Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Шәкірт құрметіне ие ұстаз

Шәкірт құрметіне ие ұстаз

Zhubanov University ректоры Лаура Қарабасова оқу жылы аяғында «Педагогика, психология және бастауыш оқыту» кафедрасының аға оқытушысы Наренова Асия Болатқызына арнайы құрмет көрсетіп, Алғыс хатын табыстады.

«Асия Болатқызы Жұбанов университетінде 31 жыл бойы қызмет еткен ардагер оқытушы.  Кезінде маған «Педагогика» және «Психология» пәндерінен сабақ берді. Ұстазым бізді сыни тұрғыдан ойлауға, әр мәселені жан-жақты зерделеуге тәрбиеледі.
Еңбекқор, талапшыл және ағартушылық іске еңбегі сіңген ұстазға барша шәкірттер атынан алғысым шексіз!»,- деп жазып, ұстазымен фотосын жариялады ЖОО басшысы Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында. Жазбаға максималды 250 лайк қойылып, ұстазға 70-ке жуық оқырман жылы комментарийін қалдырған. «Ұлағатты ұстаздың бағасын шәкірті бағалағаны, ол – ерен еңбектің нәтижесі мен кәсіптегі абыройлы міндеттің жүзеге асырылғаны», «Жаны жайсаң ұстаз», «Жоғары дәрежелі оқытушы, университеттің оқытушылары мен білім алушылары оны жақсы көреді», «Аппақ жүрегіңізбен, кең пейіліңізбен, мол ақыл-парасатыңызбен кейінгі әріптестеріңізге үлгі боп, жасай беріңізші! Жақсы көреміз! Құрметтейміз! Үлгі тұтамыз!» деген пікір қалдырушылар.

Асия Болатқызы Наренова 80 ғылыми мақала, сондай-ақ 3 оқу құралы: «Психология» электронды оқулығының, (РУМС, 2011 жыл), «Психология және адам дамуы» оқу құралының, (РУМС- 2013 жыл), «Педагогикалық практика» оқу- әдістемелік құралының (РУМС, 2015 жыл) авторы. Оның «Психология және адам дамуы» пәнінің СӨЖ тапсырмалары әдістемелік нұсқауы, «Психология және адам дамуы» пәнінің практикалық сабақтары және тест тапсырмалары университет студенттерінің қолданысында.
Кәсіби биікке жетіп, шәкірт алғысына бөлену ұстазға —  шынайы бақыт деп білеміз. Біз оны сұқбат сәтінде анық сездік.

Асия Болатқызы, кезекті оқу жылы аяқталды. Қалай өтті?

— Кезекті оқу жылы ойдағыдай аяқталды. Осы оқу жылы онлайн және оффлайн форматта ұйымдастырылды, оның себебі түсінікті. Үлкен потоктардың лекция сабақтары онлайн ZOOM платформасында, ал семинар, практикалық және ОСӨЖ сабақтары оффлайн өткізілді. Биылғы оқу жылы нәтижелі аяқталды.
Онлайн форматта ұйымдастырылған оқыту процесі барысында студенттердің оқу материалдарын меңгеруде кейбір кедергілер кездесті.  Техникалық ақаулықтар, интернеттің өшіп қалуы және т.б.
Оффлайн форматта студенттермен тікелей, бетпе-бет кездесіп ой-пікірімізді талдап, интерактивті әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы сабақтарды сапалы, нәтижелі өткіздік. Оқу әрекетіндегі ниет пен мақсат — алынған ғылыми білімдерді  іс жүзінде пайдалана білуге үйрену болса («істегі білгірлік» ), онда нәтижесі де солай болуы тиіс. Бұл білімді іс жүзінде пайдаланудағы нақты іскерлік.

Шәкірт құрметіне бөленіп жүрген ұстазсыз. Шәкіртіңіз, университет ректоры Лаура Қарабасова өзіңізді арнайы құттықтап, алғысын білдірді. Өзге шәкірттеріңіздің де жылы лебіздері айтылды. Ұстаз үшін бұл ең жоғары марапат деп ойлаймыз.

-Мен шәкірттерімді мақтан тұтамын. Ұстаздан  шәкірт озса, ол ұстаз үшін үлкен жетістік деп білемін. Сондай шәкіртімнің бірі, университет ректоры Лаура Чапайқызы Қарабасова. Лаура Чапайқызы өзімді арнайы кабинетіне шақырып Алғыс хатпен марапаттап, өзінің Facebook парақшасында мен туралы өте мазмұнды ой-пікірін жазды, алғысым  шексіз, кәсібінен берекет тапсын, барлық ұйымдастырып отырған жұмысына сәттілік тілеймін, талабы оң болсын. Өзім қызмет жасайтын «Педагогика, психология және бастауыш оқыту» кафедрасының меңгеруші, профессор, педагогика ғылымдарының кандидаты Гүлшат Рахметжанқызы Бахтиярова да менің үлкен мақтанышпен айтатын шәкіртім.
Гүлшат Рахметжанқызын  сабақ беріп жүрген студенттеріме де өнегелі ұстаз, қазақ этнопедагогикасын зерттеуші ғалым, академиялық деңгейі жоғары педагог, басшы ретінде дәріс барысында, қазақстандық ғалымдарға сипаттама бергенде үнемі айтып жүремін.

Педагогикалық қызметіңізде психология және адамның дамуы тақырыбына біраз еңбектер арнап, зерттеген екенсіз. Бұл тақырыпқа неге баса назар аудардыңыз?

-Мен педагогикалық қызметімде көп жылдар бойы «Психология», «Психология және адам дамуы», «Педагогикалық психология», «Жасерекшеліктер психологиясы» және «Педагогика» пәнінен үнемі үлкен потоктарда лекция  сабағын  өткізіп жүрмін. «Психология», «Педагогика» және «Тәрбие жұмысының теориясы мен әдістемесі» пәндерінен видео- лекциялар мен электронды оқу құралдары университеттің электронды ARSU.kz cайтында және YouTube каналында жүктеліп тұр, кез келген уақытта студенттер пайдаланады. «Психология және адам дамуы» оқу құралы республикалық оқу-әдістемелік бірлестіктің ұсынысымен баспадан шығарылды. «Психология және адам дамуы» тақырыбында  мақалалар жазып жүрмін, себебі психология ғылымы, ол адамның барлық болмысы, дамуымен бірге бітісіп, ылғи өзекті мәселелердің қозғаушы күші болып табылады. Адам дамуының тағы бір ерекшелігі мысалы, балалардың оң және сол қолмен әрекет жасауының психологиялық ерекшелігі туралы зерттеліп, мақала жазылуда.

Сыртыңыздан көрген адам сіздің нағыз педагогтік келбетіңізге көз тігеді. Кәсібіңіз тұлғаңызға сай көрінеді. Жан қалауыңызға қол жеткізген бақытты жан боларсыз.

-Иә, өте бақыттымын.  Мен өзімнің 40 жылдық ұстаздық кәсібімнің 31 жылын осы университетте өткіздім. Маған тағы қандай мамандықты немесе кәсіпті  таңдайсыз десе, тағы да осы ұстаздықты таңдаушы едім.

Адам өмірінде қиындықтар, кедергілер кездесіп жатады. Ондай сәттер өзіңізде де болған болар. Бұл сынақтардан қалай лайықты өтуге болады?

— Ондай сәттер болады ғой. Кез келген кедергіні,  қиындықты ақылмен, қабырғаңмен кеңесіп, ойланып әрекет жасап, шеше білу керек. Адам баласына әр түрлі сынақ беріледі, сол сынақтардан өту үшін, ең бастысы адамға сабырлық қажет. Бұрын үлкен ата-әжелер айтушы еді, қиындық пен сынақты көтере алатын адамға береді, сол адамды  сен нарсың ғой дейтін, осы астарлы сөздің мағынасы да адамның жан дүниесіндегі, ішкі сезіміндегі салиқалы сабырлыққа жанасады деп ойлаймын, себебі сабырлық – адамның асыл қасиеті.

-Сіз болашақ педагог мамандар дайындайсыз. Соңғы жылдары елімізде педагог мәртебесін арттыруда оң істер жасалып, бұл мамандыққа келушілер көбейді. Білім алушылардың бәрі өз саласының кәсіби маманы болуы үшін қазір кедергі болар ешқандай мәселе жоқ шығар?

-Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31тамыздағы № 645 қаулысы,  Қазақстан Республикасының Заңы «Педагог мәртебесі туралы». Осы Заң педагогтің мәртебесін айқындайды және оның құқықтарын, әлеуметтік кепілдіктері мен шектеулерін, міндеттемелері мен жауапкершілігін белгілейді.
Қазіргі таңда  елімізде педагог мәртебесін  арттыруда оң істер жасалып, педагогикалық мамандыққа оқуға түсушілер саны көбейді. Педагогикалық мамандыққа деген сұраныстардың көбейуі, үкімет тарапынан мемлекеттік гранттың көбірек бөлінуі.  Бұрынғыдай ҰБТ нәтижесіндегі 50 баллмен педагогикалық мамандыққа түсе алмайды, қазірде ҰБТ баллы 75 және одан да жоғары болуы керек. Себебі педагог  ең күрделі процестерді — жеке адамды қалыптастыру процесін басқарады. Бұл процестің күрделілігі тәрбиеленушінің жеке өзінің үнемі өзгеріп тұратындығына байланысты. Бір өзенді екі рет кешіп өтпейтіндігі сияқты, оқушыға әр уақытта бір өлшеммен қарауға болмайды. Педагогтың қолында өлшеуіш немесе басқа да приборлар жоқ. Оның ең басты жұмысы — оқыту мен тәрбиелеу барысында пайда болған қарым-қатынасты басқару. Педагог көптеген нақты жағдайда қысқа уақыттың ішінде ең дұрыс педагогикалық шешімді таба білуі тиіс, ал мұның өзі әрқашан күрделі процесс.
Білім беруді жаңарту (модернизация) — әрқашан алға қарай ұмтылу мен дамыту үдерісі,  білім беруде кезең-кезеңімен өтетін жəне алынған нəтижелерге бағытталған өзгерістер. Қоғамдағы жүріп жатқан өзгерістер, ғылыми-техникалық прогресс және жалпы білім беретін мектеп құрылымының өзгеруі  —  жас ұрпақты тәрбиелеуді дамытып, қалыптастыруды талап етеді. Заманауи тәсілдің ең негізгі ерекшелігі — оқушылардың алған білімдерін жай ғана иеленіп қоймай, оларды орынды жерде қолдана білуіне басты назар аудару болып табылады.

Ұстаздық жолыңыздағы ұстаздарыңыз кімдер? Олар жайлы бүгінгі шәкірттеріңізге айтып отыратын боларсыз.

-Ұстаздық жолымдағы ұстаздарым, мектептегі алғашқы ұстазым, марқұм Сейтқалиева Клара Мергеновна, класс жетекшім болған ұстазым  Даришева Сағира Малбагаровна болса, Ақтөбе педагогика институтында сабақ берген ұстаздарым, көбі дүниеден озып кетті, ректор болған Щетинин Павел Степанович,  Марденов Жанат Марденович, Жұбаев Сабыржан Таргынович, Жағалтаева Тұрсын Жалтаевна, Терекова Фариза Ембергеновна, Нұржанова Жания Нұржановна және т.б. Осы ұстаздарымның педагогикалық шеберлігін, қабілеттілігін, педагогикалық іс-әрекеттегі белсенділігін әр кез студенттерге айтып, баяндап отырамын. Бұл адамдардың өмірден ойып алған орны бар, есімдері аңыз болған педагогтар ғой.

Гүлнара Дауылбайқызы