Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жастар саясаты > Зердесі зерек жас

Зердесі зерек жас

Мұғалжарлық білім алушы Дильназ Ғабит, Zhubanov University «Есеп және аудит» мамандығының 3 курс студенті, Қырым Автономиялық Республикасында өткен Аудит және қаржылық талдау бойынша Халықаралық олимпиаданың 2 дәрежелі диплом иегері, Алматы қаласында өткен Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына арналған VIII Қысқы универсиадасында 2 және 3 орын жетістік көрсеткен кёрлинг  командасының ойыншысы, волонтер, шығармашылық тұлға. Университетте меңгеріп жатқан саласы бойынша түрлі курстар, семинар, тренингтерге қатысып, сертификатын алған, мақсаты нық, зердесі зерек жас. Дильназдан басқа университетте Мұғалжар ауданынан бакалавриат бағытында – 743, магистратурада 11 білім алушы оқиды. Жан-жақты Дильназдың алдағы мақсаты – болашақ кәсібі бойынша еңбек ету. Сұқбат алған Гүлнара Қараша.

Дильназ, игеріп жатқан «Есеп және аудит» мамандығы жайлы кеңірек білгім келеді. Бұл кәдімгі бухгалтер мамандығы ма?

— Қазіргі таңда қаржы және экономика саласында “Есеп және аудит” мамандығы ең қажетті деген мамандықтардың бірі болып табылады. Бұл мамандықты игеру барысында біз, яғни студенттер қаржы, басқару және салық есебін ұйымдастыруда ғылыми және тәжірибелік білімімізді толықтырып, сонымен қатар қаржылық есептілік, аудит жүргізу, талдауды үйренеміз. Иә, “Есеп және аудит” мамандығы өзіңіз айтқандай кәдімгі бухгалтер мамандығы. Тек бухгалтер болып қана қоймай, қаржы кеңесшісі, директоры, аудитор көмекшісі болып, сондай-ақ, халықаралық және отандық компанияларда, банктерде қаржылық аналитик болып та жұмыс жасай алады. Негізінен, қаржылық есептің ережелерін егжей-тегжейлі білу жеке бизнесті басқаруға да көмектеседі.

Негізі бұл мамандық- күрделі. Есеп-қисапқа жүйрік болу керек. Солай емес пе?

-Өз басым, есеп-қисапқа мұқият әрі аса байыптылықпен қарау керек деп есептеймін. Санау білемін деген кез келген адам бухгалтер болып кетпейді ғой. Бухгалтер мамандығы — дебет пен кредитті үйлестіре алуға қабілетті, сабырлы адамға лайықты қызмет саласы. Өйткені, қандай да бір мекеменің қаржылық жағдайы, көрсеткіші, кірісі мен шығысы секілді маңызды құжаттардың дұрыс болуы — барлығы осы бухгалтердің міндеті.

Қоғамда өте белсенді екенсіз. Жетістіктеріңіздің ішінде назарымның ерекше түскен тұсы -«Саналы ұрпақ — мемлекеттің болашағы»  тақырыбында эссе жазыпсыз, жүлде алыпсыз.
«Көлде жүрген қоңыр қаз қыр қадірін не білсін, қырда жүрген дуадақ су қадірін не білсін, санасы жоқ жамандар ел қадірін не білсін»,-деп Асан қайғы бабамыз жырлағандай, санасыздық — жамандықпен теңеседі. Өзіңіз қалай ойлайсыз?  Бұл сұрақ неге бүгін өзекті?

— Бұл сұрақтың қазіргі таңда өзекті болуының басты себебі шүкіршілік, қанағаттың адамдардың бойында азаюы. Қолда бар алтынның қадірі жоқ, барды бағалайтындар көп емес. Бір өкініштісі, пендешілікке салынып, жанындағы жақын жанды бағаламай, сол жақыны келместің кемесіне мініп кеткенде қол қусырып, тек өкініп қалуы дер едім.

Белсенділік — бастамашылдық. Үлкен еңбек. Осы еңбекке басында кім баулыды?

— Маған өмірімде үлкен мотивация беретін — отбасым, себебі мені әрдайым алға жетелеп, өздерінің ақылдарын айтып, қателік жіберсем лезде дұрыстай біледі. Әкешімнің “Еңбек ет, талпын, біреудің ала жібін аттама, адал жолмен ғана армандаған, қалаған нәрсеңе, мақсатыңа жетесің” деген, анашымның “Ортаңа сыйлы бол, жетістікке жеттім деп айналаңдағы жандарға биіктен қарама” деген сөздерін жадымнан бір елі шығарған емеспін. Үйдегі үлкен апаларымның әр жерде үздік, өз еңбектерінің арқасында талай жетістіктерге жетіп жүргеніне де куәмін. Сол жандарға қарап, үлгі алып, еңбектеніп келемін және осы еңбегім биік белестерге жеткізетініне кәміл сенемін.

Мұғалжар өлкесінен екенсіз. Туған жер тарихын жақсы білесіз бе?

-“Туған жердей жер болмас, туған елдей ел  болмас” дегендей, кез келген адамға өзінің туған өлкесінен артық жер жоқ. Алғаш рет 1921 жылы Ақтөбе губерниясының құрамында Темір ауданы деген атпен құрылған болатын. Кейін 1922 жылы 5 шілдеде Темір уезі болып өзгертілді. Темір ауданы 1928 жылы Ақтөбе округінің құрамында қайта құрылды. 1930 жылы Қазақ АКСР-нің тікелей бағынысына өтті. 1932 жылы Ақтөбе облысына қоныс аударды. 1967 жылы Октябрь ауданы болып өзгертілді. Осылайша 1997 жылы 17 маусымда Қазақстан Президентінің Жарлығымен Октябрь ауданы Мұғалжар ауданы болып өзгертілді.

Дәстүрлі сұрақ. Алдағы өмірлік жоспарлар қандай?

— Оқуымды өзім қалағандай үздік нәтижемен бітіріп, мамандығым бойынша жұмысқа орналасып, жеке кәсібімді ашсам ба деймін..