Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Референдум кеңінен талқыланды

Референдум кеңінен талқыланды

Бүгін облыс әкімінің кеңесшісі Сәния Қалдығұлова мен белгілі кәсіпкер, меценат Арынғазы Беркінбаев Жұбанов университетінің жастарымен жүздесіп, еліміздегі Конституциялық реформаны талқылады.

Жиынды ашқан Басқарма төрағасы-ректор Лаура Қарабасова республикалық референдум жаңа Қазақстанды құруда маңызды өзгерістер әкелетінін атап өтті.

Жұбанов университетінің түлегі Сәния Қалдығұлова 5 маусымда өтетін референдумды, Ата заңға енгізілетін өзгерістерді түсіндіре келіп, жалпыхалықтық дауыс беруге қатысу қоғамды өзгертуге жасаған маңызды қадам болатынын баса айтты.

5 маусым күні өтетін республикалық референдум туралы кеңінен хабардар ету үшін жер-жерде кездесулер өткізіп жүрміз. Ондағы мақсат — халыққа аталған саяси науқанның маңыздылығын жеткізу. Қазақстан Конституциясының 33 бабына өзгерістер енгізіледі. Мұның ел дамуына айрықша әсер ететіні сөзсіз, — деді Сәния Мұсақызы.

Бұл кездесуден кейін университеттің профессор-оқытушылары мәжіліс депутаттары, AMANAT партиясының республикалық штабының мүшелері Ғалымжан Елеуов, Аманғали Бердалинмен кездесті.

Жиында депутаттар референдумның маңыздылығына тоқтала келе, халық даусының шешуші рөл атқаратынын алға тартты.
Өз кезегінде, Аманғали Бердалин референдумды өте маңызды саяси оқиға ретінде қарауға және белсенді қатысуға шақырды. Депутаттың пікірінше, бар мәселені тек қана мемлекет шешеді деген парадигманы өзгерту керек.

— Алғаш рет конституциялық реформа тікелей жалпыхалықтық дауыс беру арқылы жүзеге асырылатын болады. 33 бапқа түзетулер енгізіледі. Бұл — Конституцияның үштен бір бөлігі қайта жазылады деген сөз. Конституциялық реформаның мақсаты — қазіргі саяси модельді жүйелі түрде трансформациялау, — деді Аманғали Бердалин.

Ғалымжан Елеуов конституциялық реформа қоғамды демократияландырудың шынайы қадамы екенін айтты. Депутаттың пікірінше, референдум суперпрезиденттік модельден президенттік республикаға түпкілікті көшу, бірқатар билік өкілеттіктерін қайта бөлу, Парламенттің рөлі мен мәртебесін күшейту, халықтың елді басқаруға қатысуын кеңейту, азаматтардың құқықтарын қорғаудың конституциялық тетіктерін күшейту сияқты іргелі өзгерістерге жол ашады.

Жиында депутаттар референдумда халық даусы шешуші рөл атқаратынын айтты. Сол үшін мұндай маңызды сәтте азаматтарды белсенді болуға шақырды.