Четверг, Март 28, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ел жақсылықтан үмітті

Ел жақсылықтан үмітті

Сейсенбі күні республикалық референдумды түсіндіру мақсатында келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Бауыржан Қаниев пен Мұхтар Жұмағазиев Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті педагогика факультетінің  профессорлық-оқытушылар құрамымен кездесті.

Шараға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева қатысты.

Басқосуда Мәжіліс депутаттары жалпыхалықтық референ­дум­­­ның маңызына тоқталып, оқытушыларға дауыс беру­дің ере­желері мен шартта­рын түсіндірді. Сондай-ақ Конституциялық реформа азаматтардың елді басқару ісіне қатысу мүмкіндігін арттыратынын және өзгерістердің арқасында халықтың әлеуметтік мәселелері шешілетіндігін атап өтті.

  • Біздің облысқа келгендегі мақсатымыз — референдумның мән-маңызын халыққа түсіндіру, елді толғандырған сауалдарға жауап беру. Өздеріңіз білесіздер, референдум аясында Конституцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізіледі. Бұл — өте ауқымды жұмыс. 1995 жылы 30 тамызда біздің Конституциямыз қабылданды. Содан бергі уақытта Заңға төрт рет Парламент қабырғасында өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сол кезде халық: «Бұл өзгерістерге неге біз қатыспаймыз?» — деген пікір білдірген еді. Міне, араға ұзақ уақыт салып, Ата Заңға халық тікелей дауыс беріп, атсалысқалы отыр.

Біз — халықтың өкіліміз, бізді ел сайлап отыр, сондықтан осындай маңызды сәтте біздің ел арасында болуымыз керек. Сол үшін өңірге келген жайымыз бар, — деді Мұхтар Жұмағазиев.

Кездесуде сенаторлар жиынға қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріп, өңірдегі білім саласына, университеттің бүгінгі тыныс-тіршілігіне жоғары баға берді.

Шарада Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы Анар Даржанова, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сабыржан Мұхтаров, т.б. референдум өткізу бастамасын қол­дайтынын және жаңа Қазақстан құру жолында мемлекетке үлкен сенім артатынын жеткізді.

 

Данагүл ҚАЗИХАН

/aqtobegazeti.kz/