Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Қытай жоғары оқу орындарымен байланыс артады

Қытай жоғары оқу орындарымен байланыс артады

Бүгін Жұбанов университеті жанындағы Конфуций институтының Алқа мәжілісі өтті. Мәжіліске университеттің ректоры Лаура Қарабасова, басқарма мүшелері мен құрылым басшылары, Қытайдың Синьцзян қаржы-экономикалық университетінің өкілдері қатысты.

Университет ректоры Лаура Қарабасова еліміздің Қытай Халық республикасымен білім және ғылым саласындағы байланысы тереңде екенін атап өтті. Сонымен бірге 10 жылдан астам уақыттан бері біздің университет Синьцзян қаржы-экономикалық университетімен тығыз байланыста жұмыс істеп келе жатқанын, алдағы уақытта бакалавриат, магистратура деңгейінде ғана емес, докторантура бағдарламаларын нығайту, ғылым саласында бірлескен жобаларды қолға алу секілді мәселелерге тоқталды.

Синьцзян қаржы-экономикалық университетінің ректоры Ли Цзянджюн мырза да өз кезегінде екі жақты жоғары оқу орындары арасында ынтымақтастық жыл сайын арта түсетініне сенім білдірді.

Алқа мәжілісінде Конфуций институтының қаржылық басқару жүйесі, жоба қаржы қорларын басқару, қытай, қазақ тарапы директорларының лауазымдық міндеттеріне байланысты бірқатар мәселелер талқыланды. Сондай-ақ, Конфуций институтының Қазақстан тарапынан директоры лауазымына Дәулет Қантөреұлы тағайындалды.

Айта кетейік, Конфуций институты университетімізде 2010 жылы құрылып, сол жылдардан бері он мыңнан астам білім алушы қытай тілін үйренді. Сонымен қатар 2017 жылдан бастап университетімізде «Қытайтану» ғылыми зерттеу орталығы жұмыс істейді. Ақтөбе облысындағы 27 Қытай инвестициялық компанияларымен білім, ғылым және өндіріс саласында өзара тиімді ынтымақтастық орнатылды. Университетіміздің жанындағы Конфуций институты 2017 жылдың қорытындысы бойынша Конфуций институттарының XII Бүкіләлемдік Форумында әлемдегі 525 Конфуций институттары арасында үздік институттарының бірі ретінде танылды.