Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Таңба — ұлттық түп-тегіміздің төлқұжаты

Таңба — ұлттық түп-тегіміздің төлқұжаты

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің қызметкерлері Мемлекеттік рәміздерінің қабылданғанына 30 жыл толуына орай «Ел рәміздері — еркіндік нышандары» атты дөңгелек үстел өткізді. Бұл шараға негізінен жастар, кітапхана оқырмандары қатысты.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Айнагүл Еспембетова Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері және оның даму тарихын тереңінен баяндады.

— Бүгінде Қазақ елі — мақсаты айқын, бәсекеге қабілетті елдермен иық тірестіруге бел буған, жас та болса қуатты мемлекет, дербес рәміздері мен айбынды әскері, ұлан-ғайыр өлкесі бар ел. Азаттығымыздың айғағы — мемлекеттік рәміздер. Біздің қастер тұтатын, жігерімізді жанып, рухымызды көтеретін — Көк байрағымыз, Елтаңбамыз және Әнұранымыз бар. Қазақ жерінде алғашқы мемлекеттік бірлестіктер қашан пайда болса, елтаңбалар тарихы да сол кезеңнен басталады, — деді ол.     

Аталған оқу орнының әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Есбол Мұханбетқалиев ұлттық құндылықтарымызды қазақ жастарының бойына дарытуды халықтың тарихымен, әдет-ғұрпымен, салт-дәстүрімен байланыстыра түсіндіріп берді. Осы бөлім жанындағы «Елмұра» ұлттық-танымдық клубының мүшесі, кітапхананың тұрақты оқырманы, Халықаралық сауда компаниясының тәуелсіз өкілі  Нұрболат Құлшаров жастарды мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, ұлттығымызды, елдігімізді көрсететін нышандарды әрдайым құрметтеуге шақырды.

Рәміздер күніне арналған іс-шараны кітапхана директоры Құралай Райымбаева қорытындылап, қонақтарға алғысын білдірді.

Шара соңында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті студенттері қазақ ақындарының «Мен туымды мақтан етемін!», «Өз туым!» өлеңдерін оқып, «Қазақ елі» әнін орындап берді. Іс-шараға қатысқан колледж оқытушылары мен студенттері, кітапхана қызметкерлерінің назарына «Қос қанатты пырағым!» атты кітап көрмесі, слайд ұйымдастырылды.

Сәулетші, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының  авторы Жандарбек Мәлібекұлының: «Таңба — ежелгі бабаларымыздан бермен қарай үзілмей жалғасып келе жатқан ұлттық түп-тегіміздің төлқұжаты», — деген сөзі бар. Яғни «ұлттық түп-тегіміздің төлқұжаты» саналатын рәміздерімізді құрметтей білейік.

 

/aqtobegazeti.kz/