Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жаңа Қазақстан және жастар

Жаңа Қазақстан және жастар

Референдумды қолдау жөніндегі облыстық штабтың мүшесі Айшуақ Дәрменұлы мен Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университеттің аға оқытушысы Ақылбек Қонысов жастармен кездесіп, олардың референдумға қатысты сауалдарына жауап берді.

«Жастар және Жаңа Қазақстан» тақырыбындағы іс-шара университет базасында өтті.

– Студент қоғамдағы, елдегі елеулі өзгерістердің барлығынан тыс қалмауы керек. Біз осы мемлекетте тұрып жатырмыз, сондықтан елде болып жатқан өзгерістердің бізге де қатысы бар. Өздеріңіз білесіздер, 5 маусымда өтетін референдумда еліміздің Ата Заңы — Конституцияға өзгерістер енгізіледі, — деді А.Дәрменұлы.

Ол жиналғандарға Конституцияға енгізілетін суперпрезиденттік жүйеден қуатты Парламенті бар президенттік республикаға көшу, Парламент рөлін күшейту сияқты өзгерістерге кеңірек тоқталды.

— 5 маусымда сайлау учаскелеріне барып, жаңа өзгерістерге келісіп-келіспейтіндеріңізді білдіру үшін бес минут қана уақыт керек. Дауыс бергенде бюллетеньдерде «иә» немесе «жоқ» деп көрсету жеткілікті. Бұл жерде саясаттан тыс пайымдау қажет емес, жай ғана осы мемлекеттің азаматы ретінде ел болашағына өз үлесімізді қосуымыз керек, – деді Айшуақ Дәрменұлы.

Университет проректоры Есбол Мұханбетқалиевтің айтуынша, университет базасында 6 мыңға жуық сайлаушыны қамтитын 3 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның бірі бас кеңседе болса, екеуі тарих факультетінің ғимаратында орналасқан. Олардың барлығы 5 маусымда дауыс беретін азаматтарды қабылдауға дайын.

 

Абат ҚАРАТАЕВ

 

/aqtobegazeti.kz/