Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > Қоғамның жаңаруы — жақсылық нышаны

Қоғамның жаңаруы — жақсылық нышаны

Кеше Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің филология факультетінде «Қазақстандағы референдумның өткізілу мақсаты мен міндеті» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелге қатысушылар ел дамуындағы Конституцияның рөлі мен Жаңа Қазақстанды құрудағы конституциялық реформаның маңыздылығын талқылап, референдумға қатысты өз ой-пікірлерімен бөлісті.

  • Референдум — Қазақстанның барлық азаматы қатысатын маңызды шара. 5 маусымда референдумға баруымыздың басты себебі — Жаңа Қазақстанның қалыптасу жолын айқындайтын Конституциямызға өзгерістер енгізуге үлес қосу, осы саяси шараға атсалысу. Бұл шараның басты ұстанымы — халықтың осы өзгерістерге үн қосуы, әр азаматтың ел болашағының жарқын болуына үлес қосуы. Атап айтсақ, бұл референдумда суперпрезиденттік басқарудан бас тартып, президенттік республика моделін қалыптастыру, биліктің бірқатар өкілеттілігін қайта өткізу, Парламенттің мәртебесі мен рөлін өзгерту, азаматтардың құқықтық қорғау тетіктерін күшейту сияқты бағыттар бойынша өзгерістер енгізуді халықтың пікіріне, талдауына салынып отыр. Сондықтан сіздерді осы саяси шараға қатысып, өз дауыстарыңызды беруге шақырамын, — деді факультет деканы Гүлжан Шоқым.

Шарада «Жұбановтану» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Мұхтар Миров, қазақ филологиясы кафедрасының доценті Нұрдәулет Алдашев пен Нұрбол Сәдуақас, құқықтану кафедрасының оқытушысы Лаура Тайжанова, т.б. өз пікір-ұсыныстарын жеткізді.

— Конституциялық реформа — қоғамның сұранысы мен ұсынысынан туындаған, Президенттің саяси реформаларын билікте жүзеге асыру, билік пен халық арасында диалог құру. Сондықтан Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған Конституциялық реформалар — бұл елімізді дамуға бастайтын қадам, соны біз түсініп, өзгелерге жеткізуіміз керек. Алдағы уақытта елімізде саяси жүйе түбірімен өзгереді, сол үшін біз жаңа, оң өзгерістерге сәйкес әрекет етуіміз керек, — деді Л.Тайжанова.

Шара соңында факультет оқытушылары референдумды бірауыздан қолдап, 5 маусымда өз учаскелеріне барып дауыс беретіндігін жеткізді.

                                                                                                            Д.ҚАЗИХАН

/aqtobegazeti.kz/