Ақтөбе облысының тұрғындары ерекше ықыласпен қарайтын спорт түрлерінің бірі – футбол. «Ақтөбе» ФК-ның көп жылдық жетістіктері кішкентай баладан бастап ересектердің де футболға деген сүйіспеншілігін арттырды. Әуесқой футбол тез дамып, қалада түрлі секциялар ашылды.
Өмірін футболмен байланыстырғысы келетін студенттер де аз емес. Бүгінгі таңда болашағы зор мектептердің бірі – ZHUBANOV ACADEMY футбол академиясы.
Университет басшылығының қолдауымен футбол клубы өткен жылы қараша айында оқу орнының базасында құрылды. Қазіргі таңда әртүрлі жастағы 150-ге жуық жас академияда білім алады. Академияға тек студенттер ғана емес, сондай-ақ, мектеп оқушылары да қабылданады.
«ZHUBANOV ACADEMY» еліміздің бес дүркін чемпионы «Ақтөбе» ФК және «Ақтөбе», «Рахмет» шағын футбол клубтарымен ынтымақтастықта жұмыс істейді. Академия құрамындағы университетіміздің бірнеше студенті «Ақтөбе» ФК жастар командасында өнер көрсетіп, республикалық жарыстарда облыстың абыройын қорғап жүр.
Мектептің құрылғанына көп болмаса да, жетістіктері көп. Командалар әр турнир сайын жүлделі орын иеленіп келеді. Жақында ғана Жоғары колледж командасы Республикалық Студенттер лигасында бірінші орынды жеңіп алды.
Сонымен бірге Ақтөбеде әуесқой командалар арасында «Жұбанов лигасы» өтті. Турнирге қалалық командалардан бөлек көршілес Ақтау және Атырау қалаларының топтары қатысты. Жарыс қорытындысында жүлделі орын алған командалардан бөлек, ойында белсенділік танытқан үздік футболшылар да марапатталды.
Айта кетейік, футбол мектебіне оқу орнының түлегі, жас маман Досхан Қарасаев жетекшілік етеді.