Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Қалауымызды айқындайтын сәт

Қалауымызды айқындайтын сәт

Нұртаза АБДОЛЛАЕВ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор:

— Бұған дейін тәуелсіз Қазақстан тарихында екі рет референдум жарияланған. Енді, міне, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 5 маусым күні үшінші рет республикалық референдум өткізілетін болды. Республиканың саяси жүйесін түбегейлі өзгеріске бастаушы болатын осынау тағдыршешті кезеңде Ата Заңымыз — Конституцияға енгізілетін түзетулер мен толықтырулар енгізуге дауыс беруде әр азамат өз қалауын танытуға тиіс деп есептеймін.

Жадымызда ұстайтын бір жайт, Қазақстанның Ата Заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі екендігі. Жарық көрген кезден бері жиырма жеті жыл ішінде бұл құжат әлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 Конституцияның бірі ретінде танылды. Қазақстан биігінен бағалайтын болсақ, тәуелсіз мемлекетіміздің ең басты қадамы Конституцияны қабылдаумен тұтастай байланысты. Тәуелсіз мемлекеттілігімізді бүгінгі өмір шындығымен және алдағы уақытпен бірге қадам басып, өткен ұрпақтың іс-тәжірибесі мен жарқын болашаққа деген сенімді жинақтаған негізгі заң екені баршаға аян болса керек.

Өмір тәжірибесі тұрғысынан бағалайтын болсақ, өзекті проблемаларды сипаттайтын баптар қолданыстағы Конституцияда елеулі модернизациялануы қажеттігін уақыт талап етіп отыр.

Суперпрезиденттік жүйеден қуатты Парламенті бар пре­зи­денттік республикаға көшуді үндейтін референдумды жариялау — «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жан-жақты сараланған шешім екені аян. Референдумның мақсаты — саяси, құқықтық жүйемізді жетілдіру, конституциялық реформа жасау. Өзгерістер Конституциядағы 98 баптың үштен біріне әсер етеді. Бұл Жаңа Қазақ­стан құру жолындағы ел дамуы­ның жаңа кезеңге аяқ бас­қанын білдіреді.

Конс­ти­туцияның жаңаруы іргелі си­патқа ие екені және ол елдің ­сая­­си­ жүйесін түбегейлі өзгерте­тіні баршамызға түсінікті. Бұндай шешім қабылдау үрдісіне халықтың өзі белсеніп қатысуы керек­тігі де әр азаматқа патриоттық сезім жүктейді. Әлемдік және отандық тәжірибесі бойынша референдум қоғамды жан-жақты демокра­тия­ландыруға және Жаңа Қазақ­станды құруға мұрындық болатыны да аян.

Референдум аясында Конституцияға енгізілетін жа­ңа­шылдықтар қатардағы азаматтар мен биліктің байланысын одан әрі нығайтып, Үкімет заң шығару барысында халықпен толықтай санасудың жолын кеңейтеді деп сенеміз. Олай болса маңызды мәселе — жер қойнауы, өсім­діктер мен жануарлар әлемі, табиғи ресурстар халыққа тиесі­лі туралы деген пікірмен қатар, мемлекет халық аты­нан иелік жүргізуге құқылы деп жазылған. Бұл да ұзақ мерзім бойынша халықтың талқылау­ға ұсынып келген өтініші.

Әлемнің өркениет қатарындағы мемлекеттерінде тұрғындар тұрмысына қатысты өткір мәселелер туралы  хабардар болумен қатар, оларды шешуге халық өзі тікелей қатысады.

Бұл референдум Қазақстан мемлекеттік құрылымын кешен­ді түрде өзгертуге жол ашатын Конституциялық реформа Әділетті Қазақстан ұстанымының бастамасы деуге негіз бар. Ол биліктің өкі­летті тар­мақтарын (Парламент, мәслихат) айтарлықтай күшейтеді. Сол арқылы көп­шілік халықтың мемлекетті басқару ісіне ара­ласуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ жаңар­тылған заң аясында барлық саяси күштер мен партияларға дербестік берілуі елдегі саяси ұйымдардың тең дәрежеде бәсекеге түсіп, демократиялық үрдістерді үдете түсетіні сөзсіз.

Алдағы референдумның басты мақсаты — жекелеген топтар­ды күшейтуді емес, мемлекетімізді жетіл­ді­руді, жаңғыртуды және нығайтуды көз­дей­тіні де аян. Сондықтан халық осы мүмкіндікті құр жібермей, дауыс беру арқылы өзінің азаматтық борышын көрсеткені жөн болады деген ойдамын.

 

/aqtobegazeti.kz/