Суббота, Июнь 25, 2022
Басты > Жаңалықтар > Шетелдік ғалым Жұбанов университетінің «Құрметті профессоры» атанды

Шетелдік ғалым Жұбанов университетінің «Құрметті профессоры» атанды

Жұбанов университетінде білім алушыларға халықаралық беделі жоғары әрі өзіндік ғылыми мектебі қалыптасқан шетелдік ғалымдар дәріс беріп келеді. Солардың бірі — Эстониядағы Тарту Университетінің профессоры, физика-математика ғылымдарының докторы Александр Лущик. Ғылыми кеңес мәжілісінде ғалымға Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Құрметті профессоры» медалі мен аттестаты табысталды.

Университет ректоры Лаура Қарабасова Жұбанов университеті мен Эстониядағы Тарту университеті арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында ғылыми байланыстың нығая түскенін, профессордың оқу орнында мықты мамандарды даярлауда қосып келе жатқан үлесін айрықша атап өтті. Профессордың сыйлығын физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Қуанышбек Шүңкеев қабылдады.

Жиынға онлайн қатысқан Александр Лущик өз кезегінде Жұбанов университетімен әріптестік қарым-қатынас негізінде көптеген іс-шараның жүзеге асатынына сенім білдіріп, көрсетіліп жатқан сый-құрметке алғысын білдірді.

Александр Лущик университеттің Физика кафедрасында 2018 жылдан бері қызмет атқарып, «Физиканы зерттеу әдістері» пәні бойынша ағылшын тілінде студенттерге дәріс оқиды. Ол Диссертациялық кеңестің тұрақты мүшесі, 4 докторанттың ғылыми кеңесшісі, профессор-оқытушыларымызбен бірге импакт факторы жоғары басылымдарда жарияланған ғылыми мақалалардың бірлескен авторы. Ғалым 5 жоғары рейтингті журналдың рецензенті, Web of Science және Scopus базаларының көрсеткіші бойынша Хирш индексі – 26.