Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Колледжге түскен ұтымды

Колледжге түскен ұтымды

Zhubanov University Жоғары колледж директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Айдын Жақсанұлы Әбденовпен сұқбат.

-Бірден 9 класс бітіріп жатқан оқушылар үшін өзекті сұрақтан бастайын. 10 класқа өтіп, мектептегі оқуын жалғастырған дұрыс па, әлде орта арнайы білім алу үшін колледжге түскен ұтымды ма?

-Қазіргі білім алушылар мен ата-аналардың талабы, сұраныстары мен талғамдары жоғары десем қате емес. Қойып отырған сұрағыңыз сондықтан өте орынды және дәл осы уақытта өзекті. Бізге қарағанда шетелдерде колледжде білім алуды жоғары дәреже санайды және бағалайды. Бұл — шындық.

Жалпы алғанда жасөспірімдердің өмірге деген көзқарастары мен мақсаты, белгілі бір деңгейдегі міндеті әр түрлі ғой. Олардың бірі ертерек мектептегі оқуын бітіріп, жұмыс жасап, ата-анасына көмектескісі келеді, бірі әлеуметтік жағдайына байланысты техникалық және кәсіптік білімді қанағат тұтып, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына (колледжге) түсуді жоспарлайды.
Колледжге түсу арқылы ертерек диплом алып, еңбек етуді мақсат етеді.​ Кейбір оқушылар Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырмаудың амалын жасап, алдымен колледждерге оқуға түсуі мүмкін.

Қандай себеп болмасын елімізде орта арнайы білімге деген сұраныс жылдан-жылға артып келеді. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов үстіміздегі жылы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына бөлінетін мемлекеттік тапсырыстың бірнеше есе өсетіндігін мәлімдеген болатын.

Меніңше оқушы ата-анасынан немесе арнайы маманнан кеңес ала отырып, алдағы тағдырына әсер ететін қадамды дұрыс шешкені абзал деп ойлаймын. Негізі колледжге түскен ұтымды.

9 кластан кейін колледжге оқуға түсетін болса 3 жыл 10 ай, ал 11 кластан соң 2 жыл 10 ай білім алады.

-Колледжге түсудің артықшылықтарын жалпы әңгімелеп кеттік. Енді Zhubanov University Жоғары колледжі туралы толығырақ айтып берсеңіз.

-Жоғары колледж өңіріміздегі ең жаңа орта арнаулы білім ордасы. Қасиетті Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың атындағы өңірлік университет жанынан құрылған Жоғары колледждің мүмкіндіктері зор. Колледжге директор қызметіне тағайындалғаныма екі айдың жүзі болыпты. Осы аралықта байқағаным біздің Жоғары колледжге балаларын оқуға түсіргісі келетін ата-аналарды қызықтыратын жайт университеттің бүгінгі беделі, оқу орнының жеткілікті материалдық-техникалық базасы және колледждегі сұраныстағы мамандықтардың болуынан екендігін түсіндім. Әсіресе, «Дене тәрбиесі және спорт», «Бастауышта білім беру педагогикасы мен әдістемесі», «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту», «Аударма ісі».

Жоғары колледж 12 мамандық бойынша мамандар дайындайды. Барлық мамандықтың мемлекеттік лицензиялары бар. Колледж мамандандырылған аккредиттеуден өткен. Мемлекеттік бюджет негізінде білім алушылар саны жылдан жылға артып келеді. Алдағы оқу жылына 175 грантқа тапсырыс берілді. Біздің колледж студенттер контингенті бойынша Ақтөбе облысындағы колледждер арасында алдыңғы орындардың бірін иеленіп отыр.

Университетте өткізіліп жатқан оқу-әдістемелік, ғылыми және тәрбие-ұйымдастырушылық бағыттағы шараларға колледждің де араласуы үлкен тәжірибе.
Жоғары колледждің құрылғанына 5 жылға жуықтады. Колледж студенттері жақсы оқумен қатар халықаралық, республикалық және облыстық сайыстарда жүлделілер қатарынан табылып келеді. Әсіресе биылғы оқу жылы табысқа толы өтті. Біршамасын атап өтсем:
Жоғары колледждің «Дене тәрбиесі және спорт» мамандығының 3 курс студенті Теңізбаев Алмат Түркияның Станбұл қаласында мамырдың 11-19 аралығында кикбоксингтен өткен Әлем кубогінің чемпионатында күміс жүлдегер атанды.
2022 жылдың 1-3 сәуір аралығында Алматы қаласында өткен «Таэквондо ITF Union-2022» бірыңғай турнирінде 55 кг салмақта «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының 1 курс студенті Мұқаш Медет жүлделі 1-ші орынды иеленді.

Осы жылдың 18 мамырында Ақтөбе облысында басталған «Worldskills Aktobe — 2022» аймақтық чемпионатына​ Жоғары колледждің болашақ мамандары екі құзіреттілік бойынша қатысып, кәсіби біліктері мен дағдыларын сынады. Нәтижесінде «WorldSkills Kazakhstan» аймақтық чемпионатында «Бастауыш сыныптарды оқыту» құзіреттілігі бойынша үздік нәтиже көрсетіп ІІІ дәрежелі Дипломмен Сембаева Гульвира (жетекшісі: А.Елубаева) және «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» құзыреттілігінен жүлделі ІІІ дәрежелі Дипломмен Князбаева Аружан (жетекшісі: А.Ұлықова) марапатталып, қола медаль мен он мың теңгенің сертификатын алды.
Ал 2022 жылдың 18-20 мамыр аралығында «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығының Ұлттық студенттер лигасы аясында футзал жарысына қатысқан Жоғары колледж командасы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары арасында чемпион атанып, Алматы қаласына республикалық турнирге жолдама алды. Міне осындай қуанышты жаңалығымыз көп.

Колледждің ақылы негізде білім алушыларына әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында көмек көрсетіледі.​ Әлемге және елімізге танымал ірі компаниялар – «Сағыз Петролеум», «СНПС – Ақтөбе мұнайгаз» АҚ, «Прикаспиан Петролеум Компаниясы» секілді мекемелер қазір жеті студенттің оқу ақысын төлеуді өз міндеттеріне алған.

Оқу үлгерімі үздік, белсенді, көп балалы және әлеуметтік аз қамтылған студенттерге университет ректорының жеңілдіктері мен Ақтөбе облысы әкімінің бір реттік стипендиялары беріледі. Студенттің рухани-мәдени дамуына зор көңіл бөлінеді.

Жоғары колледжде «Саналы ұрпақ», «Qadam», «Поэзия әлемінде», «Жас сарбаз», «ELO» speaking club, «Көңілді тапқырлар» клубы сияқты үйірмелер және​ футбол, волейбол, баскетбол, үстел теннисіне қызығатын білім алушыларға арналған спорттық секциялар жұмыс жасап жатыр. Сонымен қатар​ «Кәусар» волонтерлар клубы бар, онда студенттер мейірімділік пен қайырымдылық қасиеттерін бойына сіңіріп,​ ​ мұқтаж жандарға өздері көмек беріп үйренеді.

-Жаңылыспасам, Жоғары колледж алғашқы түлектерін оқытып шығарды. Арасында табысымен көрініп жүргендері бар ма?

-Жоғары колледжді бітірген түлектерінің көбі әрі қарай жоғары оқу орындарында білімдерін жалғастыруда. Былтыр бітірген «Аударма ісі» мамандығының түлегі Изимова Дана​ Венгрияның белді университетіне грантқа түсіп, шетелде оқып жүр. Аталған мамандықтың келесі түлегі Сынырбаева Арайлым​ Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде мемлекеттік грантта білім алуда. Дүбірова Мақпал Алматыдағы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетіне «Аударма ісі» білім бағдарламасы бойынша грантқа түскен. Қалған 60-қа жуық түлек өзіміздің университетте оқуын жалғастыруда.​ Ал «Құқықтану» мамандығының 2021 жылғы түлегі Алматов Талғат Темір ауданы, Кеңқияқ кенті, Саркөл ауылдық клуб үйінің директоры лауазымды қызметін атқарып келеді.

-Жоғары колледждің профессорлық-оқытушы құрамы және материалдық базасы жөнінде жеке әңгімелесеңіз.

-Материалдық-техникалық база жоғары деңгейде деуге болады. Жоғары колледж Бек Сүлейменов атындағы оқу ғимаратында орналасқан. Оқу ғимараты кітапхана, спорт зал, шағын футболдан жасанды алаң, акт залы, асхана, 4 компьютерлік класс, арнайы кабинеттер және аудиториялармен жабдықталған. Сонымен қатар мамандықтардың оқу бағдарламасына сәйкес өткізілетін практикаларды жүзеге асыруда университеттің материалдық-техникалық базасы қолданылады. Өңірге белгілі бірнеше кәсіпорындар мен серіктестіктерде келісім-шарт негізінде дуалды оқыту, практикаларды өткізу өз деңгейінде жүргізіліп келеді.

Оқытушылардың сапалық құрамы жағынан Ph.D доктор, ғылым кандидаттары мен магистрлер, жоғары біліктілік санатты оқытушылар мен модератор-оқытушылар қызмет атқарады. Оқытушылар түрлі білімін жетілдіру курстары, оқу-әдістемелік семинарлар, тренингтер мен шеберлік кластарға қатысып, жақсы нәтижелер көрсетіп келеді.
2022 жылдың мамырында Ақтау қаласындағы Ш.Есенов атындағы университеттің жанынан құрылған Есенов колледжімен меморандумға қол қойылды. Меморандум мақсаты екі колледж арасында байланыс орнату арқылы оқытушылар мен білім алушылардың тәжірибе алмасуы, тағылымдамалардан өту, біріккен білім бағдарламалары мен оқу жоспарларын жасақтау, академиялық ұтқырлықты іске асыру және т.б. Осындай келісім-шарттар мен меморандумдар алдағы кезеңде жоспарлы түрде басқа да кәсіпорындармен жүргізілмек.

Жасалған келісімдер негізінде профессорлық-оқытушылық құрамның біліктілігін арттыру, басқа оқу орындарымен тәжірибе бөлісу және алмасу, білім алушыларымызды академиялық ұтқырлықпен оқуға жіберу, мекемелерде практикадан өтуді жетілдіру жолдары қарастырылады.
Қазіргі таңда​ Жоғары колледжді дамытудың стратегиялық жоспары әзірленген,​ студенттер санына емес алдымен сапасына мән беру қажеттігі жөнінде университет ректоры Лаура Қарабасованың ұсынысымен біршама жұмыстар да атқарылып келеді. Оқытушылар құрамының сапалық көрсеткіштері мен біліктіліктерін жетілдіру, әлеуметтік жағдайларына қолдау көрсету шаралары алдағы оқу жылдарында да қолдау таппақ.

-Кезінде өзіңіз мамандықты қалай таңдап едіңіз? Сіздің алдыңызда да алдымен колледжге түсу мақсаты болмады ма?

-Оқушы кезімнен география мен тарих, қазақ тілі мен әдебиетіне және дене шынықтыру пәндеріне деген қызығушылығым мол болды. География пәнінен мектепішілік, аудандық және облыстық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындар иеленіп, география саласында біршама білімімді дамыттым. Мектепте өткізілетін тарихи-танымдық кештер, сайыстар мен интеллектуалды жарыстарға белсенді қатысатынмын. Соның септігі тиген болар 2002 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің (ЖОО-ның сол жылғы атауы) «Тарих және география» мамандығына оқуға түстім. Алғашқыда бірнеше мамандықтарды ой елегінен өткізіп, соңында педагогика саласын көңілім қалады. Бұл тұста ата-анамның да ықпалы болғандығы рас.

Әңгімелескен Гүлнара Дауылбайқызы

Zhubanov University облыстық

ақпараттық-танымдық газеті,

№5(473),2022 жыл.