Министр Бағдат Мусин Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне қарасты Инновациялық технологиялар паркінде болып, ғылыми-зерттеу орталықтардың жұмысын да көрді.
2017 жылы ашылған Инновациялық технологиялар паркінің құрамына ғылыми-зерттеу орталығы, 6 ғылыми зертхана және 1 оқу зертханасы кіреді.Мұнда жас талаптар түрлі жаңашыл жобаларын жарыққа шығарады. «Бағдарламалау негіздері», «IT кабинет», «Робототехника жүйелері», «3D модельдеу»зертханаларында болып, жас ғалымдармен тілдескен ол жаңа технологияларды қолдану әдістеріне баса назар аударды.
Өз кезегінде жастар еліміздің жетекші IT компанияларында, соның ішінде ұлттық компаниялардаөндірістік тәжірибеден, ғылыми және зерттеу тағылымдамаларынан өту мәселесін шешіп беруді ұсынды. Ал министр Мемлекет басшысы қойған мақсат-міндеттерді жүзеге асыру аясында ІТ-саланы дамыту бойынша жоба-жоспарлармен бөлісіп, ІТ-мектептер мен ваучерлер туралы кеңінен әңгімеледі. Халықаралық компанияларда жұмыс істеп жатқан мамандарды даярлайтын, жекеменшік ІТ-мектептерді қолдайтын «Tech Orda» бағдарламасына да тоқталды.
Бұдан бөлек ведомство басшысы IT-қауымдастық өкілдері мен студенттермен жүздесті. Жаңашыл жастардың әрқилы сұрақтарына жауап берді. Кездесу соңында Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркі мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті басшылығы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
— Біздің мақсатымыз — 2023 жылға дейін 100 мың ІТ-маман даярлау. Алғашқы кезеңде жеке және мемлекеттік мектептерде оқу үшін қазақстандықтарға ІТ-ваучерлер беріледі.Біздің сала басқа экономикалық салаларға қолдау көрсетіп қана қоймай, экономикамызға өз бетінше пайда әкеле алатынын дәлелдеуге тиіс, — деп сөзін түйіндеді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
Айбек ТАСҚАЛИЕВ
/aqtobegazeti.kz/