Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > 1929-1931 жылдары қазақ даласында болған 372 көтерілісте 5551 адам сотталып, 883 адам атылған

1929-1931 жылдары қазақ даласында болған 372 көтерілісте 5551 адам сотталып, 883 адам атылған

Ақтөбе облысы. BAQ.KZ тілшісі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бүгінгі күні елімізде ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргіндердің құрбандарын толық ақтауға бағытталған жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр.

 Өткен тарихты болашақ ұрпаққа жеткізу, тарихтың ақтаңдақтарын қайта ақтару — біздің бүгінгі парызымыз. Осы орайда біз елімізде, оның ішінде Ақтөбе облысында болған көтерілістер, жазалаушы отрядтардың әрекеттері, халықтың аштық жылдарында бастан өткерген азапты күндері жайлы философия ғылымдарының кандидаты, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің əлеуметтік-саяси пəндер кафедрасының меңгерушісі Үмбетқан Сəрсембинмен сұхбаттасқан едік.

— Кеңес билігі құрылған уақытта Қазақстан қоғамындағы жағдай қалай өзгерді? Осы туралы кеңінен айтып берсеңіз.

— Кеңес билігі құрылысымен-ақ большевиктер қоғамның құрылысын өзгертуге барынша күш салды. Шаруашылығы мен мәдениеті мыңдаған жыл бойы қалыптасып отырған қоғамның құрылысын өзгерте салу оңай емес. Ал қоғамның құрылысы өзгермей оның санасы да, құндылықтары да өзгермейді, яғни ұлттың рухы мен санасын жою мүмкін емес. Қызылдар билігі қоғамның болмысын, өзіндік сананы түбегейлі өзгертпей өз мақсаттарына жете алмайтынын білген. Осы себептен ұлттық құндылықтарды жою, бұрмалау, қоғамның өзіне қарсы қою басталды. Әуелі дінге, дін өкілдеріне, байларға қысым көрсетіле бастады. Олардың жаппай мал-мүлкі тартып алынды.

Қызылдар билігі Ақтөбе облысында 1925 жылдары мешіт-медреселерге тиісе бастаған. Бұның себебі жаңа айтып отырған большевиктердің идеологиясын басында халық мойындаған да, қабылдаған да жоқ. Байлар, діни өкілдері, ұлт зиялылары тұрған жерде Құдайсыз қоғам құрудың мүмкін еместігін жоғарыдағылар жақсы түсінді. Мәселен, сол кезде Ақтөбе облысының Ырғыз, Торғай, Ойыл, Темір аудандарында Алашорданы қолдаушылардың ортасы қалыптасқан еді. Жер-жерлерде Алашорда жасақтары құрылған. Алғашқылардың бірі болып Ырғыз ауданында Алашорда жасақтары таныстырылған. 1919 жылы тамыз айы болуы керек, Қабылбай бай әкесіне ас беріп, құрылтай есебінде өткен асқа Торғай, Ақтөбе облысының барлық аудандарынан байлар, діни тұлғаларды жинайды. Осы жиынға 300 ағаш үй тігілген. Осы жиында Алашорда жасақтарына Ақтөбе облысындағы байлар қолдау көрсетіп, жылқы берген. Осындай жер-жерлердегі қолдаудың күшеюі бірден кеңес билігінің назарына ілігіп, мешіт-медреселерді жабу, байларды қуғындау көзделген.

1929-1931 жылдары Ақтөбе облысында болған көтерілістерді зерттеуде де оның басшылары, көтерілісшілер қатарындағы адамдардың көбі осы Алашорда жасақтарының қатарындағы адамдар болғандығын көреміз. Сол себептен оларға «банды», «бандалық топ жетекшісі», «шайка», «аферист» деген түрлі жала жабылған. Алашорда жасақтарының 1930-жылдарға дейін халықтың ішінде қызмет атқарғандығы байқалады. Осының барлығын жоюда большевиктер күні бұрын арнайы жазалаушы отрядтарды құрған, 1930 жылы көтерілістер күшейе бастаған кезде сырттан қарудың жаңа түрлерін, қазақ көтерілісшілерін жаншып, жойып жіберу үшін сырттан қосымша арнайы жасақтарды шақыртқандығы жөнінде деректер жиі кездеседі. 1929-31 жылдардағы қазақ даласында болған осындай үлкен арпалыс ең соңында ашаршылыққа әкеп соқты, халықтың көп бөлігінің (тіпті тең жартысы деп айтуға болады) еріксіз босқынға айналып, бас сауғалап кетуіне әкелді.

1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілістердің өзі елді үлкен шығынға ұшыратқаны белгілі. Бұл кезде де адам шығынымен қоса мал шығыны көп болды. Жаңа есін жиып келе жатқан елде большевиктердің әрекетінің салдарынан, қуаңшылықтың болуына, басқа да себептерден аштық болды. Алаш зиялысы Міржақып Дулатов 1922 жылы «Ақжол» газетінде жазған мақаласында осы 1921-1922 жылдардағы ашаршылыққа қатысты «Біз бұл туралы бір нәрсе жазсақ әрқашан қазақты қазаққа жәрдем беруге үндейміз. Мұның себебі, «Қазақ» десек қаны қызар, жаны ашыр дегендер де оған қарсы емес. Өзге себеппен, мәселен, қазіргі Ресейден шеткі жұрттардан да аштар пайдасына азық-түлік жиналып жатыр. Бірақ бұл жәрдемдер кезінде қандай елдерге берілді, гәп сонда. Теміржол бойындағы, иә, темір жолға жақын жердегі елдерге ғана жәрдем кезінде кешігіп берілуі мүмкін. Біздің қазаққа келсек, айдай анық мәселе көзге елестеп, көңілге келе қалады, ол не? Ол, сорымызға қарай, қазақ арасында теміржолдардың жоқтығы, теміржол болмаған соң қандай мол жәрдем жиылса да, қазақ аштарына жетуінің қиындығы һәтті көп орындарда мүмкін еместігі….»  деп жазған еді. Осы аштықтан көп адамынан айрылып, жаңа есін жиып жатқан елдің бетке ұстар адамдарын қудалаудың тыйылмағанын көреміз. Сайлау құқынан айыру басталды. Жаңа айтқан мешіт-медреселер түгелдей жабылып, діни адамдармен қоса байлардың мал-мүлкі тәркіленді. Қай жағынан болса да, елдің шаруашылық жүргізу тәртібін білетін, тәжірибелі адамдарға жол мықтап жабылды. Мәселен, 1928 жылы Ақтөбе облысында 70-ке жуық ірі байдың мал-мүлкі тәркіленіп, отбасымен Қарқаралыға жер аударылса, еліміздің басқа өңірлеріндегі қазақтың байлары Ақтөбеге жер аударылды. Осындай құйтырқылық ел тұрмысының әлсіреуіне қатты әсер етті. Байлар мен діни адамдарды қудалау бұнымен шектелген жоқ. «Бай», «атқамінер» деген жаламен қара тізімге іліккендер жылма-жыл көбейіп отырды. Байларды тап ретінде қалай жою керектігі 1930-жылдары да партия отырыстарында қайта-қайта көтерілді. Осы кезде Голошекиннің арнайы жолдаған жедел хаттары да жергілікті мұрағатта бар. Сонда серіктік, артель, кооперациялар колхоздарды құруға дейін байларды түгелдей жойып, құтылудың негізгі қадамдары екендігі ашық айтылған. Енді әр байдың, әрбір дін өкілінің өміріне қарасақ, олардың әрқайсысынан өз алдына бөлек тарих, үлкен тағдырды көреміз. Іштерінде бір емес, бірнеше қалада діни білім алған адамдар аз болмаған. Мәселен, соның бірі — Сары ишанның баласы Әбдіғани ұстаз. Әбдіғани 1928 жылға дейін Ырғыз ауданы Ыскөл деген жерде мешіт-медреседе сабақ берген. Осы жылдары олардың да мал мүлкі тәркіленіп, 1930 жылы астық дайындауға қарсы болды деген жаламен қудаланады. Өзі 1937 жылға дейін Шалқардың өңірінде бой тасалайды. Әкесі Сары ишан (шын есімі Қожахмет) 1931 жылы аштықтың салдарынан Қарақалпақстанға қарай босқан елмен бірге жүріп 1933 жылы аман қалған жұртты Қарабұтаққа алып келген. Осы туған жерге қайтып келген қазақтардың ішінде жетім қалған 600 бала еріп келген. Ауыл адамдарымен бірге барлығының аман-есен елге жетуіне себепткер болған кісінің бірі осы Сары ишан екенін көбі біле бермейді. Бұған қарап сол кездегі діни тұлғаларымыздың қай бағытта да елді сақтап қалуда үлкен жауапкершілікті арқалағандарын көреміз.

Байлар мен діни адамдар қуғындалудың салдарынан қаншама отбасы мүшелерінен, ет жақын адамдарынан айырылды. Қарқаралыға жер аударған байлардың ішінде үлкен кісілері сол жақта қайтыс болды. Кейбіреуінің отбасы мүшелері сол жақта індеттен, аштықтан өліп, оралмаған. Елге аман келгендері 1937 жылы қайта ұсталып, атылып кетті. Балалары Ұлы Отан соғысына жіберілді. Соғыстан тірі оралғандарының қазір ұрпақтары бар. Ал түгелдей ұрпақтары соғыста қаза тауып, ізделмей жатқандары да жоқ емес. 1930 жылдан кейін қызылдардың тізіміне ілігіп, сыртқа қарай кеткен байлардың көбі Қарақалпақстанда ұсталған. Ұсталмағаны Ауғанстан, Иран, Тәжікстан және Түркияға қарай өтіп кеткен. Осындай қиын тағдырлардың әлі де толық зерттелмей жатқандығын ескеру керек. Менің ойымша, 1929-1931 жылдары көтерілістің болуына тікелей себеп болған нәрселер осылар. Сонымен қатар мешіт-медреселдерді құлату, серіктік, артельдерді құрып, олардан үлкен өнім талап ету, астық шықпайтын жерлерге астық еккізіп, мол өнімді талап етуі халықтың іштей қарсылығын одан сайын күшейткен. Енді шаруалардың өздері де кеңес билігіне қарсы шығып, олар да қудаланған.

Ақтөбе облысында 1926-жылдардан бастап 1933 жылға дейін мешіт-медреселер түгелдей жабылып, ауылдарда  тарқатылып, жойылғандығын көреміз. Ал аудан орталығы мен қаладағы шіркеулер мен мешіттер қойма, мәдени ғимарат ретінде пайдалануға берілген. Осы кезеңде, яғни большевиктердің Құдайсыз қоғам құру әрекеттерінен халықтың бойын үрей мен қорқыныш билеп жатқан кезде діни адамдар, қарапайым адамдар да діни кітаптарды, басқа да ұлттың тарихы мен әдебиетіне қатысты дүниелерді киізге орап жасырын түрде бейіттердің басына көмгендігі ел арасында жиі айтылады. Қарапайым тұрғындар үйлерінің қабырғаларына көптеген кітаптарды жасырған.

— Осы жылдарда жазалаушы отрядтар құрылды дедіңіз, олардың әрекеттері қалай болды? 

 Әуелі біз мынаны ескеруіміз керек. Большевиктер халықты өзіне бағындырып, солақай саясатты қоғамға күштеп енгізудің оңай болмайтынын жақсы түсінді. Жергілікті жерлерде алды-артын ойламайтын алаңғасар адамдарға билік берді. Білетін, көзі ашық адамдар шеттетілді. Сайлау құқынан айырумен қатар партияны тазалау, тіпті оқу орындарын, басқа да түрлі салаларды тазалау деген жүрді. Қазақстанды ет пен астық өнімін өндіретін аймаққа айналдыру үшін халықтың күшін пайдалануда, алдымен, оны еркінен айыру қажет болды. Ұлт зиялылары, байлар мен діни тұлғалар дәстүрі әлеуметтік институтқа айналған қоғамда оны тікелей жүзеге асыру мүмкін емес еді. Не болса да қоғамды үлкен қыспақтан, зардап пен қиындықтан өткізу керек болды. Сол кезде кеңес билігі тарапынан Қазақстан қоғамында жүргізілген барлық шараны зерттеп қарасақ, осы жағдайды байқаймыз. Дінді қыспаққа алу, елге тірек болған адамдардың еркіндігін шектеп отыру, отбасымен жер аударып қиын жағдайларға душар ету, мешіт-медреселерге құрылған серіктіктердің малдарын күштеп қамату, астықтың шығуы қиын аймақтарда күштеп егін еккізу, үкіметтің шаруаларға өсіру үшін бөліп берген аз ғана малдан өнімді талап етуі, оның жем-шөбін дайындауды шаруаның өзіне жүктеуі қарсылықтың, ақыр соңында көтерілістердің болуына әкелді. Қоғамның, соның ішінде халықтың осындай күйге жететінін олар білді. Алдын ала дайындалғанын да көреміз. Мәселен, 1927 жылы байлардың мал-мүлкін тәркілеудің алдында Ақтөбе БК (б)П Губкомитеті жанындағы мобтройка (жылжымалы үштік) отырыстарының бірінде жаңадан жасақталып жатқан құрамға 6 000 патрон бөлінген. Бұдан бөлек, қоғамда діни тұлғалар мен байларға қарсы үгіт насихат жұмыстарын жүргізу үшін осы жылдың өзінде 10 мың данадан барлығы 20 мың дана «Степная крестян», «Кедей» газеттері, қазақ тілінде 30 мың, орыс тілінде 25 мың дана арнайы үнпарақ таратылған. 1928 жылы Шалқар ауданындағы байлардың мал-мүлкін тәркілеуде коммунист жасақтарының қолына мылтық берген. Қоғамды бай, кедей деп бөлшектеу саясатының осылайша жүзеге асырылып отырғанын көреміз. Сонымен қатар осы кездегі ахуалға қарап, көтерілісшілерді басуда арнайы нұсқау беретін сырттан адамдардың келгенін де байқауға болады. 1930-жылдары көтеріліске қарсы ақпан, наурыз айларында қатарынан өткізілген Ақтөбе округтік комитетінің жанындағы мобтройка отырыстарда арнайы инструкциялар бекітіліп, аудандарға тапсырмалар берілген. Көтерілісшілерді басып, жаншуда олардың алдын ала саяси портреттері (большевиктер солай деп атаған) алынып отырды. Мәселен Ырғыз, Торғай, Қарабұтақта орын алып жатқан көтерілістердің лидерлерінің саяси портреттеріне қатысты ақпаратты Қостанайдың НКВД-дан сұратқан. Ал осы аймақтарға жазалаушы отрядтар Шалқар, Қарабұтақ арқылы жіберілген. Қостанайға Ақмола облысымен екі ортаны бақылауды, көтерілісшілерді біріктірмеу үшін жолдарын бөгеп отыру сұралған. Коммунист жасақтарының бір бөлігі Шалқарда болған. Теміржол жұмысшыларының көбі осы жасақтың құрамына кірген. Бұларды аты жұмысшы болып айтылғанмен алдын ала жұмысшы ретінде осы темір жол бойына арнайы адамдардың жіберіліп отырғандығын байқаймыз. Бұлар бұйрықпен көтерілістерді жоюға қатысып отырған. Бұл жөнінде, әсіресе, саяси қуғын-сүргін құрбандары жөнінде көп нәрсе айтуға болады. Біріншіден, қуғын сүргіннің тек қана 1937-38 жылдары ғана емес, 1930-жылдары, тіпті, одан да бұрын болғандығын көреміз. Мәселен, тарихшы ғалым Талас Омарбеков ағамыз келтірген деректер бойынша 1929-1931 жылдары қазақ даласында 372 көтеріліс болса, осы көтерілістерде 5551 адам сотталып, 883 адам атылған.

Ақтөбедегі 1931-1933 жылғы аштыққа келер болсақ, облыстық Торғай, Батбаққара, Ырғыз, Табын, Ойыл, Темір, Шалқар аудандарында аштық қатты болған. Халықтың тең жартысы жейтін түк қалмағандықтан, еріксіз босқынға айналған. Торғай, Шалқар аудандарының кейбір ауылдарында, тіпті, адам қалмаған. Торғай, Батбаққара аудандарында халықтың 25 пайызы ғана тірі қалған ауылдар болған. Мәселен, 1933 жылы 25 қазанда ОГПУ-дың Ақтөбе облыстық саяи-құпия бөлімінің есебінде 1931-1933 жылдары Ақтөбе облысының аудандарынан қанша қожалықтың басқа жаққа қоныс аударғандығы жобамен көрсетілген. 1932 жылдың қаңтарынан бастап 1933 жылдың тамызына дейінгі аралықта Шалқар ауданынан Қарақалпақстанға және басқа аймақтарға 4697 қожалық көшіп кеткен. Сол кездегі ауданның №18, 20, 21 және 25 ауылдарында ешқандай адам қалмағандығы айтылған. Аштықтан тірі қалып отырған халық еріксіз түрде босқынға айналған. Егістен өнім ала алмай, уақтылы азық-түлікпен көмек көрсетілмей отырғандықтан №1, 2, 7, 16,17 және 26 ауылдардың барлық адамы басқа жаққа еріксіз түрде қоныс аударған.

Ырғыз ауданында аштықтан, азық-түліктің жетіспеуі салдарынан 1931 жылдан бастап халық басқа жаққа қоныс аудара бастаған. Ауылдардың басым бөлігі әуелі Қарабұтақ ауданына қарай көшкен. 1931-32 жылдары 1000 қожалық ауданнан басқа жаққа қоныс аударған. Торғай ауданы бойынша 1931 жылдан бастап 1933 жылдың мамырына дейінгі аралықта 2400 қожалық басқа жаққа кеткен. Аштықтың салдарынан еріксіз босқынға айналып отырған ауылдар тамақ іздеп түрлі жаққа бет алған. 1933 жылдың өзінде Торғай ауданы бойынша №2, 5, 6, 8,14 және 15 ауылдарында жағдайдың қиындап, халықтың түрлі аймаққа кетіп жатқандығы жазылған.

1931 жылдан бастап 1933 жылдың сәуіріне дейінгі аралықта (есептеу бойынша) Ойыл ауданында 9338 қожалықтан 5116 қожалық ғана қалған. Қалғанының адамдары аштықтың салдарынан өлген және басқа жаққа қоныс аударған. Батбаққара ауданы бойынша да солай, 1932 қаңтар мен 1933 жылдың шілдесі аралығында аудандағы 9902 қожалықтың  4750-і, яғни, тең жартысынан көбі басқа жаққа қоныс аударған.

Темір ауданында 1932 жылдың көктемі мен қыркүйегі аралығында 875 қожалық басқа жаққа қоныс аударған. Мұндай көрсеткіш 1933 жылы да қайталанып отырған. 1930-33 жылдардағы Ақтөбе облысының аудандарындағы мал санына қатысты деректерді келтірер болсақ, Арал ауданында 1932 жылы 13813 бас малдан 1933 жылы 9831 басқа азайған.

Шалқар ауданында 1930 жылы 260 969 бас мал болған. Бұл көрсеткіш 1931 жылы 150610-ға, 1932 жылы 24828-ге, 1933 жылы 12492 бас малғана қалған. Торғай ауданында 1931 жылы 59282 бас мал болса, 1932 жылы 7939, 1933 жылы 4163 қалған. Батбаққара ауданында 1931 жылы 167 983 болса, 1932 жылы 15 960, ал 1933 жылы 9 314 мал қалған.

Ырғыз ауданында 1 930 жылы  249 554 бас мал болған. Бұл көрсеткіш 1931 жылы 55683, 1932 жылы 19728-ге, ал 1933 жылы 14580 бас малға, яғни үш-төрт есеге күрт азайғанын көреміз. Табын ауданында 1931 жылы 61232 бас малдан, 1932 жылы 17699, 1933 жылы 13119 бас мал қалған. Ойыл ауданы бойынша 1931 жылы 39932, ал 1932 жылы 3876 басқана мал қалған. Темір ауданында 1930 жылы 95726, 1931 жылы 45875, 1932 жылы 16288, 1933 жылы 17371 бас мал қалған. Малдың азаю себебі, ет дайындау бойынша сыртқа жіберілген, байлардан, ауқатты адамдардан тартып алынған малдарды серіктік, кооператив құрылған кезде олардың қысқа дайын болмауынан қырып алды, қыстың қатты болуы мал санының азаюына әкелді.

— Былтыр сәуір айында Ақтөбеде облыс әкімдігінің қаулысымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия құрылғаны белгілі. Қазір осы комиссияның алдында қандай міндеттер тұр?

— Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия қызметіне келсек, біз алдымен мына мәселені ескеруіміз қажет. Саяси қуғын-сүргін құрбандары Сталин өлгеннен кейін-ақ ақтала бастады. Кешегі 1980-жылдардың аяғында да ақталды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін де ақтау жұмыстары жақсы жүргізілді. Ендігі мәселе — сол кездегі тарихты, халықтың көрген қиындығын, болған көтерілістерді, күштеп жойылған ауылдарды, тарихи орындарды анықтау. Есімдері аталмай жатқан кісілерді жарыққа шығару. Менің түсінгенім, бұл мәселені, яғни осы кезеңнің тарихын бізден кейінгі ұрпақ та қарайды, зерттейді, сол себептен біздің бүгінгі ізденісіміз, жазған дүниелеріміз осы екі аралықта рухани көпірге айналуға тиіс. Көптеген құжат ескірген, жойылып бара жатқаны бар. Халықтың ішіндегі білетін адамдардан, мұрағат құжаттарынан алған дүниелерді зерделеп жарыққа шығаруымыз керек. Негізінде Президенттің тапсырмасы осы ауқымды жұмыстардың атқарылуына бағытталған.

Комиссия жұмысына келетін болсақ, біз Ақтөбеде болған көтерілістер, олардың лидерлері кім болды, жазалаушы отрядтардың әрекеттері, халықтың аштық жылдарында еріксіз босқынға айналуына не себеп болды, осы сауалдардың нақты жауабын беру үшін жұмыстанып жатырмыз. Ең қиыны, кеңес билігінің түрлі қысымдарының салдарынан еріксіз босқынға айналған халықтың нақты саны, адамдардың есімдері көрсетіле бермейді. Оларды қожалық деп көрсетеді. Ал елдің бетке ұстар адамдарын қудалау елдің ішінде ғана емес, басқа мемлекеттерде де жүргізілді. Мәселен, Қарақалпақстанға көшкен қазақтардың ішінде бұрын бай, діни адам болды деген айыпталумен көп адам ұсталған. Көбі осы елден басқа елге кеткен кеткен осы кісілердің фамилиясы көрсетілмейді, қанша адам ұсталып, қанша адам бай, молда болды деген сан ғана тіркелген. Бірақ барынша сол кезеңнің жағдайын зерттеп, кейінгі ұрпаққа жеткізуге барынша күш салып жатырмын.  Ал енді қандай жұмыстар атқарылды деген сауалға келсек, зерттеліп жатқан деректердің ішінен адамдардың тізімі жасақталып жатыр, ашаршылық құрбандары жерленген жерлер, кезінде құлатылған мешіттердің орнын анықтап жатырмыз. Әлі алда зерттелетін нәрселер көп. Соның ішінде қоғамды өзгертуге бағытталған большевиктер жасаған инструкцияларды зерттеу, сталиндік саяси қуғын-сүргін құрбандары атылған, жерленген орындарды барынша зерттеу міндеті алдымызда тұр. Ұлттың тағдыры үшін күрескен тұлғалардың есімін тарихта қалдыруымыз керек. Көтерілістерді де қызылдар билігі тарихта кішірейтіп көрсетіп қалдыруға күш салды. «Ырғыз», «Тоқа», «Табын», «Батбаққара», «Назар», Адай көтерілісі деген атаумен қалған көтерілістер, шын мәнінде, ірі тұлғалар бас болған ұлт-азаттық қозғалыстар болған. Міне, осылардың барлығын алдағы уақытта зерттеп, жұрт назарына ұсынуды жоспарлап отырмыз.

— Әңгімеңізге рақмет!

 

/baq.kz/