Среда, Май 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Қазақ қоғамын біржола күйрету көзделді

Қазақ қоғамын біржола күйрету көзделді

Қуғын-сүргін

Тарихтағы қазақ қоғамының рухани өмірінде зиялылардың рөлі әрдайым жоғары болған. Олар — байлар мен діни тұлғалар еді.

Олар әрдайымбастарын бәйгеге тігіп, ең қиын кездерде мойымастан, елді сақтап қалу үшін,ұлт, ұрпақ алдында өздеріне үлкен жауапкершілік, ауыр міндеттер жүктеп отырды. Әсіресе 1928 жылы мал-мүлкі тәркіленген байлардың көбі болыс, би, сот қызметтерін атқарып, ел болашағы үшін патша билігімен белгілі бір деңгейде келісімге де барған еді. Келісім барысында мүмкіндігінше ел мүддесін көздеп отырды.

Өңірлердегі Алаш Орда үкіметінің қызметін зерттеу барысында байлардың да рөлін ескерусіз қалдырмау керек. Мәселен, 1929-1931 жылдары Ырғыз, Торғай өңірлерінде(елдің басқа дааймақтарында)болған көтерілістерде бұрынғы Алаш Орда отрядтарының өкілдері көп болған. Көзі ашық адамдардың азаттық үшін алаш милициясының құрамына кіргені байқалады.Біздің облыстың Ырғыз, Ойыл аудандарындағыАлаш Орда милициясы құрамында болған кісілер кейін мектепте мұғалім болып жүрген кезінде ұсталып кеткен. Алаш милициясының қатарында тіпті дін өкілдері де болған.

Кеңес үкіметі байлардың мал-мүлкін тәркілеуден бұрын, кезінде Алаш Орданың бөлімшелері болған аудандардағы мешіт-медреселерді жаба бастаған. 1929-1930 жылдардағы көтерілістергежердің, рудың атауыберілуі де қасақана істелген іс еді. Мәселен, кеңес билігінің қысымына қарсы біздің облыстағы көтерілістер тарихта Ырғыз, Тоқа, Табын, Назар, Адай көтерілістерідеп аталды. Шын мәнінде, бұлар зиялылар қатысқан ұлттық сипаттағы көтерілістерболатын. Осы көтерілістерге қатысқан адамдарды қуғындаудағы большевиктердің әрекетіне қатысты Мұстафа Шоқай: «Сот үкімдеріне, қаралау материалдарына қарасаңыз, ең алдымен көзге түсетіні — айыпталушының өз кінәсі емес, оның баяғыда өліп қалған атасының бай, саудагер, ғұлама, яғни кезінде іс басында болғаны немесе айыпталушының өзінің көне медреселерде оқығаны тәрізді нәрселер», — деген.Құжаттарға үңілсек, кеңес билігінің ұлт зиялыларын жою мақсатымен түрлі айла-тәсілдерге жүгініп қоймай, сонымен қатар түрлі жаланы да ойлап тауып отырғанын көреміз.

Қазақ хандығының құрылуында және мемлекетіміздің қалыптасып, нығаюында да хандардың қызметінің ерекше орынға ие екені белгілі. Қазақ хандығы құрылған кезден бастап мемлекеттің стратегиялық идеясы қалыптасты. Жәнібек ханның қазақ қоғамындағы билердің институтын қалыптастыру саясаты ұлттың интеллектуалдық болмысын қалыптастыруға, сол арқылы елдің мәдениетін күшейтуге негіз болды.Қазақ хандарының тұсында түркілік мәдениеттегі қалалардың да ізі сақталды. Түркілердің ұлттық идеясы«Жерұйық» ұғымымен зерделеніп, Алаш идеясымен жалғасып отырды. Кезкелген мемлекеттің барлық игіліктерін біріктіріп, кейінгі ұрпаққа табыстап отыратын, рухани және әлеуметтік негіздегі тұғырының болатыны анық. Қазақ мемлекетінің тарихында оның ішкі әлеуметтік құрылымы тұлғалардың қызметі арқылы жалғасса, ал осы қоғамға тән барлық қоғамдық сананың формалары алдыментарихи санаға, тіл мен дінге, мәдениет пен билер даналығына және ұлттың шаруашылық жүргізу тәсілдеріне келіп тіреледі. Сол себептен, қазақ қоғамында (тарихи өмірінде) бай мен кедей деген түсініктер билік тарапынан саясиланған жоқ. Би, ақын, жырау, батыр, халыққа діни білім, шариғат үйрететін имамның қызметі ел мүддесіне сіңірген еңбегіне қарай, кемелділігімен бағаланып, халықтың зердесі арқылы танылып отырды. Кезкелген зиялы адам білімімен қоса, дәулеттің де иесі бола алады, болуы тиіс те еді. Елдің тұтастығы алдымен ұлт зиялыларының әлеуметтік танымындағы ұлттық мүддеге қызмет ету ісінің ортақтығымен тереңдейді. Сондықтан дәулет кезкелген адамның байлық иесі атануымен ғана шектелмей, жер мен елді жаудан қорғауда ұрпақтың өмірлік ұстанымының негізіне айналды.

1930 жылы өңірлердегі партия отырыстарында қазақ байларын тап ретінде тегістей жою мәселесі қайта-қайта қозғалған. Бұлархивтегіпартия отырыстарының хаттамаларынан көрінеді.Байларды бірнеше түрге бөліп, олардың әлеуметтік институт ретіндегі алдыңғы қатарын толығымен жою, ал қалғандарын қудалау, қоғамнан шеттету көзделді. Сол кездегі партияның жабық түрде өткен отырыстарының бірінің хаттамасында: «Казакстане разделяется на две категории баев: мелкие, встречающие в каждом ауле и крупные, имеюшие тысячные стада — потомки ханов и султанов… Мы будем бороться с обеими группами баев, но сильная борьба требуется против крупных баев. Необходимо применять к ним революционные меры…»,— деп жазылған. Бұнымен қоса Голощекин 1930 жылы 5 қаңтарда Ақтөбе округтік комитетіне арнайы хат жолдаған. Бұнда да ірі байларды жоюға қатысты шаралар (серіктік, артел, колхоздарды құрудағы мақсат) айтылған: «В связи реорганизацией системы с/х коперации зпт перевода простейших кооперативных обединении тип поселкового производственного обединения жестко проводит  изоляцию, байства зпт кулачества категорически воспретив доступ их простейшие кооперативны обединения …. является первой ступенью колхозу».

Мемлекеттің негізгі тірегі — халық. Байлар тарихта халықтың арқасында ұлттың мүддесін қорғайтын институтқа айналып отырған. Хандар билігі жойылғаннан кейін, яғни елдің өз билігі өзінен кеткен соң, барлық талап, міндет халықтың өзіне жүктелгені белгілі. Осы себептен, 30-жылдарда кеңес өкіметі қазақ қоғамындағы байлар институтын тамырымен жою үшін (олардың мал-мүлкін тәркілеу, кооперация, серіктік, ұжымдастыру, колхоз құру сияқты уақытша, тұрақсыз шаруашылық жүргізу тәртібін күштеп енгізу арқылы) қоғамдыүшке бөлген: біріншісі —кедей, батрактар, орташалар, екіншісі — бай-кулактар, үшіншісі — нағыз байлар. Большевиктер тарапынан бірінші топтағы адамдарды дәріптеп, оларды барлық салада пайдалану көзделді. Бай-кулактарғаөкіметке мойынсынған жағдайдакеңестік қоғамда өмір сүругемүмкіндік берілді. Ал қазақтың ірі байлары өз еркімен мал-мүлкінөкіметке тапсырса да, оларға еш мүмкіндік берілген жоқ. Аштықтың кезінде де бала-шағасымен қоса, азық-түліктей берілетін көмектен шеттетілді. Бұнымен қоса сол кездегі партияның жиналыстарында нағыз қазақ байларын дәулеті, беделімен қоса, хандар мен билердің ұрпағы деген көзқараста қоғамнан аластату керектігі жиі айтылды. Құжаттарда былай жазылған: «Правительство Казакстана раздат с конфискации скот крупных баев в первую очредь батракам и работникам не имеюшим ни одного лошады ни одного коровы. Батрак, бедняк работник аула пора просыпаться, подниматься. Ест пословица «Чью кошмы, того и сильны суставы». Время твое. Ты больше всех положил упорного труда в уходе байского скота, ты днем его пас, поил, а ночью неспавши караулил. Получи свою долю! Правительство Казакстана отдает конфискованный скот тебе. Не бойся, не поддавайся, постарайся в свое время получить свою долю».

Осы жерде ескеруді қажет ететін жайт, облыстық мұрағаттарда кездесетін байлардың мал-мүлкін тәркілеу, ұжымдастыруға қатысты партия отырыстары мен ОГПУ, НКВД хаттамаларындағы деректер (бай мен кедейге қатысты) екі түрлі көзқарас-пікірдеболып келеді. Партия отырыстарында кедей, батрактардың саны қоғамда көп деп тұжырымдалған. Ал ОГПУ, НКВД-ның жабық түрде өткізген отырыстарында (сол кезде құпия деп есептелген құжаттарда) байлардың беделінің күшті екені, сол себептен оларды қоғамнан (халықтан) бөлудің қиын болып жатқаны жазылған, олармен күресу үшін басқа да түрлі қатаң шешімдер қабылданған.Мал-мүлкін тәркілеуде арнайы коммунист жасақтарын құрып, қолдарына қару берген.Мәселен,1928 жылғы мал-мүлкі тәркіленіп, Қарқаралыға жер аударылған байлардың жеке істерінде олардың ең көп дегенде 5 жұмысшы ұстағаны көрсетілген. Бұл адамдардың (жұмысшылардың) барлығы да байлардың туысы, ең жақын адамдары болған. Осы деректерге қарап, қазан төңкерісіне дейін қазақ қоғамында халықтың барлығында мал басының болғанын аңғарамыз. Ал «кедей», «батрак», «бедняк» деген теңеу қазақ қоғамын бөлшектеп, ішкі құрылымын жою үшін қасақана енгізілген «ұғымдар» екенін түсіну қиын емес. Бөлшектеу саясатының қазақ қоғамына қайшы келетінін алаш зиялылары да жазды.Жүсіпбек Аймауытов: «Кәсібі мал баққан, әлеуметі ру басыға бағынған жұртта тап жігі, байлар, кедейлер табы деген нәрсе анық болмайды», —деген еді.

1930 жылы сәуірдеАқтөбе округтік комитетінің жабық түрде өткізілген отырысында Ырғыз ауданында «Кедей» қоғамын құру мен ұжымдастыруға қатысты жұмыстардың дұрыс жүргізілмей жатқаны, сондай-ақ байлар мен діни қайраткерлердің халық арасындағы ықпалының басымдығы, олардың әлі де өз күшінде екені қатты сынға алынған. Деректерге кезек берсек: «Иргизе ауыльные ячейки потеряли свое политические лицо. Несмотря на решение ЦК от 10 и 15 марта, статьи тов. Сталина, директив крайкома и решений окружкома, не осознал своих ошибок и должных мер их исправлению непринял…

Окружком призивает всех коммунстов районную партиную организацию на разяснение политики партии и советской власти по работе в ауле и на основе такого разяснения добиться мобилизаций обшественного мнения широких слоев трудящихся масс аула на преодоление стояших перед районом хозяйственных трудностей в разрешении проблем реконструкций животноводстве…». Байларды қудалау, елді осылай қыспаққа алудыңақыры аштыққа әкеліп соқтырғанын тарихтан жақсы білеміз.

1936 жылы желтоқсанда Ақтөбе обкомына баяндама түрінде жолданған хаттаЫрғыз ауданы бойынша 6160 қожалықтың ішінде 40-50 пайыз серіктіктің астық дайындауда өнім ала алмай отырғаны жазылған.  Олардың ішінде тең жартысына жуығы, яғни 2400 қожалықта (әр қожалықта) 1 сиырдан ғана ұстап отырғаны, 1000-ға жуық қожалықта түк мал қалмағаны көрсетілген: «В серктиках Нуринской части Иргизского района слишком тяжелое положение, болшинство хозяйств не имеют для зимовки ни одной избушкии… Большинство членов серктика не имеют не только одежды, но нет и никаких постельных принадлежностей, спят на земле — без постели… В одном серктике «Чожер»  ввиду отсутствия одежды дети в школу не ходят (в одном только ауле 16 детей). Население поголовно занято охотой на пушнину, но те которые не имеют лошадей пешком далеко ходит не могут, плюс к этому отсутствие одежду».1929-1931 жылдары көтеріліс болған аудандарда 1936 жылы да аштықтың сейілмегені байқалады.

1931-1933 жылдары аштықтың орын алуының негізгі себебібайлардың мал-мүлкі тәркіленіп, елдің бетке ұстайтын, тәжірибелі кісілерінің жаппай қуғындалуы еді.1930 жылдың өзінде кейбір аудандарда қыста байланыс болмай, аштыққа ұшыраған ауылдар саны аз болмаған. Осының барлығына байыппен қарар болсақ, ашаршылықтың орын алуына қатысты әлі де жан-жақты зерттеуді қажет ететін мәселе көп. Ал 1933 жылы 25 наурызда ОГПУ-дың Ақтөбе облыстық бөлімінің жабық түрде өткізген отырысында, облыста Ойыл, Торғай, Батбаққара, Темір, Шалқар, Табын және басқа да аудандарында аштыққа ұшырап жатқан адамдарды азық-түлікпен тегістей қамтамасыз ету мүмкін болмай отырғаны айтылған: «Продзатруднениями особенно остро поражены нижеследующие районы Актюбинской области: Уйлский, Тургайский, Батбаккаринский, Темирский, Табынский, Челкарский и частично остальные районы  области.

Далеко не полные данные собранные нашим райотделениями и райаппаратами но в отдельным пораженным участкам продзатруднениями  характеризурует чрезвычайно тяжелое положение в отмеченных районах».Ет, астық дайындау деген желеумен егіннің шығуы қиын аймақтарға халыққа күштеп астық ектірді. Қарапайым ауыл адамдары (оларды сол кездегі билік шаруалар деп атаған) астықтан өнім ала алмады, елге салмақ түсті, бұған қарамастан, техникасы да жоқ, барлық ауылдарға бөлінген жерге қолдап тары, бидай себу жүктелді. Ал халықтың ауқымдыалқапты атпен немесе өгіз соқамен жыртып, мол өнім алуы мүмкін емес еді. Оның үстіне егіннің шықпауында табиғатқа тәуелді себептер тағы бар. Шағын ауылдардың өзіне халықтан тартып алынған малдың көбі сыртқа кетіп, қалғанын 14-15 адамнан құралған серіктіктер ұстай алмаған.Қызылдар билігі ет дайындау мен астық өндіруге қатысты науқандардың оң нәтиже бермеуін тағы да байлардан көрді. Халықтың аштықтан басқа жаққа қоныс аударуына соларды кінәлі қылып көрсетуге тырысты. Большевиктердің байлардың соңына түскені соншалық, тіпті 1933 жылы Қарақалпақстанға ауа көшкен қазақтардың ішінен350-ге жуық адамды соңынан қуғындап, ұстаған. Бұларды«бұрынғы байлар», «халықты басқа жаққа қоныс аударуға бастаушы адамдар» деп атайды: «За время 1 15/1 – по 1/ІІІ – 33 г. нашей оперативной группой изято в Каракалпакии руководейтелей откочевок, баев 55 человек. Кроме того выявлено 291 человек, которое свойми к-р действиями препятствуют успешному проведению работу по возврашению в Казахстан…».

Аштықтың салдары ел ішінде адам шығынынан да басқатүрлі ауыр оқиғалардың орын алуына әкеліп соқтырды.Малы тартып алынған кейбір кісілер шолақ белсенділердің қолдан жасап отырған қателігіне шыдамады. Мал союға рұқсат берілмеді. Ең соңында ет тапсыру науқанында белгіленген жоспардың орнын толтыру үшін қарапайым адамдардан да мал алына бастады. Байлардың тізімі қайта жасақталып, мал басы бар адамдарқара тізімге ілікті. Осындай жағдай бұрынғы байлар түгіл, кеңес үкіметінесенген адамдар да пікірін өзгерте бастады. Ірі байларды қуғындаумен қатар, «бай», «атқа мінер» деген теңеу кез-келген бас көтерген адамға жала болып жабылды.Мәселен,Шалқар ауданында №23 ауыл тұрғыны Қыдырғали Жұбаниязов деген кісі (бұл кісі діни адам болған) Қарақалпақстанға қоныс аударған қазақтарға айтқан ақыл-кеңесі үшін қудаланған. Ол 1932 жылы 17 қыркүйектегі кедейлерге азық-түліктей көмектесу жөніндегі қаулыны бекерге шығарып, қазақтарға әзірге сол жақта болуын немесе Түрікменстанға қоныс аудару керектігін айтқан. Осындай жанашыр сөзі үшін байлар мен діни адамдардың«банда, бандалық топ жетекшісі» атанғанын көреміз. Молда Жұбаниязовқа қатысты ОГПУ мәліметтерінде былай делінген: «В связи с опубликованием постановления от 17 сентября 1932 г. среди бедноты возникло возвращенческое движение в целях препятствования этому мулла 23 аула Челкарского р-на Жубаниязов Кыдыргали как сам, так и через посредство баев повел работу против возврашения. В свой агитации они заявляли: «декрет от 17 сентября и продпомощь это лавушка из которой вам потом не выбраться, разорениеначинается вновь как только население немного окрепнет, достаточно и того крабежа и издевательства которое вы перенесли, мобилизуйте силы на продолжение откочевки в Туркуменстан, для соединения с народом который нас гостеприимно примет».

Халықтың ғасырлар қойнауынан жалғасып келе жатқан өмір сүру салты, өмір сүру қалпы қасақана ескерілмеген. Бұның әділетсіз екенін айтқан адамдар бірден халық жауы деп танылды. 1933 жылы қыркүйектегі ОГПУ-дың облыстық бөлімінің арнайы жазбаларында ауыл адамдарының да колхоздастыруға қарсы пікірлері қаралған. Қарапайым адамдардың: «Өмір сүрудің өзі қиындап барады, бізде Қарақалпақстанға қоныс аударуды ойлап жүрміз, ол жақта әйтеуір нан тауып, өмір сүруге болады дейді», «Кеңес үкіметінің заңдары халықты алдауға бағытталған, кедейлердің заңы дейді, бірақ сол кедейлердің өзі аштықтан өліп жатқан жоқпа?» — деген сөздер үшін айыпталғанын көреміз.

Сауатсыз адамдардың белсенді әрекеттері ұлттың тағдырына үлкен қауіп төндіргендіктен,бұрынғы байлар аштықта бай-кедей, большевик, басқа деп қарамай, адамдардың өмірін сақтап қалу керектігін өз ортасына түсіндірді.Колхоздағы адамдарға ықпалы жүрді. Бұрынғы байлардың көпшілігі осылайша ауыл адамдарын аштықтан аман алып қалуға тырысқан. Алайда осы халықты ашаршылықтан аман алып қалуға тырысқан кісілердің барлығы кейін қудаланды. Атылып кеткендері де бар. Олардың ауылдастары да солармен бірге репрессияға ілігіп отырған. Мәселен, сол кезде облысымыздың аудандарында аштықтан әлсіреп, өліп жатқан адамдарға көмектесіп,азғана мөлшерде тары мен ұн таратқан, кейін «банды», «шайка» деген жаламен қудаланған адамдардың аты-жөндерін келтірсек: Батбаққара ауданында — Құнанбай Абдрахманов, Жармағамбет Ерғалиев, Мұсағали Алмағанбетов, А.Тоқболатов, Қасым Мұқашев, Омар Нұрмағамбетов, Қабыланбек Ерғалиев, Сейітбек Ғалиев, Шынбергенов, Торғай ауданы бойынша —Қанқожа Байбосынов, Ерғазы Оспанов, Жулен Құрмалаев,Т.Текебаев, Алан Әбілқасымов, Арал ауданы бойынша —Құлжанов, Жұбаназаров, Әзизов және т.б. кісілер.Кейін бұл кісілер «астықты жымқырды», «үстінен пайда көрді», «байларға көмектесті», «байлардың жағында болды» деген айыптауларға іліккен.

Есімі аталған кісілердің ішінде колхоздарда қоймаға жауапты, ауылдық кеңесте жасайтын адамдарда болған. Бұлар да аштықтан қиналып жатқан ауылдастарына қол ұшын бергені үшін айыпталған. Айыптаулар ашаршылықтан кейін де жалғасып отырған. 1937 жылдары сталиндік репрессияға іліккен адамдардың біразы осы ашаршылықты, соның ішінде кеңес өкіметінің жүргізіп отырған саясатының қателігін көзбен көрген адамдар еді. Бай, байдың ұрпағы деген ұғым жала болып жабылды. Өздері бай болмаса да, әкесі, одан бұрынғы ата-бабасы бай болған кісілер де репрессия құрбаны болды. Егер мал санымен өлшенетін болса хандар заманында әрбір қазақтың бай болуға құқы бар. Себебі тарихи өмір, территорияны қорғау, ұлттық мүдде мәселесі кезкелген адамға ұлт шаруашылығын жүргізу құқын міндеттеп отырған. Ал кеңес билігі тұсында, тіпті аштықтың кезінде де бұрын бай, діни адам болғаны үшін қоғамнан шеттетілді. Қудалап, күн көрсетпегендіктен, олардың бірқатары амалсыздан басқа елге кеткен. Айналасындағы адамдар да өз еркімен оларға ерген.

Архив деректеріне үңілсек, жазықсыз қудаланған адамдар көп. 1930 жылдың өзіндеОйыл, Табын, Темір, Ақтөбе, Ақбұлақ аудандарында кеңес үкіметіне қарсы жасырын ұлттық сипаттағы ұйым құрды деп144 адам қудалауға іліккен. Олардың ішінде 107-сі бай, 10-ы діни адам деп көрсетілген. Қалғандары — ауылсовет және т.б. саланың өкілдері. Бұларға кеңес билігінің экономикалық күшін әлсіретіп, аудандардағы халықтың қоныс аударуын күшейтті деген жала жабылған: «Основными задачами организация поставила, путем подрыва экономической моши районов усилить откочевочное движение и в дальнейшем организовать банддвижение против соввласти. Следствие по делу ведется ОО облотдела».Кеңес үкіметі жүргізген солақай саясатқазақтың байлары сұрыптау жүргізіп, өсірген асылтұқымды малды да жойып жіберді.Қазан төңкерісіне дейін қазақтың байлары асылтұқымды жылқы, қой өсірген. Халықта да асылтұқымды мал болған. Сол кездегі байдың ұрпақтары үйірге салатын айғырды құлын кезінен бал беріп, баптап өсірген еді деседі. Қазақтың көшпелі тұрмысы мал шаруашылығына қажетті жердің құнарын, экологиялық ахуалды бір қалыпта ұстап отыру үшін де сақталғанын ескеру керек. Ал кеңес билігі құрған совхоз, колхоздар, кейінгі тың игеру жердің тозуына әкелді. Қазір кейбір аймақтарда осы жердің тозуына қатысты үлкен мәселелер туындап отыр.

Кезкелген елдің мәдениетінің, экономикасының дамуы,ең алдымен, оның болмысы мен шаруашылық тәжірибелерінебайланысты. Сол себептен қазақ қоғамында билер мен шешендер, байлардың дәстүрі тамырын тереңге жайған. Байлар, біріншіден, ұлт шаруашылығын жүргізумен қатар, заман ағымын түсінген деадамдареді. Қазақ байлары сол заманның өзіндезаман ағымына сай, сауда, тауар, ақша айналымының жүйелі түрде болуы керектігін білген. Сол үшін олар болыс, сот қызметінде жүріп, шаруашылыққа ие болумен қатар, ауылдардағы білім беретін медреселердің де қызметін күшейтіп, сауданың дамуына әсер етіп, үлкен жәрмеңкелер ұйымдастырған.

Сталиндік саясаттың құрбаны болған байлардың тағылымынан байқайтынымыз, қоғамда капиталистік қатынастарды қалыптастыру үшін, алдымен ұлттың шаруашылығымен байланысты кәсіпті түрлендіру қажет. Оны қазіргі тілмен айтқанда технология дейміз. Асылтұқымды мал санын көбейту, малды асылдандыру, азық-түлік өнімдерін шығару және тағыда басқа міндеттер сол кездің өзінде қазақ қоғамының алдында тұрды. Өкінішке қарай, бұлардың жүзеге асырылуына патша үкіметінің, одан кейінгі большевиктердің саясаты үлкен кедергі, бөгет болған. Осы кедергілерді біржола жоя алмаса да, алаш зиялылары, қазақтың сол кездегі байлары түбінде кеңестік қоғамның іштей үгітіліп,жаңа әрі дұрыс бағыттағы экономиканың күш алатынын білген. Мұстафа Шоқай қазақ қоғамындағы ұлт зиялыларын қудалаудың еш қисынға сыймайтынын айта отырып, былай деді: «Лениннің өзі орыс патшалық түзімі шенеунігінің ұлы еді. Сталин Грузиядағы рухани семинарияда оқыды. Оны әке-шешесі ортодокс клисасының попы болуға дайындаған. Осыншама қамалып, атылып жатқан түркістандықтардың арасында сол Лениннің атасындай патшадан жер алып, ілтипатына бөленген бірде-бір адам жоқ….».

Патша заманында қазақ байлары елдің тірегі болғандықтан, олардың айналасына бүкіл халық шоғырланды. Яғнихандар мен билер дәстүрі кеткен соң,елдің ішкі тұтастығы мен тұрмысын байларсақтап отырды. Олар ұлтқа, ата-бабаның кіндік қаны тамғанатамекенге ие болып отырған еді. Байларды қуғындау, тап ретінде жою қазақ қоғамын біржола күйреткен науқан болды. Тарихымыздың бұл қасіретті парақтарына байланысты зерттеулер алда да жүргізіліп, ол заманның шындығы, әр адамның тағдыры тізбектеліп, аршылып алына бермек.

 

Үмбетқан СӘРСЕМБИН,

философия ғылымдарының кандидаты,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі.

 

/aqtobegazeti.kz/