Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > География кафедрасы Орыс географиялық қоғамымен қарым-қатынаста

География кафедрасы Орыс географиялық қоғамымен қарым-қатынаста

Осы қарым-қатынас нәтижесінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша тарих факультетінің география кафедрасына М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті рекреациялық география және туризм кафедрасының доценті, география ғылымдарының кандидаты Н.В.Шабалина келіп кетті.

Наталья Шабалина рекреациялық география, туризм географиясы, туристік- рекреациялық кешенін басқару, туристік дестинация маркетингі салаларын зерттеуші,  Ұлттық туризм Академиясының, Орыс географиялық қоғамы мүшесі, РФ мемлекеттік сыйлығының лауреаты, туризмнің дамуына қосқан үлесі үшін Мәскеу Үкіметінің сыйлығының лауреаты.

Доцент Н.В.Шабалина «Туризм» мамандығының 3-4 курс студенттеріне «Қонақ үй шаруашылығы» пәні бойынша дәріс оқыды.

Сондай-ақ, Орыс географиялық қоғамы, Ұлттық туризм Академиясы мүшелерінің, М.В.Ломоносов атындағы ММУ-ң рекреациялық география және туризм кафедрасының, аль-Фараби атындағы ҚазҰУ туризм кафедрасының, Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ география кафедрасының профессор-оқытушылар құрамының қатысуымен «Туризмді дамытудың өзекті мәселелері» атты Халықаралық ғылыми-теориялық онлайн-семинар ұйымдастырылып, өткізілді.

Семинарды ұйымдастырушылардың бірі география кафедрасының меңгерушісі Г.Т.Кубесованың айтуынша, семинарға орыс географиялық қоғамы мүшелері қатысқан. «Алдағы уақытта қоғам мүшелерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, бірлескен жобаларды жүзеге асыратын боламыз», — дейді Гүлнар Тынышбайқызы.

Семинар барысында М.В.Ломоносов атындағы ММУ-ң рекреациялық география және туризм кафедрасының меңгерушісі, ОГҚ мүшесі, вице-президент, г. ғ.д. В.И.Кружалин туризмді дамытудың ғылыми әдістемелік негіздеріне тоқталса, М.В.Ломоносов атындағы ММУ-ң  доценті, Ұлттық туризм Академиясының  мүшесі, г.ғ. к. Н.Н. Калуцкова қорғалатын табиғи орталарда туризмді дамыту мәселесін халықаралық тәжірибеге сүйене отырып баяндады.  Сонымен қатар М.В.Ломоносов атындағы ММУ-ң  доценті, г.ғ.к Н.В.Шабалина, әл- Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті туризм кафедрасының  меңгерушісі, г. ғ.к., доцент А.М.Артемьев, университеттің география кафедрасының меңгерушісі Г.Т.Кубесова өз баяндамаларында заманауи туризмді дамытудың проблемалары мен олардың тиімді жолдарына тоқталды.

Семинарда талқыланған ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері  аймақтардың туристік игеруінде, туристік  инфрақұрлымының  қалыптасуында,  ішкі туризмнің дамуында маңызы зор болмақ.

Семинар қатысушыларына  сертификаттар табыс етілді.

Мәскеу ғалымы Н.В.Шабалинаның қатысуымен география кафедрасы және Ақтөбе облысының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бірігіп, Ақтөбе қаласының қонақ үй индустриясының өкілдерімен «Қонақ үй индустриясының проблемалары мен даму перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.

Дөңгелек үстелде қызмет сапасы, қызметкер мотивациясы, қонақ үй бизнесіндегі мансап, қонақ үй классификациясы сынды сұрақтар талқыланды.