Четверг, Апрель 18, 2024
Басты > Жаңалықтар > Бүгін ректор қытайлық әріптестермен кездесті

Бүгін ректор қытайлық әріптестермен кездесті

Кездесуге келген Синьцзян «Білім беру» баспасының бас редакторының орынбасары  Махадас Ахан, осы баспаның редакция бөлімінің басшысы Шалқар Құрманбек, Синьцзян университеті Халықаралық мәдени байланыс институтының кафедра меңгерушісі Чжу Сяоцзюньды жылы қарсы алған университет ректоры Бауыржан Ердембеков оқу орнымызда 7 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан Конфуций институтының Қазақстан мен Қытай елдері арасындағы өзара ынтымақтастық қатынастарды нығайтуда алып отырған ерекше орнына тоқталып, алдағы уақытта бастау алған істердің жалғаса беретінін, сонымен қатар жаңа перспективалық жоспарлардың да ойда екенін айтты. Соның бірі ретінде Конфуций институтына жеке ғимарат салу мәселесімен де бөлісті. «Ақтөбедей құтты мекенде көптеген ірі қытай компаниялары еңбек етуде. Біз олардың 27-сімен келісімге отырдық. Бұл өте үлкен жетістік», — деді, ректор. Ол сонымен бірге Синьцзян университетінде филиал ашу жайында да ойын жеткізді.

Қонақтар тарапынан сөйлеген Махадас Ахан Ақтөбеге келу мақсаттары туралы айтып, өз кезегінде Конфуций институтының оқу-әдістемелік қорының дұрыс деңгейде екендігіне риза көңілін білдірді.  Қытай тіліндегі  оқулықтар әзірлеу жұмысын әлі де жандандыру үшін тіл үйренушілердің талап-тілектерін ескере отырып, жалғастырылатындығы жайлы баяндады. Ал Чжу ханым Жұбанов университеті туралы жақсы лебіздер естігенін, ректор Б.Ердембековтің пікірлерімен келісетінін, алдағы күндерде бірлесе қызмет атқаруға дайын екендіктерін жеткізді.

Кездесу соңында екі тарап бір-біріне ілтипат сыйлар табыстады.