Воскресенье, Октябрь 2, 2022
Басты > БАҚ біз туралы > Қызылдар әкелген қасірет

Қызылдар әкелген қасірет

Қуғын-сүргін

Тәуелсіздіктің, азат елде өмір сүрудің шын бақыт екенін әлі де толық түсіне алмай жүрміз. Ұлтын шынайы сүйетін нағыз зиялы қауым тәуелсіз мемлекетте ғана қалыптасады.

Кеңес өкіметі құрылған күннен бастап ұлт зиялыларына қырын қарап, ақырында жазықсыз қудалауға ұшыратты, өздерін атып, ит жеккенге айдап, әйелдерін түрме, лагерьлерге қамап, бала-шағасын тентіретіп, адам ойына келмес жауыздықпен тарихта қалды. Себебі ұлттың болмысын, тәжірибесін, шаруашылығын білетін, мәдениетіне қызмет ететін адамдары көп болса, ондай халық өзгелерден кем болмас еді. Ұлт зиялыларының феноменін зерделеуде, олардың бойындағы басты құндылық — қабілеті, білімі, ақыл-парасатымен қатар жүретін еркіндік пен жауапкершілікті баса айтуымыз керек. Еркіндік азат елде ғана болады.

Біз, көп жағдайда, ұлт зиялылары дегенде санаулы адамдармен ғана шектеліп жүрміз. Ал большевиктер ұлтқа қызмет етіп жүрген адамдардың барлығын қазақ зиялыларының қатарына жатқызып, кеңестік жүйеге қарсы, кедергі келтіретін адамдар деп есептеді.

Ұлтты жою немесе қоғамды түбегейлі өзгерту мақсатымен болмысты әлсірету жұмыстарының біртіндеп, жымысқылықпен жүргізілетіні белгілі. Большевиктер ең алдымен құпия түрде жер-жерлердегі дін өкілдері мен байлар, солардың айналасындағы адамдардың барлығының тізімін жасаған. Бұдан кейін дін мен шаруашылық қыспаққа алына бастады. Шаруашылықты әлсіретіп, халықты үлкен шығынға батырумен қатар, қоғамның өзіндік санасына тікелей басшылық ететін құндылықтарды шектеу, қоғамның негізгі бағытын өзгерту, елдің дамуына қажетті нәрселерді игере, ұсына алатын, яғни тәжірибесі мол адамдарды қуғындау  большевиктер құрған биліктің басты принципіне айналғанын көреміз. Кеңес үкіметі құрылғаннан-ақ ұлт зиялылары, соның ішінде ұлттың мәдени игіліктері түгелдей кеңес қоғамына жат элемент ретінде қаралды. Ондай қитұрқы әрекеттердің астарында ұлттың мәдениеті мен болмысын рухани тұғырынан ажырату саясатының да жатқанын байқау қиын емес.

Мемлекеттің, ұлттың өмір сүру жолы шаруашылық арқылы жалғасып отырады. Қазақтың көшпелі тұрмыстағы шаруашылық жүргізу тәртібі мыңдаған жылдар бойы уақыт тәжірибесінен өткен, қалыптасқан дүние болатын. Оны аз ғана жылда жоюдың немен тынғаны белгілі. Әсіресе шаруашылыққа басшылық етіп, ұйытқы болар адамдардың мал-мүлкінің тартып алынуы қазақ қоғамына зардабы зор соққы болды. Әлі күнге дейін олардан тартып алынған малдың қайда кеткенін біле алмай келеміз. Байлардың тартып алынған малдың кімге үлестіріліп, қайда жіберілетіні партияның нұсқауларында айтылады. Алайда халықтың қолындағы мал саны 1929 жылдан бастап 2-3 жылдың ішінде үш-төрт есеге азайып, елде түк қалмаған. Байлардың мал-мүлкін тәркілеуде «тартып алынған малдың 60-70 пайызы кедейлерге беріледі» деген уәде құр сөз ғана болып шыққан. Халық ішінде қалған деректерге сүйенсек, тартып алынған малдың аз ғана бөлігі бөлінген. Бір серіктікке 7-8 қой, көлік ретінде пайдалануға 1 жылқы, 1 сиырдан ғана бөлінген. Серіктікке біріккен адамның саны 12-14 шамасында болса, 1 жылқы, 1 сиырдың түк болмайтыны бесенеден белгілі. Колхоз құру үшін өсірілетін мал індет келмесе өлмеуге тиіс еді. Оның қыстық азығы шаруаның мойнында, яғни жемшөпті өздері әзірлеуі керек. Берілген 5-6 қойды екі-үш жылдың ішінде екі есе (15-20 бас) өсіріп колхозға тапсыру міндеттелген.

Осылайша қызылдар билігінің қазақ қоғамына тигізген зияны мен зардабын зерделеуде, алдымен еркіндік мәселесі көзге түседі. Ұлттың өмір сүрудегі мүмкіндіктерін қасақана күштеп шектеп отыру қарсылықты күшейтті. Ұлттың, оның зиялыларының болашақ өмір үшін күресуге құқының бар екені большевиктер тарапынан қасақана мойындалған жоқ. Кез келген тіршілік өкілін, тіпті тірі жәндіктің өзін ешқандай тіршілік нәрін тата алмайтын қапасқа қамап қойса, ол да тірі қалу үшін күреседі. Ұлт та тірі қалу үшін күресуге мәжбүр болды. Байлардың мал-мүлкін тәркілеуден, ет пен астық дайындаудан туындаған сол кездегі жағдайдан осы шындықты көреміз. Халықтан жаңа нәрсені талап ету үшін алдымен соны жасауға мүмкіндік беретін құралдарды мемлекет өзі ұсынуы қажет. Астық дайындау үшін алдымен жер, табиғат жағдайы, халықтың қолындағы құрал ескерілуі керек еді. Бірінші кезекте суармалы жерлерді дайындап, халық пайдалануға тиіс. Большевиктер бұны жасаған жоқ. Керісінше, суармалы жерлерді пайдалануды тоқтатып, астық шықпайтын жерлерге астық егіп, мол өнім алуды міндеттеген. Бұнымен қоймай халықтың қолындағы малдың барлығы тартып алынып, мардымсыз бөлігі ғана көбейту үшін шаруаларға бөлініп берілген. Яғни берілген малдын басын көбейтіп, үкіметке тапсыру міндеттелген. Шаруа үкіметтің «бақтырған малына» да, бала-шағасына да азықты өзі табуы тиіс болды. Сондықтан да елдің көпшілігі ауыл болып қыста қоян, жазда балық аулап күнелткен. Мұстафа Шоқай былай дейді: «Бүгін орыс үкіметі Түркістан халқының қаны мен жаны, беделіне пара-пар дәнді дақылдарды суармалы жерлерінен ығыстырып шығаруға бел байлап отыр. Осылай ету арқылы ол, бір жағынан, өздері айтып жүргендей, орыс өнеркәсібін шетелдердің ықпалынан құтқаруды көздесе, екінші жағынан, Түркістан халқын орыс бидайына тәуелді етіп, оны күнкөріс тұрғысынан… мәңгілік құлына айналдырмақ болады. Алайда өмірлік тәжірибесі мол Түркістан халқы өздерінің ұлттық құқығына қатысты бұл мәселеге немқұрайды қарай алмайтынын көрсетіп, сездіріп отыр…

Түркістан халқы басқалардың мүдделері үшін өз өмірін қауіпке байлайтын ешбір іске кіріспегені жөн. Өз азығы өз жерінен табылады. Басқалардың саяси ойынына өмірін тігіп араласудан басын арашалап қалуға тиіс. Мұны кезінде патша үкіметі мен оның министрлері көргені, сезгені тәрізді, бүгінгі қызыл орыс комиссарлары да іс жүзінде көретін болады».

Большевиктерді аңғал деп қарауға болмайды. Ұлтты әлсірету мен оның зиялыларын саяси қуғын-сүгін құрбаны қылуда олардың қулықтары бәрінен де асып түскенін тарих көрсетті. Қоғамды бай, кедей деп тапқа бөлу де қызылдар тарапынан адамдарды бір-бірінен қалай ажырату тетіктерінің жақсы зерттелгенін көрсетеді. Қоғамды интеллектуалдарынан, зиялыларды еркіндігінен айыру арқылы мемлекетті әлсіретуді тез арада қалай іске асыруға болатынын «жоғарыдағылар» жетік білді.

Байлардың мал-мүлкін тәркілеудің алдында оған қарсылық көрсететін адамдарды жоюға дайындық шаралары да күні бұрын жасырын түрде басталып кеткен. 1927 жылы 10 қарашада Ақтөбеде БК(б)П губкомитеті жанындағы жылжымалы үштік отырыстарының бірінде жаңадан жасақталып жатқан құрамға 6000 патрон бөлу қарастырылған: «Отпустить 6000 шт. патрон для фактической стрельбы членам ОСО-АВИА – Хима.-». Бұл жөніндегі құжат облыстық мемлекеттік архивтің 516-қорында сақталған.

Большевиктер үшін қоғамның қарсылығын оятудың негізгі әдісі елдің шаруашылық жүргізу тәртібін тоқтату болған. Ал қарсыласты азайтып, бөлшектеп жіберу үшін қарапайым көпшілікті елдің тәжірибесін білетін адамдардың соңынан ермеуге үгіттеу, қорқытып, үркіту арқылы өздеріне бағындыру және т.б. тәсіл, айлалар қолданылды. Ұлт зиялыларын жоюда елдің басын біріктірмей, сол арқылы уақыттан ұтуды көздеген. Уақыттан ұтқан жағдайда ел мүддесіне ара түскен топты арнайы құрылған жасақтармен жаншып отыру оңай. Мәселен, Ақтөбе губерниялық жылжымалы үштігінің күнтізбелік жоспарында жазалаушы отрядтарды қалыптастырумен қатар, идеологиялық жұмыстарды да күшейту көзделіп: «Культурно-просветительное обслуживание во время мобилизаций: а) использование театров, клубов, изб-читален. и проч.; б) использование работников просвещения и искусства; в) план проводимых агиткомпании и обеспечение издательской работы на период мобилизаций; д) порядок снабжения агитматериалами и газетами армии и населения; е) снабжение войсковых частей и сборных пунктов культпросветимуществом; ж) усиление желдорожных агиттеатров в первые дни мобилизации личным составом за счет партийных и профессиональных сил», — деп көрсетілген. Бұдан бөлек қоғамда байларға қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін орыс тілінде 25 000 дана, қазақ тілінде 30 000 дана арнайы үн парақшаларының таратылғандығы жазылған.

Ұлт зиялыларын қуғындаумен қата,р шаруашылықты шектеуде большевиктер халықты күші жетпейтін нәрселерді жасауға мәжбүрледі. Барлық шаралар күшпен жүзеге асырылып отырды. Тіпті 1950 жылдарда да ауыл адамдары бір сауын сиыр ұстаса, оның жыл сайынғы бұзауын колхозға тапсыртып отырды. Бұдан бөлек тұрғындарға жылма-жыл 20 кг майды үкіметке тапсыру міндеттелді. Осындай әділетсіздіктердің барлығына халық басында қарсы шыққанымен кейін амалсыздан көніп отырған.

Рухты жеңу бәрінен де қиын. Халықтың рухын жеңу үшін большевиктер оны аштан қыруға дейін барды. Аштықтан аман қалғаны амалсыздан қызылдар билігінің талабын орындауға мәжбүр болды. 1930 жылы 9 наурызда Ырғыз өңірінде орын алып жатқан қарсылықтарға байланысты Ақтөбе БК(б)П округтік комитеті жанындағы жылжымалы үштіктің отырысында, көтерілісшілерді жаншуға жіберілетін жазалаушы отрядтың басшыларына мынадай тапсырмалар берілген: «Поручит т. Озимину передать следующие указания иргизскому комотряду:

а) проверит сведения перебежчика…; б) организовать работу по разложению банды через возвращение пармоментра, отдельных пленных и специально посылаемых верных людей, также из аппарата Денисова; в) через них, через всех других посылаемых в лагерь банды для разложения, проводить следующее разяснение: мы не притесняем религию, мы наказываем тех, кто закрывает мечети против воли большинства веруюших трудящихся, мы против насильно огранизуемых колхозов, мы за развитие бедняц. средняцких индивидуальных хозяйств. Кустанай и Тургай в наших руках. Хазрет Мухотай САМАТОВ — агент иностранной буржуазий. Он хочет продать вас в кабалу феодалам и баям. Сдавайте оружие и выдавайте главарей. Гарантируем вам свободу; г) предусмотреть все детали организац. и агитац. порядка в деле посылки людей в лагерь банды для разложения; д) выяснить родину главарей банды и взять заложников из их семьи; е) через арестованных бандой 35 сов. работников и батраков, попытаться устроить восстание внутри банды; ж) проверить сведения о намерениях банды прорваться к границе в районе Кара-Чокат — Аральское…; з) усилить наблюдение за антисоветским активом Иргиза, в случае нужды, изолировать немедленно; и) выслать текст воззвания, выпущенного Иргизским комотрядом; к) отряду сидеть в Иргизе до приезда всего отряда комендованием Хухарева — Озимина, после чего обедъиненными силами, оставив меньшую часть в Иргизе, дать главный удар банде…».

Мұрағат құжаттарынан халықтың әділетсіздікке қарсылығын басу үшін қызылдар билігінің ең алдымен зиялы адамдарды жоюға күш салғанын көреміз.

Большевиктер өзімен-өзі өмір сүріп жатқан елді енді «жаңа өмірге» бейімдеп, зиялыларды жою жолында асқан қатыгездікпен тарихта қалды. Серіктік, кооперативтердің малын мешіт-медреселерге қамату, діни орындарды бұздыру  елдің төл мәдениетіне асқан қатыгездікпен жасалған қиянат еді. Елдің мәдениетіне қол сұғу ісі жоспарлы түрде жүзеге асырылып отырған.

Басты мақсат қалайда байлардан құтылу болғандықтан 1920 жылдан кейін қазақ қоғамы кеңес билігі тарапынан мұқият зерттеле бастаған. Байлармен қоса, Алашорда жасақтары болған аймақтар белгіленді. Бұлардың да белгілі бір аймақтарға тегіннен-тегін шоғырланбағаны түсінікті. Алаш зиялыларының өздері қуғындалғанымен, Алашорда милициясының жасақтары 1933 жылға дейін барынша күрескені белгілі болып отыр. Алаш жасақтарының өз миссиясын атқаруына байлар мен діни адамдар да ықпал еткен. Сол кездегі ірі байлардың бірі Қабылбай Байұзақов 1919 жылы Ырғыз ауданында әкесі Байқабылға арнап ас береді. Ас бір жыл бұрын қайтыс болған кісіге арналғаны болмаса, негізінен үлкен құрылтай есебінде өткен. Осы асқа шақырылған қонақтарға арнап 300-ден астам үй тігіледі. Әр үйге арнап жылқы еті таратылудан басқа, 1 қойдан сойылады. Осы аста Алашорданың жасақтары таныстырылып, оларға жылқы берілген. Жасақ  басшыларының бірі Абдулла Теміров асқа қатысқан деген деректер бар. Қабылбай Байұзақов — 1928 жылы мал-мүлкі тәркіленіп, отбасымен Қарқаралыға жер аударылған қазақтың ірі байларының бірі. 1874 жылы Ырғыз ауданының №8 ауылында дүниеге келген, кейін Қарабұтақ ауданына қарасты №15 ауылда тұрған. 1937 жылы сталиндік репрессияның құрбаны болған. 1928 жылы 6 жылға сотталып толық жазасын өтеп келгеннен кейін қайта ұсталған. Інісі Әміре 1938 жылы ағайындары ұсталмас үшін жасырып қашырып жібергеннен кейін Қостанайда ұсталып, лагерьге жер аударылған, сол жақтан елге оралмаған. Ал Қабылбайдың аштықтан тірі қалған ұлдарының барлығы 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан. 1928 жылғы жеке істерінде Қабылбай Байұзақов пен оның әкесінің інісі Қартбай Байұзақовтың хандар заманынан белгілі тұлғалардың ұрпағы, Ырғыз бен Торғай өңірінде ең сыйлы әрі ықпалды адамдар болғаны жазылған. Патша тұсында билікпен жақсы қарым-қатынаста болды, Алашорда қозғалысының тұсында оның жасақтарына қолдау білдіріп отырған деп айыптаған. Олар 1928 жылы мал-мүлкі тәркіленіп, отбасымен басқа жаққа жер аударылған. Байлар патша заманында да ішкі мәдени ағартушылық жұмыстарды жүзеге асырып отырған. Соның бірі ретінде олардың жергілікті жерлерде мешіт-медреселердің қызметін ел мүддесіне орай кеңейтуін айтуға болады. Діни ағартушылық барлық кезде де болды, оның ерекшелігі бәрімізге белгілі. Ал мәдени ағартушылық дегенде көп жағдайда кеңестік қоғамдағы көзқарастармен шектеліп қаламыз. Ағартушылықтың негізінде білім беру, тарих, дін мен дәстүр тұтастығын үйрету, жеткізу, сол арқылы қоғамның санасын тәрбиелеу, әлеуметтік танымның тұлғалық деңгейлерін сақтап отыру бар. Атап айтсақ, ХХ ғасырдың басында, яғни сол кездің өзінде мешіттердің жанындағы медреселерде жаратылыстанымдық бағыттағы білімді үйретумен қатар, жыраулардың поэзиясы да оқытылған. Ақтөбе облысының Қарғалы ауданындағы қазіргі Шәмші Қалдаяқов ауылының жанында мешіт-медресенің орны бар. Бұл жерде үлкен ауыл болған. Қазан төңкерісінен кейін ауыл атауы «Қызылту» деп өзгертілген. Қызылдар билігі бұл ауылдағы мешітті де жауып, оны ұстаған адамдарды 1937 жылы репрессияға ұшыратты. Репрессия құрбаны, сол ауылда ишан болған Жанұзақ Баймұқанбетов ұрпақтарының қолында атасынан қалған қолжазба бар. Ескі төте жазумен жазылған қолжазбаның бастапқы беттерін ғалымдарға аудартып көргенімізде, ХV ғасыр шамасында өмір сүрген Асан қайғының баласы Абат батырға қатысты шығарылған жырға ұсайды. Саяси қуғын-сүргін жылдарында көзқарақты кісілер көптеген кітаптарды киізге орап, бейіттердің шетіне көмген (ел ішінде осындай мазмұндағы әңгіме көп айтылады). Байқайтынымыз, сол көмілген кітаптардың ішінде діни әдебиеттермен қатар, ұлт руханиятына қатысты дүниелер де мол болған.

Қызылдар билігі тарапынан орын алған әділетсіздік, озбырлық, адам айтса нанғысыз қатыгездіктің салдарынан хазірет, ишандар да амасыздан атқа қонғанын айтуымыз керек. Большевиктер оларға «аферист», «банда» деп жала жапты, репрессияға ұшыратты. Большевиктер «банды», «аферист», «шайка» деп атаған рухани тұлғаларымыз — ел игілігі жолында қызмет еткен адамдар. Ел үшін әділетсіздік пен қатігездіктің ауыр жүгін арқалаған олар аштықта да елмен бірге жүрген. Тіпті жасы келген кісілердің өзі аштықтан босқан жұртпен бірге басқа елге барып, аман қалған адамдардың басын біріктіріп, елге қайта әкелген. Сондай кісілердің бірі — ел арасында Сары ишан атанған, қария Қожахмет. Бұл кісі 1931 жылы аштықтан Қарақалпақстанға көшкен елмен бірге жүріп, ауыл адамдарын елге қайтарып әкелген. Аштықтан ата-анасы өліп, жетім қалған балалардың далада қалмай, халықпен бірге елге оралуына себепкер болған. ОГПУ-дың хаттамаларында 1933 жылы Қарақалпақстаннан Ырғыз, Қарабұтаққа оралған халықтың ішінде ата-анасынан айырылған 600-дей баланың жүргені айтылады. Сары ишан да осы ауыл адамдарымен бірге елге оралып, 1934 жылы Қарабұтақта дүние салады. Сары ишанның отырған жері — Ыскөлде баласы Әдбіғани мешіт-медресе ұстаған. 1928 жылы бұлардың да мал-мүлкі тәркіленіп қудаланғаннан кейін Әбдіғани ұстаз 1937 жылға дейін Шалқар маңында болған. Сары ишан әуелі Ырғыз ауданының Тәуіп, Нұра ауылдарында болып, аштықтан, жазалаушы отрядтардың қысымынан басқа жаққа қоныс аударған елмен бірге кетеді. Сары ишанның 1930 жылдары Нұра, Ырғыз  маңында болуы тегін емес. Сол кезде Ырғызда болған көтерілістерде ол халықтың ішінде болғанға ұқсайды. Большевиктер 1928 жылдан кейін Ыскөлдегі мешіт-медресе ғимаратына әдейілеп серіктіктің малын қаматқан. Ертесіне байланған ірі қара малдың барлығы түгелдей ұйықтаған күйі өліп қалған болып шығады. Содан кейін бұл жердегі мешіт пен медресе бұзылып алынып, материалдары көрші ауылдарға жөнелтіліп, құрылысқа пайдаланылған. Осы маңдағы ауылдар тұрғындарының айтуы бойынша, ол жерде күні кешеге дейін совхоздың күз бен көктем айларында мал қамайтын қорасы орналасқан. Күзде қан алуға айдап әкелген ірі қара малды қамағанда қорадан кемі бір мал түнде өліп шығатын болған. Бұл кісілер кеңес билігіне қарсы қозғалыстарға қатысты, 1930 жылдары ет пен астық дайындауда жоспарды орындамады деп қудаланған.

Қоғамды бөлшектеу арқылы ұлттың мәдениеті мен болмысын рухани тұғырынан айыруға бағытталған саясаттың өзі түрлі бағытта, түрлі тәсілдер арқылы жүзеге асырылды. Қоғамның ішінен кедей табын құруда халықты бұған көндіруге бағытталған идеологиялық жұмыстар партия арқылы жүргізіліп отырса, байлардың өзін бірнеше топқа бөлу арқылы қуғындау, оның нұсқаулықтарын жасау арнайы құрылған НКВД, ОГПУ-дың саяси қызметіне айналған. 1928 жылы Ақтөбе облысы бойынша арнайы түрде христиан діні мен ислам діні бағытындағы дін өкілдерінің тізімі жасақталған. Осы тізімдегі 600-дің үстіндегі адамның ішінде 350-ден астамы ишан, хазірет қызметіндегі қазақтың діни кісілері болған. Осы адамдардың барлығының күні бұрын тексеріліп, большевиктердің сөзімен айтқанда, «алдын ала саяси портреттері» анықталып, кеңес үкіметіне жат элемент ретінде назарға іліккенін көруге болады. 1930-31 жылдары орын алған көтерілістерде алдымен осы кісілердің «саяси портреттері» сұралып, оларды түгелдей ұстап, жазалауға бұйрық берілген. Аман қалғаны кейін 1937 жылы ұсталып, халық жауы деген жаламен атылып кеткен. Кейбірі қолға түспеу үшін амалсыз Иран, Тәжікстан, Ауғанстанға кетуге мәжбүр болған.

Елдің беткеұстар адамдарының мал-мүлкін тәркілеумен қатар, ет пен астық дайындауды шаруалардан талап етуде де оған іштей қарсылық сейілмеген.  Өкінішке қарай, сол кездегі қазақ көтерілісшілерінде дұрыс қару болмады. Ал қазақ қоғамындағы көңіл күйді алдын ала мұқият зерттеп отырған большевиктер көтерілісшілерді таратып, оның лидерлерін жойып жіберу үшін Самара, Орынбор қалаларынан соңғы қару түрлерін, арнайы қосымша жасақтар жіберуді сұратқан: «Предложит  нач. ОДТГПУ т. Параманову передать их пулемет т. Хухареву для Иргизского комотряда.

Сообщит Крайкому по прямому проводу последнюю информацию и просить его связаться с Самарой-Оренбургом для оказания последними Актюбинскому округу помощи людьми и оружием.

По прямому проводу указать Акмолинскому и Кустанайскому окружкому целесобразность их активных действий в Иргизском направлений, с связи с возможным отходом банды в их округа и потребовать от указанных Окружкомов регулярной информаций с их стороны….», — делінген құжатта.

Бұдан бөлек облыстық мемлекеттік архивте Ақтөбе округтік әкімшілік бөлімі басшысының теміржол станциясы бастығынан ұсталған 1000-ға жуық адамды Семейге жіберу үшін вагон сұраған хаты да кездеседі: «Началнику станций Актюбинск. Настоящим Актюбинский Окр. Админотдел просит к 22/п – предоставить в его распоряжение 26 вагонов (теплушек) для отправки в Семипалатинск арестованных в количестве 1000 чел. Билеты на проезд будут приобретены Окрадминотделом за наличный расчет. Началник ОАО Петренко» —делінген.

Кеңес билігінің қазақ қоғамының ішкі өміріне жасаған түрлі қысымының салдарынан қорғану үшін, соның ішінде ұлттық болашағына ара түсу мақсатында орын алған көтерілістердің барысында талай көрнекті тұлғалардан айырылдық. Халық қырылды. Ұлт мүддесін ойлағандар, адамдарды аштықтан аман алып қалуға ұмтылғандар репрессия құрбаны болды. Мәселен, 1930 жылдары Ойыл ауданына барған БК(б)П округтік комитеті нұсқаушыларының бірі, Ойылдағы алашордашыларды жоюға қатысты былай деген: «Имелись характерные выступлении среди выступающих тем, что требовательные высшей меры наказания остаткам троцкистко-зиновьевского паралелльного центра, тем самым не делать никакой пощады Алашардинцам и местным  националистам, как врагам трудящихся в связи с этим при выступлении вскрыты активные участники алашарды в Уильском р-не некто Жайлыбаев Тажимухан, которой до последнего времени занимался вредительством, убой скота, спекуляцей, кражей и др.

В последнее время окончательно разоблачена его алашардинская антисоветская вредительская деятельность он сейчас арестован….

Ни кому не секрет, что наш Уил ранее был одним и центров алашорды, здесь был главным организатором алаш-орды Досмухамедов Ж. поэтому мы должны разоблачать остатки контреволюц. Алашорды, однако быть вооруженными. Надо усилить агитационную работу и ликвидировать не грамотность и малограмотность повысить политическую вооруженность».

Ұлт зиялыларын, соның ішінде байлар мен діни тұлғаларды «әшкерелеу» бұнымен ғана шектелген жоқ. Байларды тап ретінде жою жұмыстары аяқталып жатқан уақытта байлардың тұлғасын халықтың санасынан біржолата жою жұмыстары да басталды. 1936 жылы ұлт зиялыларын түгелдей халық жауы деген жаламен жоюдың қарсаңында, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 20 жылдығына орай Ақтөбеде БК(б)П округтік комитеті қасақана ауқымды шаралар ұйымдастырған. Газеттерге осы көтерілісті «кедейлердің қозғалысы» деп сипаттайтын мақалалар жариялайтын арнайы адамдар бекітілген. Көтеріліске қатысқан кейбір адамдардан естеліктер алынған. Естеліктердің барлығы кеңес билігін дәріптеп, байларды қаралауға бағытталған. Түптеп келгенде бұның не үшін және кім үшін жасалғаны белгілі. Көзделіп отырған бір ғана мақсат — ұлтты еркі мен бар мүмкіндігінен айыру. Бұл күштеп те немесе айламен де жүзеге асырылып отырған. Бүгінгі ұрпақ алдында тұрған міндет — осының барлығын әлі де кеңінен зерттеп-зерделеу және жарыққа шығару. Ұлт пен оның тұлғалары ажырамас бірлікте болғанда ғана тарихтың субъектісіне айналады. Сол себептен қызылдар билігі ұлт зиялыларының ел мәдениетіндегі институт ретіндегі рөлін жоюмен қатар, тарихтың субъектісі мен феноменіне айналған тұлғасын да санадан біржолата өшіруге ұмтылды.

 

 Үмбетқан СӘРСЕМБИН,

философия ғылымдарының кандидаты,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі

/aqtobegazeti.kz/