Мектеп бітірер түлектің арманы — жақсы мамандық таңдау. Бүгінгі жаңа ғасырда жаңа мамандықтар сұранысқа ие болып жатыр. Жаңа мамандықтар бұрынғыдай 20-30 жылда емес, әр 3-5 жылда пайда болып жатыр. Мәселен, бұдан 10 жыл бұрын ІТ, SMM маманы, спичрайтер, копирайтер сынды мамандықтар туралы мүлде естімеген едік. Ал қазір мұндай мамандықтың неше түрі бар. Қазір тіпті үйде отырып-ақ жақсы табыс табатын фрилансерлер жетіп артылады. Оларға сұраныс та көбейіп келеді.
IT саласын таңдағанның ұтары көп
Елімізде қай мамандық сұранысқа ие? Бұл сұрақтың жауабын білу үшін 2020-2021 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттарының тізімін қарап көрдік. Былтыр Білім және ғылым министрлігі 53 864 грант бөлген. Оның ішінде инженер, педагогика және жаратылыстану, математика салалары үздік үштікте. Одан кейін ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, денсаулық сақтау саласы мен ауыл шаруашылығы бар.
Инженер кадрларды даярлауға сұраныс бар, соның ішінде нарықта құрылыс, электротехника және энергетика мен тау-кен өндірісі мамандар тапшы. Ал педагогика саласына келсек, мектепке дейінгі білім беру, шет тілі, физика пәні мұғаліміне сұраныс артып тұр. IT саласын таңдаған түлек те ұтылмайды. Пандемия кезінде ақпараттық жүйелер саласына қызғушылық арта түсті. Бұған қашықтан жұмыс істеу жүйесі де әсер етті. Қазір ірілі-ұсақты компаниялар, кәсіпорындар мен мекемелер автоматтандыруға жоғары мән беріп отыр. Сондықтан IT мамандардың наны жүріп тұр.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті информатика, есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету, компьютерлік инженерия
және IT медицина мамандықтары бойынша да мамандар даярлайды.
Информатика және ақпараттық технологиялар кафедрасының меңгерушісі Әділжан Кереевтің айтуынша, биыл 270 түлек аталған мамандықтар бойынша бітірген. Ал 29 түлек магистр атанған.
— IT саласы бойынша биылғы түлектердің 128-і грант негізінде білім алып шықты. Өздеріңіз жақсы білесіздер, қазір жаңа технологиялар өндіріс, көлік тасымалы сынды барлық салаға ықпал етіп жатыр. Сондықтан ақпараттық жүйелер аса қажет. IT-мамандардың аздығы тек Қазақстанды ғана емес, бірқатар мемлекетті алаңдатып отыр. Себебі әлемдік рейтинг бойынша бұл ең қажет мамандықтар тізіміне кіреді. IT мамандарды бізде көптеп оқыту керек, — дейді ол.
Бекзатхан Абдулла аталған университеттің биылғы түлегі. Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету мамандығы бойынша бітірген ол банкке бағдарламашы болып жұмысқа тұруды жоспарлап отыр.
— Менің байқағаным, қазір достарымның арасында көпшілігі ІТ саласын оқығысы келеді. Веб-дизайнер, бағдарламашы, SEO-маманы — ең жоғары жалақы төленетін компьютерлік мамандықтар. Бұлардың басты мақсаты — жақсы имидж қалыптастыра білетін бағдарламамен қамтамасыз ету. Қазір кез келген компания IT мамандарға зәру.
Биыл оқуымды бітірдім. Банкке жұмысқа тұруды көздеп отырмын. Яғни менің жұмысым — банкке тіркелген клиенттердің мәліметтерін базаға енгізіп, оның дұрыс қорғалуын қамтамасыз ету. IT маманы болу үшін ағылшын тілін жақсы білген дұрыс. Себебі бағдарламалардың көпшілігі осы тілде жүргізіледі. Мен оқуға түсетін жылы елімізде ІТ мамандықтарына көп грант бөлінді. 11-сынып оқып жүргенде жан-жақты зерттеп, алдын ала дайындалдым. ҰБТ нәтижесі бойынша 90 баллмен грантқа түстім. Қазақстанда ІТ саласы енді дамып келе жатыр. Бұл салада құлшынысы бар, ізденген адамға жұмыс табылады.
Қазір қоғамда бұдан өзге телекоммуникациялық байланыс, денсаулық сақтау, білім беру саласында да мамандар тапшы. Сондықтан мамандық таңдау үшін алдымен еңбек нарығын зерттеп алған жөн. Егер қажет мамандық иесі болсаң, жұмыссыз қалмайтының анық, — дейді Бекзатхан Абдулла.
Ақтөбе қаласындағы №21 мектептің информатика пәнінің мұғалімі Шадияр Мұртаза қазір ІТ саласы еліміздің Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында өте жақсы дамығанын айтады.
— Мектепте робототехника және информатика пәні бойынша олимпиадаға оқушылар даярлайтын үйірмелер бар. Оқушылардың қызығушылығы жоғары.
Қазіргі таңда бұл үйірмелер оқушылардың бос уақыттарын пайдалы да көңілді өткізетін орнына айналды. Робототехника саласы оқушыларға XXI ғасырдың жаңа технологиялық жетісіктерімен танысуға, IT технологияларды тез меңгеруге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда әлем елдерінде робототехника кең қолданыс тауып отыр. Нанотехнологияның ең бірінші қадамы — осы работотехнология саласын дамыту деп ойлаймын.
Кәсіптік бағдар жүйелі түрде мектеп қабырғасынан бастап жүргізілуі керек. Әр бала өзінің қабілетін айқындап, дамыта алуы үшін мектептерде дұрыс бағыт берілсе деймін. Өкінішке қарай көптеген түлек ҰБТ тапсырып болғаннан кейін «осы балмен қандай оқуға түсе аламын?» деп іздене бастайды. Әр оқушы ең кем дегенде 10-сыныптан бастап қарым-қабілетін зерттеп, ойлануы қажет, — дейді ол.
Интернет — табыс көзі
Қазір бірнеше жыл бойы оқуды қажет етпейтін мамандықтардың кейбірі де жоғары сұраныста. Интернет-маркетолог, таргетолог, сату менеджері, SMM маманы болу үшін қысқа мерзімді курс оқысаңыз жеткілікті. Қазір бір диплом өмір сүруге азық бола алмауы мүмкін. Сол үшін әлемде 3-5 жылда бір рет оқып-үйрену курсынан өтіп, жаңа мамандықтарды меңгеру үрдісі қалыптасып жатыр.
Қазір әлеуметтік желілер кәсіптің негізге құралына айналды. Инстаграмда парақшасы жоқ кәсіпкерді елестету қиын. Бұрын орыс тіліндегі бизнес парақшалар көп болған болса, қазір орыс тілді блогерлер де қазақша блог жүргізе бастады. Өйткені қазақ аудиториясы көбейіп келеді. Қазіргі Қазақстан нарығындағы инста-дүкендер білікті SMM мамандарына мұқтаж. SMM маманы әлеуметтік желідегі парақшаны қаптап, әдемілеп тұтынушыларға дайындап қояды. Копирайтер — жарнамалық мақсатта мәтін жазып сататын адам. Оның жазған мәтіні өнімнің сатылымына, компанияның танымалдылығына әсер етеді. Копирайтер тапсырыс берушімен ғана емес, аудиториямен де ортақ тіл табысатын, білімді, жан-жақты болуы шарт. Бұл мамандық тілді жақсы білуді, кәсіпке бейім, саудаға икемді болуды талап етеді.
Таргетолог — сатып алушы тұтынушылардың келуін қамтамасыз етеді.
Жыл өткен сайын адам күшін қолданатын мамандықтардың азайып бара жатқанын байқаймыз. Себебі жаңа технология, автоматтандыру салалары адам күшін ығыстырып жатыр.
Білім және ғылым министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, 2009 жылдан бастап Қазақстанда 89 мамандық жаңадан ашылған. Болашақта IT мамандар, медицина саласы мамандары, мұғалімдер, архитехтор, үй интерьері дизайнері, сату менеджері мен инженерлерлерге сұраныс артады.
Ақбота ҚАЛДЫБЕК.