Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университетінің студенттері инклюзивті киім топтамасын таныстырды

Жұбанов университетінің студенттері инклюзивті киім топтамасын таныстырды

Бүгін Жұбанов университетінің Дизайн мамандығының 4-курс студенттері мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған киім үлгісінің алғашқы топтамасын таныстырды. Болашақ дизайнерлер мүгедектер арбасына таңылған жандардың киімі де ыңғайлы әрі сәнді болуы мүмкін екенін көрсетті.

Университеттің Басқарма төрағасы-Ректор Лаура Қарабасова бұл бастаманы бірегей жоба деп бағалап, Айяның жан-жақты, белсенді студент екенін атап өтті.

«Көркем еңбек және дизайн» кафедрасының аға оқытушысы, Еуразиялық Дизайнерлер одағының мүшесі, жоба жетекшісі Юлия Кузнецованың айтуынша, мұндай киімдер тігу идеясы өткен жылы инклюзивті білім беру бойынша біліктілікті арттыру курсында жүргенде пайда болған.

Шығармашылық топ ерекше қажеттіліктері бар адамдарға күнделікті қиындықтарды жеңуге және сонымен қатар стильді әрі сәнді болуға көмектесетін киім эскиздерін әзірлеп, алғашқы инклюзивті сән үлгісін университет студенті Айя Спамбетоваға арнап тікті. Айя да кәсіби-шығармашылық факультетінде оқиды.

— Айя біздің алғашқы тұтынушымыз. Ол ерекше адам, шығармашыл қыз, суретті керемет салады. Айяның анасымен сөйлескеннен кейін, біз нарықта мұндай киімдер жоқ екенін білдік. Олар қарапайым киімдерді бейімдеп, оларды өзгертуге мәжбүр екенін айтты, — дейді Юлия Кузнецова.

Айяға 20 киім үлгісі ұсынылған, соның ішінен ол өзіне ұнаған 8 үлгісін таңдапты. Аталмыш киім жиынтығын жасауға 10 аптаға жуық уақыт кеткен. Топтаманы әзірлеу кезінде оның киіп-шешуге ыңғайлы болуына басты назар аударылған. Киімнің матасына, түйме мен сыдырмалардың орналасуына да ерекше көңіл бөлінген. Киімдердің сәнді болуы да назардан тыс қалмапты.

Таныстырылымның соңында топтаманы жасаған шығармашылық топ студенттері, Айя және оның анасы осындай игі бастамаларға мүмкіндік берген университет басшылығына алғысын білдірді.