Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Студенттер инклюзивті киім топтамасын таныстырды-Ақтөбе газеті

Студенттер инклюзивті киім топтамасын таныстырды-Ақтөбе газеті

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің дизайн мамандығының 4-курс студенттері мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған киім үлгісінің алғашқы топтамасын таныстырды.

Көркем еңбек және дизайн кафедрасының аға оқытушысы, Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі, жоба жетекшісі Юлия Кузнецованың айтуынша, мұндай киімдер тігу идеясы былтыр инклюзивті білім беру бойынша біліктілікті арттыру курсында жүргенде пайда болған.

Шығармашылық топ ерекше қажеттіліктері бар адамдарға ыңғайлы әрі сәнді киім эскиздерін әзірлеп, алғашқы инклюзивті сән үлгісін университеттіңкәсіби-шығармашылық факультетініңстуденті Айя Спамбетоваға арнап тікті.

— Айя — біздің алғашқы тұтынушымыз. Ол — болашақ дизайнер, суретті керемет салады. Арбада отыратын Айяның анасымен сөйлескеннен кейін біз нарықта мұндай киімдер жоқ екенін білдік. Олар қарапайым киімдерді қайта тігіп, өзгертіп киюге мәжбүр екенін айтты, — дейді Юлия Кузнецова.

Айяға 20 киім үлгісі ұсынылған, ол өзіне ұнаған 8 үлгіні таңдаған. Аталған киім жиынтығын жасауға 10 аптаға жуық уақыт кеткен. Топтаманы әзірлеу кезінде киімді мүмкіндігі шектеулі жанның киіп-шешуіне ыңғайлы болуына басты назар аударылған. Киімнің матасына, түйме мен сыдырмалардың орналасуына да ерекше көңіл бөлінген. Киімдердің сәнді болуы да назардан тыс қалмапты.

Университеттің басқарма төрағасы, ректор Лаура Қарабасова бұл бастаманы бірегей жоба деп бағалап, Айяның жан-жақты, белсенді студент екенін атап өтті.

Таныстырылымның соңында топтаманы жасаған шығармашылық топ студенттері, Айя және оның анасы осындай игі бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік берген университет басшылығына алғысын білдірді.

 

Жадыра АРЕН,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті маркетинг және коммуникация департаментінің маманы.

 

/aqtobegazeti.kz/