Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > Бағдат Мусин Жұбанов университеті технопаркінің жұмысымен танысты

Бағдат Мусин Жұбанов университеті технопаркінің жұмысымен танысты

Бүгін Жұбанов университетіне Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин келді.

Министр Инновациялық технологиялар паркінде болып, ғылыми-зерттеу орталықтары мен бірнеше оқу зертханасының жұмысымен танысты. Атап айтқанда «Бағдарламалау негіздері», «IT кабинет», композиттік материалдар зертханасы, «Ағынды деректер талдауы және машиналық оқыту», «Робототехника жүйелері», «3D модельдеу» және «Компьютерлік желілер» зертханаларында болып, ғалымдармен және студенттермен тілдесіп, жаңа технологияларды қолдану әдістеріне назар аударды.

Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету мамандығының студенттері өздерінің танымдық ойындарды әзірлеу бойынша дайындаған жобаларын таныстырды. Сонымен қатар 4-курс студенттері «Ақылды үй» технологиясы бойынша тұрғын үй параметрлерін басқаруға және бақылауға болатынын көрсетті. «Макет жарықты, климатты бақылауды, үйдің электр желісін және қауіпсіздік функционалдығын автоматты түрде басқаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жобаланған макет сенсорлардан мәліметтер ала алады және жарықтандыруды, дабылды және электр желісін автоматты түрде де, радио арқылы да басқара алады және сонымен бірге сыртқы қуат көздерінен тәуелді емес», -дейді жоба авторлары.

Сондай-ақ, Ақпараттық жүйелер мамандығының студенттері де өз тәжірибелерін ортаға салды. Олар Информатика және ақпараттық технологиялар кафедрасы туралы қажетті ақпаратты жылдам беретін интерактивті стенд әзірлепті. Кафедра ақпараттарын жаңалау кезінде стенд ауыстыруды қажет етпейді, тек мобильді қосымшадағы ақпараттарды жаңалау жеткілікті.

Министр технопарк жұмысымен танысқаннан кейін өңірдің IT қауымдастығымен және студенттермен кездесті.