Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Азамат есімі ардақталды

Азамат есімі ардақталды

Дөңгелек үстел

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ұйымдастыруымен 2004-2012 жылдары Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтын басқарған ректор, экономика ғылымдарының докторы, профессор Ғалымжан Нұрышевты еске алуға арналған іс-шара өтті.

Шарада алдымен университет басшылығы мен өзге облыстардан келген қонақтар Ғалымжан Нұрышев тұрған үйдің қабырғасына орнатылған ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойып, ғалым-ұстазды еске алды.

Бұдан кейін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Жастар сарайындағы «Мәңгілік ел» мәжіліс залында «Азамат. Ғалым. Басшы» атты дөңгелек үстел өтті.

Басқосуды университет ректоры Лаура Қарабасова жүргізді.

Ғалымжан Нұрышевты еске алуға арналған шарада оның өмірде қол жеткізген жетістіктері, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтын басқарған кезеңдегі жобалары мен бастамалары, адамгершілік қасиеттері мен азаматтық болмысы туралы айтылды. Сондай-ақ жиналғандар оның зайыбы, ұстаз Күлімхан Бәйкенқызы туралы да өз естеліктерімен бөлісті.

— Ғалымжан ағамыздың өмірінің ең бір жарқын да сәулелі тұстары Ақтөбе өңірімен байланысты деуге болады. Ол 2004 жылы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры болып тағайындалды. Содан бергі кезеңде осы оқу орнының республикадағы жетекші  білім ордаларының біріне айналуына қомақты үлес қосты. Ол институттағы оқу-тәрбие үдерісіне инновациялық технологияларды кеңінен енгізу  арқылы білім беру ісін халықаралық стандарттар деңгейіне көтеру бағытында жасалған ірі қадамдардың бастамашысы болды. Институт соңғы жылдары рейтинг бойынша педагогикалық білім ордалары арасында алдыңғы орынды иеленді. Сондай-ақ Ғалымжан Жұмабайұлы өңірдің қоғамдық жұмыстарына да белсене араласты. Ол бірнеше рет облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланды. «Қазақ тілі» халықаралық ұйымының облыстық филиалының төрағасы болды.

Биыл 12 маусымда тірі болса Ғалымжан Жұмабайұлы 65 жасқа толар еді. Осыған орай бүгін біз ғалымды еске алып, оның рухы риза болсын деген ниетпен осындай іс-шара өткізіп отырмыз. Бүгінгі жиынға ағамыздың әріптестері, шәкірттері мен туыстары арнайы келіп отыр. Баршаңызға сол үшін алғыс білдіремін, — деді университет ректоры.

Дөңгелек үстелде облыстық мәслихат депутаты Бижан Қалмағанбетов облыс әкімі мен облыстық мәслихат хатшысы атынан университет басшылығына ризашылығын білдіріп, жүрекжарды лебізін жеткізді.

Ғалымжан Жұмабайұлы ұлтын сүйген, қоғамдық іс-шараларға әрдайым белсене атсалысатын іскер басшы, адамгершілігі мол азамат еді. Бүгінде оның артында ізгілікті істері, көптеген еңбектері, ұрпақтары қалды. Оның есімі ешқашан ұмытылмайды. Осы орайда мен шараны ұйымдастырған университет басшысына облыс әкімі мен облыстық мәслихат хатшысы атынан рақметімді айтамын! Баршаңызға сәттілік тілеймін, — деді ол.

Дөңгелек үстелде М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы Алтай Тайжанов Ғалымжан Жұмабайұлы мен оның зайыбы Күлімхан Бәйкенқызы туралы өз естеліктерін айтты.

— Мен Ғалымжан Жұмабайұлын сонау 1980 жылдардан бері жақсы білемін. Ол кезде Атырау облысында қызмет етіп жүрген болатын. Ғалымжаннан бұрын оның зайыбы Күлімхан екеуміз университетте қатар оқыдық. Оларды кезінде мен таныстырып едім. Кейін олар үйленіп, Санжар мен Гаухар дүниеге келді. Одан бергіде Ғалымжан Жұмабайұлы Ақтөбеге қызмет бабымен ауысып келіп, облыста қатар еңбек етіп, сыйласып едік.

Ғалымжан Жұмабайұлы — қызметте меритократиялық принцип арқылы ассистенттен ректорлыққа дейін көтерілген іскер басшы, абыройлы азамат. Ол туралы ел азаматтары тек жылы сөз ғана айтады. Ғалымжан сияқты ерек, өмірде де, білімде де, ғылымда да өзіндік орны бар азаматтар қазір қоғамда аз, — деді ол.

Шарада сондай-ақ Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының профессоры, техника ғылымдарының докторы, физика-математика және ақпараттық технологиялар факультетінің деканы Бекет Кенжеғұлов, радиациялық физика ғылыми орталығының директоры, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі Қуанышбек Шүңкеев, тарих ғылымдарының докторы, профессор Нұртаза Абдоллаев, т.б. ғалым туралы жылы пікірлерін айтып, жиынға қатысқан Ғалымжан Жұмабайұлының ұлы Санжарға жүрекжарды тілектерін жеткізді.

 

Данагүл ҚАЗИХАН.

/aqtobegazeti.kz/