Воскресенье, Июль 14, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ғылымға сара жол салған ғалым

Ғылымға сара жол салған ғалым

Қазақстан Республикасының Жоғары мектебіне еңбегі сіңген қайраткер, Қазақстан Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Жайшылық Сартабанов 80 жасқа толды.

Бүгін ғалымды университеттің кеңейтілген ғылыми кеңес мәжілісінде облыстың зиялы қауым өкілдері, Жұбанов университетінің басшылығы мен ұжымы, әріптестері мен шәкірттері құттықтады.

Ректор Лаура Қарабасова еліміздегі білім және ғылым саласына елеулі үлес қосып келген ардагер ұстаздың еңбек жолына тоқталып, университеттің физика-математика факультетінің іргесін қалауда сіңірген профессордың ерен еңбегін атап өтті.

«Жайшылық Алмағанбетұлы бар өмірін оқытушылық қызметке, тәрбие беруге және ғылым жолына арнаған ғалым. Білім беру саласындағы тынымсыз қызметінде туған жерден қол үзбей мұғалімдердің біліктілігін көтеру, ғылыми әдістемелік көмек көрсету, ауыл мектебіндегі талантты оқушылардың ғылыми жобаларына жетекшілік ету жолында үздіксіз қызмет атқарып келеді»,— деп атап өтті ол.

Жайшылық Сартабановтың қара шаңырақта қызмет еткеніне жарты ғасырдан астам уақыт өтіпті. Профессор әлі де ғылым және білім саласына елеулі үлес қосып келеді. Қазіргі таңда білім ордасында математикалық ғылыми орталықтың жетекшісі.