Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Денсаулық сақтау департаменті студенттермен кездесті

Денсаулық сақтау департаменті студенттермен кездесті

Технология қарыштап дамыған білім ғасырында медицина саласы түрлі жаңалықтарға толы болғанымен, озық ойлы, білікті мамандарды толғандырып, емін таба алмай келе жатқан дерттің бірі – ЖИТС. ЖИТС (жүре пайда болған иммунитет тапшылығының синдромы) – аса қатерлі вирустық дерт. ЖИТС вирусы алғаш рет 1981 жылы АҚШ-та Колифорния штатында кистозды пневмонияға шалдыққан гомосексуалистер арасында табылған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 1988 жылы 1 желтоқсанды ЖИТС-пен күресу күні деп белгілегені баршамызға мәлім. Университетте жастарды ЖИТС-тен сақтандыру, алдын алу мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылып, арнайы мамандармен кездесулер жиі өткізіліп тұрады. Сондай шаралардың бірі кеше университеттің Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің ұйымдастыруымен өтті.

Кездесуге Ақтөбе облысы қоғамдық денсаулық департаментінің қоғамдық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы Джексенбай Князов, Ақтөбе облыстық наркологиялық диспансерінің емхана меңгерушісі Балзада Мырзатлеуова, Ақтөбе облыстық ЖИТС алдын алу және оған қарсы күрес орталығының дәрігер-эпидемиологы Айжан Жаулаубаева, Ақтөбе облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің қоғамдық денсаулық сақтау бөлімінің маманы Ақжарқын Умарова, «Арасан-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өкілі Алмагүл Айткуловалар қатысты.

Кездесу барысында мамандар ЖИТС ауруының таралуы, одан қалай сақтану қажеттігіне тоқталды. Ақтөбе облыстық ЖИТС алдын алу және оған қарсы күрес орталығының дәрігер-эпидемиологы Айжан Жаулаубаева облыс бойынша статистикалық мәліметтер келтіре отырып, жастарға денсаулықтарына мұқият болуға шақырды. Сондай-ақ, А.Жаулаубаева жастар арасында тренинг өткізді. Ол тренингті өткізу арқылы жастарға аурудың таралу жолдарын түсіндірді. Ақтөбе облыстық наркологиялық диспансерінің емхана меңгерушісі Балзада Мырзатлеуова темекі тарту, алкоголді ішімдіктерді ішу, нашақорлық үлкен өкінішке соқтырып, жастар өміріне, денсаулығына зардабын тигізетіндігі жайлы кең түрде түсіндіріп өтті.

Мамандар жиналған жастарға анкеталық сауалнамалар жүргізді. Студенттер арасында да мамандарға көптеген сұрақтар қойылды. Олар аурудың белгілері бола ма, жұқтыру қаупі қандай, вирус жұқтырған адамға қандай көмектер қажет деген сұрақтар төңірегінде қонақтарға сауалдар жолдап, толыққанды жауаптар алды.