Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Сембай Ерғалиұлы Қаңтарбай: Жастар жігерлендіреді

Сембай Ерғалиұлы Қаңтарбай: Жастар жігерлендіреді

Педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, құрметті профессор, «Ы.Алтынсарин» белгісінің иегері,​ Қазақстанның Педагогикалық ғылымдар Академиясының корреспондент-мүшесі​ ​
Сембай Ерғалиұлы Қаңтарбай мерейлі 80 жасқа толды.

Ол 1942​ жылы 25 мамырда Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Ойыл селосында дүниеге келді.
Педагогикалық​ еңбек жолы 1969 жылдан басталды.​ Ойыл​ аудандық оқу бөлімінің инспекторы, мектеп мұғалімі, «Білім» қоғамының жауапты хатшысы, Ақтөбе педагогикалық училищесінің «Педагогика және психология» пәнінің мұғалімі, мектеп бөлімінің меңгерушісі, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде кафедра меңгерушісі және декан​ қызметін атқарды.
1990 жылы А.И.Герцен атындағы Ленинград
(қазіргі Санкт-Петербург)педагогика университетінің «Бастауыш оқыту педагогикасы мен психология» кафедрасына ізденуші ретінде бекітіліп, кандидаттық диссертациялық жұмысын дайындап, 1996 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде орыс тілінде «Формирование учебной деятельности как средство трудового воспитания младших школьников» тақырыбы бойынша кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты.
Ғылыми жетекшілері А.И.Герцен атындағы Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург)педагогика университетінің «Бастауыш оқыту педагогикасы мен психология» кафедрасының меңгерушісі, педагогика және психология ғылымдарының​ докторы, профессор Г.И.Вергелес және Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор​ Т.С.Сабыров болды.
100-ге жуық ғылыми еңбектері Қазақстан және жақын шетел баспаларынан шықты, оның ішінде «Кіші мектеп жасындағы оқушы тұлғасының психологиялық-педагогикалық диагностикасы», «Педагогикалық практикаларды ұйымдастыру және өткізу материалдары», «Шағын комплектілі мектеп және оқу әрекеті» оқу құралдары, «Бастауыш кластардағы өзін-өзі басқару арқылы коллективтік творчестволық істерге үйрету», «Бастауыш кластарда сабаққа талдау жасау әдістемесі», «Методика изучения уровня трудового воспитания младших школьников», «Формирование учебной деятельности как средство трудового воспитания младших школьников», «Бастауыш сынып оқушыларының оқу әрекетін қалыптастыру» т.б. әдістемелік оқу-құралдарының орны ерекше. 2011 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі бекіткен «Ғылыми-педагогикалық зерттеу әдістемесі» оқулығы Алматы «Дәуір» баспасынан жарық көрді және 2018 жылы әдістемелік электрондық оқу құралы болып шықты. Бұл еңбектерді қазір мектеп мұғалімдері және университет оқытушылары, студенттер, магистранттар пайдалануда.
Сембай Ерғалиұлының ғылыми-зерттеу жұмыстары мектеппен тікелей байланыста. Мысалы, Ақтөбе қаласы №32 гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Қ.М.Молдасалиеваның іс-тәжірибесін жинақтауға басшылық жасады.
№1 Шұбарқұдық қазақ орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімдері С.Берікова, Р.Шапатовалар оқу әрекеті проблемалары бойынша​ ​С.Е. Қаңтарбайдың басшылығымен педагогикалық эксперимент жұмыстарын жүргізді. Эксперимент нәтижесі 1-сыныпқа арналған «Математика» оқулығындағы «Есеп» тақырыбын оқушылардың тереңірек меңгеруіне ықпал етеді. Сол эксперимент нәтижесімен Ақтөбе облысының 300-дей бастауыш сынып мұғалімдері таныстырылды және ол «Бастауыш мектеп» республикалық ғылыми-әдістемелік, педагогикалық журналында жарияланды.
Ғалымның жарияланған ғылыми нәтижелері мен ұсыныстары әрқашан жаңашылдығымен назар аудартып, мұғалімдер мен студенттер арасында қолдау тауып, оларды шығармашылыққа жетелейді.
«Бастауыш сынып оқушыларының оқу әрекетіне танымдық қызығушыларын қалыптастыру» мәселесі бойынша ғылым кандидатын дайындады.
Мәскеу ғалымы В.А.Орехова өзінің «Педагогика» оқулығында Сембай Ерғалиұлының ғылыми еңбегіне сілтеме жасайды.
Педагогикалық қызметтегі табыстары үшін бұрынғы одақтық және қазіргі отандық марапаттар алған, ол -«СССР орта арнаулы оқу орнының», «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» белгілерімен, «Қазақстан Республикасы оқу-ағарту Министрлігінің, ВЛКСМ Орталық Комитетінің Құрмет грамоталарымен​ және облыстық жоғары оқу орындарының «Үздік оқытушысы» ретінде облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталған. Ақтөбе облысының «Лениндік бесжылдықтың еңбек даңқы Кітабына» енгізілген. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым қызметкерлерінің ІІІ съезінің делегаты болған. СССР Жоғары Советі Президумының Указымен «Ұлы Отан соғысының​ 20 жылдық Жеңісіне» байланысты юбилейлік медалімен марапатталған.​
Сондай-ақ, ҚР «Білім және ғылым​ қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» белгісімен,​ «Жұбанов» медалі, «Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне 85 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.
Сембай Ерғалиұлы Қаңтарбай қазір Zhubanov University​ «Педагогика, психология және бастауыш оқыту» кафедрасында профессор-оқытушы​ қызметін атқаруда.
Ардагер ұстаздың 80 жасқа толу құрметіне университетте «Қазіргі бастауыш мектепте оқу мен еңбек әрекеті: әдіснамасы және технологиясы» тақырыбында аймақтық ғылыми-әдістемелік семинар өтті. Шараға
университет ректоры Лаура Қарабасова арнайы қатысып, ғалымды мерейтойымен құттықтады.
«Ғылымда өз жолын салып қана қоймай, кейінгі ұрпаққа тәрбиелік тағылымы, өнегесі, құрметімен абыройлы азаматтың бірі​ -​ Сембай Ерғалиұлы. Ағайдың ғалым ретіндегі рөлінен басқа,​ кішіпейілдігі өз алдына бөлек.
Сембай Ерғалиұлы өзінің сексен жылдық белесіне ғылыми мол әлеуетімен, өнегелі өмір жолымен, бай тәжірибесімен келіп отыр, — деді ЖОО басшысы.
Мерейтой иесіне университет Бастауыш кәсіподақ ұйымы атынан ықылас гүл шоқтары табыс етіліп,​ иығына шапан жабылды. Сонымен бірге Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкелерінің кәсіподақ ұйымы емделу шипажайына тегін жолдама берді.

Бар ғұмырын өңірге педагогика мамандарын дайындауға арнаған, іскерлігі мен бекзаттығы жарасымды қалпынан ешқашан ауытқымаған, атқарған еңбегі өлшеусіз абзал жанға​ шара арасында қызыққан сұрақтарымды қойып үлгердім.

80 жасқа келдіңіз. Ұстаздар қартаймайды деген ұғым бар. Жастардың энергиясымен жас болып қалады дейді. Келісесіз бе?

-Өте дұрыс айтылған, толығымен қолдаймын.
Қызмет барысында әртүрлі​ жағдайлар болады, сол уақытта жастар жігерлендіреді.

Ұстаздықтың ұзақ жолында қандай арманыңыз орындалды? Неге әлі қолыңыз жетпеді?

-Алдыма «Мұғалім боламын, ғылыммен шұғылданамын» деп максат қойдым. Педучилищені, институтты бітіріп, мұғалім мамандығына ресми құжат алдым. Бастауыш мектепке мамандар дайындауда 52 жыл еңбек етіп келемін. Арман көп қой, бәрі біртіндеп орындалып келеді.

Ұстаздардың ұстазы Ыбырай Алтынсаринді пір тұтатыныңызды білуші едік. Дәріс кабинетіңіз ауысқанда портретін жаныңыздан тастамай үнемі алып жүретінсіз. Жан-дүниелеріңізде ұқсастық бар тәрізді.

-Ия, ұқсастық бар шығар, оны айналамдағы әріптестерім біледі. Жарты ғасырдан астам ғұмырым педагогика саласына арналды. Мені еңбек​ жолымда демеген басты күш — балаға деген сүйіспеншілік қой, жүрек жылуым жастарға арналған сияқты.

Қазір жастарға жол беру үшін​ уақытында кету керек деген сөздер зейнет жасына жеткен ұстаздарға да қатысты айтылып жатады. Меніңше ұстаздықтан кету нағыз ұстазға​ ауыр тиеді. Қалай ойлайсыз?

-Тамаша айтылған тұжырым, оны тек түсіне білу керек деп ойлаймын. Денсаулық болса жинақталған тәжірибені жастарға беру керек қой.

Өңірде оқу-білім саласын дамытуда, жетілдіруде атқарған еңбегіңіз өте зор. Үлкен құрметке әбден лайық жансыз. Дегенмен сіз марапатты емес, өміріңізді арнаған педагогтік қызметіңізге адал, жауапты болуды бірінші кезекке қойған жан сияқты көрінесіз.

— Дұрыс айтасыз, марапат еңбегіңізге сәйкес болу керек. Егер халық бағалап жатса, марапат алған орынды деп санаймын. «Жақсы сөз — жарым ырыс» дейді ғой. Марапаттың түрлері көп қой, негізгі мәселе еңбегіңізді халық бағаласа тамаша ғой.

Педагог ер адамдар қатары бұрыннан көп емес.​ Сіз бұған қалыпты жайт деп қарайсыз ба, әлде​ педагогикаға ерлердің көптеп келуі туралы мәселе ойланта ма?

-Әрине ойландырады, әрбір тұлғаның өзіндік орны бар, дегенмен де ер педагогтардың көп болғанын қалаймын.

Жас ұстаздар легі қалыптасып жатыр, қандай кеңес айтар едіңіз? Сіз сияқты қадірлі ұстаз болу үшін олар неге назар аударуы қажет?

-Ұстаз алдымен үлгі болу жағын ойлануы керек. Өзіне-өзі «Мен үлгі болып жүрмін бе?»,- деген сұрақты қойғаны дұрыс деп ойлаймын. Біздің мамандық ұдайы ізденісті талап етеді, адамгершілік жағы да жоғары деңгейде болғаны абзал. Қоғамның қойып отырған талаптарын сапалы орындауға ұмтылуы керек. Балаға жүрек жылуын арнауы керек.

-Мерейлі жасыңыз құтты болсын, ағай! Ұзақ жасаңыз! Алғыс сізге!

Ғалым-ұстазбен жүздескен
журналист Гүлнара Қараша.

Zhubanov University облыстық ақпараттық-танымдық газеті, №5(473), 2022 жыл.