Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ең басты құқық та бұйырмаған заман еді…

Ең басты құқық та бұйырмаған заман еді…

Алдағы жексенбіде елімізде республикалық референдум өткелі отыр. Қазақстандағы 18 жастан асқан әр азамат тегіне, әлеуметтік не басқалай жағдайларға қарамастан, сайлауға қатысып, өз дауысын бере алады. Сайлауға қатысу — еліміздегі әр азаматтың ең басты саяси құқығы.

Ал осыдан бір ғасыр уақыт бұрын, кеңес билігі мұндай құқықты елдегі барлық азаматқа бірдей берген жоқ. Сайлау құқығына тек еңбекші тап өкілдері ғана ие еді. Байлар, діни қызметкерлер, саудамен, жеке кәсіппен айналысатын адамдар сайлауға қатыса алмайтын. Бұл 1918 жылы қабылданған РСФСР Конституциясында белгіленген заң талабы болатын.

Мәселе онымен ғана біткен жоқ, сайлау құқығынан айырылған адамға басқа да толып жатқан шектеулер қойылды. Бұдан сайлау құқығы жоқ адамның өзі ғана емес, бүкіл отбасы зардап шекті. Мысалы, ондай адамның баласы кеңес мектебіне қабылданбайтын, ал оқып жүргені анықталса, дереу қуылатын…

Кеңес заманындағы қуғын-сүргіннің осы және басқа да қасіреті, оның әлі де ашылмаған, зерттелмеген тұстары төңірегінде сейсенбі күні Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде өткен дөңгелек үстелде айтылды. 31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған жиын облыстықішкі саясат басқармасы мен аталмыш университеттің тарих және дінтану кафедрасының ұйымдастыруымен өтті.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Рахым Бекназаров жиынды аша отырып сөйлеген сөзінде өткен ғасырдың 20-50жылдарындағы саяси қуғын-сүргіннің құрбандарын толық ақтау үшінжүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.

— Жазықсыз құрбандарды ақтау, зерттеу ісі біздің елімізде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ қолға алынды. Бірақ істі нақты бағыттар арқылы, жүйелі жүргізу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың2020 жылы24 қарашада қол қойған «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлығынан басталды.Осындай комиссиялар өңірлерде, соның ішінде біздің облыста да құрылды. Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мақсатымен архивтерде жүргізіліп жатқан зерттеу жұмыстарына біздің университеттің тарихшы ғалымдары, магистранттар атсалысып отыр. Бұл — бірер жылдың айналасында біте қоймайтын өте ауқымды жұмыс, — деді Рахым Ағыбайұлы.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ләззат Аманжолова дақуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бағытында өңірімізде жасалып жатқан жұмыстарға кеңірек тоқталып:

— Бұл — көп зерттеуді қажет ететін, инемен құдық қазғандай жұмыс. Менғалымдарымыздың, зерттеушілеріміздің тарихымыздың осы қасіретті тұсының шындығын аршып алып, жарыққа шығаруға өте-мөте жауапкершілікпен қарап, барынша ынта-ықыласпен еңбектеніп жүргеніне куәмін. Сол еңбектің арқасында бүгінге дейін мемлекеттік комиссияға 2400 адамды ақтау жөнінде ұсыныс жолданды. Өткен жылғы зерттеулердің бір парасы «Ақтөбе өңіріндегі кеңестік қуғын-сүргін зобалаңы» деген атпен кітап болып жарыққа шықты. Жақын уақытта екінші кітап жарыққа шығады. Ата-бабалар рухы үшін де, болашақ ұрпаққа ақиқатты жеткізу үшін де, тарихымызды түгендеу үшін де қажет осы ауыр да абыройлы жұмысты атқарып жүрген ғалымдарға, тарихшыларға сәттілік тілеймін, — деп атап өтті.

Университеттің тарих және дінтану кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Гүлбану Ізбасарова қуғын-сүргін жылдарының тарихын қайта зерделеу, құрбандарды толық ақтау жұмыстарының барысында бұрынғы кеңестік тарихта қолданылған тұжырымдарды кей тұста қайта қарау қажеттігіне тоқталды.

— Мысалы, қазақ қоғамында бай — жай ғана байлық иесі емес еді, ол бір рудың, ауылдың басшысы, яғни елді басқарып отырған элита өкілі, ел иесі болатын. Сонымен бірге өкіметтің халыққа өте ауыр тиген күштеп ұжымдастыру және басқа саясатына қарсы бас көтерген көтерілісшілер тағдыры да күрделі мәселе. Өйткені көтеріліс болған жерде адам өлімі де болды. Зерттеулер барысында осындай нәзік тұстарды ескере отырып, қорытындылар жасау үшін де, үлкен жауапкершіліккерек, — деді Гүлбану Болатқызы.

Жиында бүгінге дейінгі зерттеулердің қорытындысы бойынша тарих ғылымдарының докторы, профессор Ұ.Исмағұлов «Сайлау құқығынан айыру — кеңестік қуғын-сүргіннің бір белгісі» тақырыбында, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Д.Әбенов «Қазақ байларының саяси қудалануы» тақырыбында, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент А.Мәден «Ақтөбе өңіріне күштеп жер аударылғандардың көшірілуі және олардың қайта қуғындалу тарихы» тақырыбында, т.б. баяндамалар оқылды.

Сөзіміздің басында айтылған қуғын-сүргін барысындағы сайлау құқығынан айыруға байланысты жайттарды профессор Ұзақбай Исмағұловтың баяндамасынан білген едік. Ғалымның айтуынша, сол кездегі заң бойынша, сайлау құқығынан айырылған адамға жоғары салық салынған, түрлі құрылыс салуға рұқсат берілмеген, азық-түлік карточкасы, медициналық көмек алуға құқы болмаған, тіпті армия қатарына алынбаған, яғни қолына қару алып, елді қорғау құқығынан да айырылған. Осы шектеулер сайлау құқығынан айырылған адамның бүкіл отбасына да жүктелген. Ал бұл тұтас отбасының қоғам өмірінен тыс қалуына әкеліп соқтырар еді. Сондықтан заң жүзінде әйелі күйеуінен, баласы әкесінен бас тартуға тура келген жағдайлар да болған. Бір сөзбен айтқанда, осындай қысым арқылы байларды, дін қайраткерлерін, өз күнін өзі көріп отырған кәсіп иелерін сайлау құқығынан айырып қана қоймай, қоғамнан біржола қудалау, отбасынан да айыру көзделген.

Жиында прокуратура саласының ардагері Елубай Жұмабаев сөз алып, прокуратура органдарының архивінде де саяси қуғын-сүргінге қатысты қозғаусыз жатқан құжаттардың, материалдардың көп екенін, зерттеулер барысында оларды да пайдалану керектігін айтты. Ал сол қасіретті жылдардың зардабын шеккен әулеттің өкілі, Құдайберген Жұбановтың тікелей ұрпағы — Ардақ Жұбанова қуғын-сүргін құрбандарын ұмытпау олардың рухы алдындағы бүгінгі ұрпақтың парызы екенін айта келіп, жиынды ұйымдастырушыларға өзінің алғысын жеткізді.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

 

/aqtobegazeti.kz/