеріне қарай бата бір немесе көпшумақты өлең болып келеді. Баталардың жаттама түрі және жаңадан құрастырған түрі болады. Өлең түріндегі құттықтау – батаның көңілді түрі. Өлең түріндегі көңіл білдіру – діни, даналық сөздермен қиналғанға қуат — дем беру, оны сабырлыққа шақыру.
Өмірден озғандарды сағыну – көбінесе тірісінде қадірін бағалай​ алмаған өкініш – опыныс түріндегі, рухынан кешірім өтіну түріндегі өлеңді шумақтар.
Кейде, ризашылық немесе наразылық сөздер де жазамын. Осындай әртүрлі мазмұнды ойтолқуларды айту – өлеңдік форманы талап ететін тәрізді. Менің бұл әуестігім осыған саяды. Жақсы сөздер ой толқығанда шығады. Жақсы сөз айту – адами міндетіміз.
Мысалы, келінім Сәбила қайтқанда інім Жайжанға айтқан ақылым:
Атбайларым Отанда.
Аналас інім – Жайжаным!
Туыстықты айтқанда,
Қалады менің қай жаным?!
Сәбилам жоқ деп жүнжіме,
Өрісті болған қыздар бар.
Болатын қамқор өзіңе,
Қос таяныш – ұлдар бар.
Кафедрадағы докторантым Әміреге рақметімді мына әзілді шумақпен білдірдім:
Қасымдағы шәкіртім,
Құлағым, көзім – Әміре.
Рахмет айтам өзіңе,
Сені берген тәңірге!
2018 жылы 1 қыркүйек күні университет студенттеріне де өлеңдік формада бата бергенмін. Тауып айтылған орынды өлең сөздер тыңдаушыларға да, сөз иесіне де қуат береді, әсері еселене түседі.

Ағай, жан дүниеңізді ақтара отырып берген жауаптарыңызға алғыс айтамын. 100 жасқа келгенде бірінші маған сұқбат беруге уәде беріңізші. Аман-есен болыңыз!

Гүлнара Қараша
журналист