Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Математик ғалымдар Жұбанов университетінде бас қосты

Математик ғалымдар Жұбанов университетінде бас қосты

Бүгін Жұбанов университетінде «Дифференциалдық теңдеулер, ана-лиз және алгебра мәселелері» тақырыбында кезекті халықаралық ғылыми конференция басталды. Бұл — математик ғалымдардың біздің университетімізде тоғызыншы рет басқосуы. Ең алғаш рет аталған конференция оқу орнында 1996 жылы өткізілген болатын.

Конференцияда Түркия, Өзбекстан, Тәжікстан, Кырғызстан, Украина, Ресей елдерінің және Алматы, Нұр-Сұлтан, Түркістан, Атырау, Орал, Семей т.б. қалалардан ғалымдар жиналды.

Жұбанов университетінің ректоры Лаура Қарабасова мұндай ғылыми алаңдар педагог кадрларды даярлау жүйесінде пайдалы екенін атап өтті. Шетелдік және өзге де жоғары оқу орындары ғалымдарының идеяларын тыңдап, пікір алмасу өте маңызды екеніне тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Баяндамашылар арасында академик Тынысбек Кальменов, Орта Шығыс Техникалық Университеті профессоры Марат Ахмет, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстан филиалының профессоры Ерлан Нұрсұлтанов, Astana IT University-ден PhD, профессор Тұрдыбек Бекжан, Назарбаев университеті Сұраған Дурвудхан, профессор Жайшылық Сартабанов және т.б. ғалымдар болды.

Баяндамашылар математика ғылымының зерттеу бағытындағы мәселелерді және сабақтас саладағы қолданысты, сонымен қатар мамандардың дайындық сапасын арттыру мәселесін талқыға салады. Сонымен қатар дифференциалдық теңдеулер және математикалық физика теңдеулері, функционалдық анализ, алгебра, геометрия, математикалық моделдеу және ақпараттық технологиялар төңірегіндегі бірқатар мәселелер де назардан тыс қалмады.

Сондай-ақ, қатысушылар математика және ақпараттық технологиялар саласында жаңа зерттеу жұмыстарының нәтижелерін, білімдерін ақпараттандыру тәжірибелерін, оқытудағы заманауи әдістерді көпшілікке ұсынды.

Шарада жас ғалымдар, PhD-докторанттар, магистранттар және жоғары оқу орындарының студенттері де белсендік танытты. Конференция жұмысы секцияларда екі күнге созылады.