Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Балалар қуанышқа бөленді

Балалар қуанышқа бөленді

1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күні. Бұл мейрам барлық елде 1950 жылдан бері тойланып келеді. Мақсаты – балалардың өмірін, құқығын, денсаулығын қорғап, оларға қамқорлық жасауды тағы бір еске салу.
Бүгін мерекеге орай кәсіподақ ұйымы Жұбанов университетінің қызметкерлері мен профессор-оқытушыларының балаларына ойын-сауыққа толы іс-шара ұйымдастырды.
Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Есбол Мұханбетқалиев ректор Лаура Қарабасованың құттықтауын жеткізді.
Бүгін 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Биыл бұл мерекенің қазақстандық балалар мен ата-аналар үшін ерекше мәні бар. Өйткені, Мемлекет басшысының Жарлығымен 2022 жыл Балалар жылы болып жарияланды. Бүлдіршіндерді мерекемен құттықтаймын! Жер бетіндегі әр сәби, әр бала бақытты болуға лайық. Балалар – біздің болашағымыз. Сондықтан сiздер үмiттi ақтап, сабақты жақсы оқитындарыңызға, үлгiлi де тәртiптi болып өсетiндерiңiзге сенiмiмiз мол, — деді Е.Мұханбетқалиев.
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының бас маманы Айжарық Жайылханұлы өскелең ұрпақ мемлекетіміздің болашағы екенін айтып, жас буынның кемел келешегіне тілектестік білдірді.
Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Ольга Сұлтанғалиева да балаларды мерекемен құттықтады.
— Бүгінгі іс-шараның мақсаты – балаларға керемет көңіл-күй, қуаныш сыйлау. Бұл дәстүр университетімізде бұрыннан қалыптасқан. Мерекені ұйымдастыруға Тахауи Ахтанов атындағы драма театр әртістері мен кәсіби-шығармашылық факультетінің суретші студенттері, физика-математика факультеті атсалысып отыр, — деді ол.
Кәсіби-шығармашылық факультетінің студенттері балаларға түрлі грим жасап, сүйікті кейіпкерлерін салып берді.
Думанды іс-шара соңында балаларға тәттілер үлестіріліп, сыйлықтар тарту етілді. Сондай-ақ, Тахауи Ахтанов атындағы драма театр әртістерінің қойылымдары балдырғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.