Четверг, Октябрь 6, 2022
Басты > БАҚ біз туралы > «Жасыл ел» 1200-ден астам жасқа жұмыс тауып берді

«Жасыл ел» 1200-ден астам жасқа жұмыс тауып берді

Биыл «Жасыл ел» жасағына 1230 жас тартылды. Осы аптада еңбек жасағының жастары үшінші маусымды аяқтамақ.

«Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары және «Атамекен» студенттер отрядтары қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұржан Шаңғытбаевтың айтуынша, биыл жасақ өз жұмысын мамыр айында бастаған. Бұл айда, яғни бірінші маусымда жасақта 157 жас еңбек етсе, екінші маусымда 325 адам жұмыс істеген. Қазір үшінші маусымда 438 жас көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына жұмылдырылуда.

— Жалпы биылғы жылы «Жасыл ел» жасағында 1230 жасты жұмыспен қамтып отырмыз. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, биыл өңірде жалпы саны 3700 жасты жұмыспен қамту жоспары бекітілген. Оның ішінде 2500 жас облыстағы жұмыспен қамту орталықтары арқылы еңбекке тартылса, 1200-ден астамы «Жасыл елдің» құрамында жұмыс істейді. Осы айдың аяғында жасағымыз үшінші маусымын аяқтайды. Алда төртінші маусым басталады.

«Жасыл елдің» құрамында еңбек етіп жүргендердің дені — жоғары сынып оқушылары. Сондай-ақ Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенттері мен кәсіби білім беретін колледждердің оқушылары да бар. Негізінен, бұл бағдарлама — жұмыссыз жүрген және қосымша еңбек еткісі келетін 16-29 жас аралығындағы жастарды қамтитын жоба. Бағдарлама аясында жастар туған өлкені көгалдандыру мен абаттандыру, сондай-ақ құрылыс бағытында еңбек етеді. Жұмысқа қабылданған жастардың әрқайсысымен жеке еңбек шарты жасалды, енді ай сайын олардың жалақылары банк карталарына аударылып отырады. Биыл облыс әкімінің қолдауымен «Жасыл елдің» еңбек маусымында жұмыс жасайтын жастардың жалақылары да өсті. Мәселен, жасақ жауынгерлері қолдарына 90-100 мың теңге көлемінде еңбекақы алады. Ал құрылыс саласында еңбек етіп жүрген қыз-жігіттерге 110 мың теңге жалақы төленеді. Тек оларға қойылатын басты шарт — жасы 18-ге толуы керек, — дейді Нұржан Шаңғытбаев.

Оның айтуынша, қазір үшінші маусымда «Жасыл ел» жасағының 100-ден астам жауынгері облыс аудандарында, атап айтсақ, Ойыл, Қарабұтақ, Қобда, Шалқар, Мәртөк, Темір орман шаруашылықтарында еңбек етіп жатыр. Ал 8 жауынгер Хромтау қаласындағы «Самғау-2030» ЖШС-да жұмыс істесе, 6 жас Алға қаласындағы «Жан Инвест» ЖШС-да абаттандыру жұмыстарына жұмылдырылған. 10 жас Ақтөбе қаласындағы Батыс-2 ауданында салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарына жіберілген.

— Биыл «Жасыл ел» құрамындағы жастардың саны былтырғыға қарағанда 300 адамға көп. Ал жұмыспен қамту бағдарламалары бойынша еңбекке тартылған 2500 жастың ішінде 18 жасқа толған жастар 76 мың, мектеп жасындағылар 66 мың теңге еңбекақы алады. Бұл жазғы демалыста өз уақытын бос өткізбей, еңбек еткісі келген жастарға үлкен қолдау деп түсінеміз. Жалпы жылдан-жылға елімізде, оның ішінде өңірде тұрақты жұмысқа тұрып, қаржы тапқысы келетін жастардың қатары көбейіп келеді, — дейді ол.
Биыл еңбек маусымының жабылуы қазан айында өтеді және үздік жауынгерлерге облыс әкімінің арнайы сертификаттары мен сыйлықтары табысталады.

— Биыл «Жасыл ел» жасағында белсенді жұмыс жасаған жастар жылдағыдай «Ең үздік жауынгер», «Ең үздік командир», «Ең үздік жасақ», тағы басқа номинациялармен марапатталатын болады. Бұл жастарды еңбекке құлшындырады, олардың белсенділігін арттырады. Ал күзде жылдың қорытындысы кезінде ең үздік 30 жасқа елордаға барып демалуы үшін жолдама беріледі, — дейді Н.Шаңғытбаев.

Биыл «Жасыл ел» жасағының жауынгерлері тек жұмыс істеп қана қоймай, түрлі акциялар мен көпшілік-спорттық шараларға да қатысып, атсалысуда. Мәселен, жуырда Ақтөбе қаласындағы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде қыздар арасында «Жасыл ел» жасағының кубогы үшін турнир өткізілсе, Шалқар ауданында жасақ жауынгерлерінің бастамасымен шағын футболдан жарыс ұйымдастырылды. Сондай-ақ жасақ жауынгерлері «Таза қала — таза жағалау» акциясына да белсене атсалысты. Акция аясында жастар Ақтөбе, Сазды, Қарғалы су қоймаларының жан-жағын күл-қоқыстан тазалап, жағалауға барған тұрғындарды тазалыққа, табиғатқа жанашырлықпен қарауға шақырып, насихат жұмыстарын жүргізді.

— «Жасыл ел» және «Атамекеннің» жастары жыл сайын көктем, күз айларында қала аумағында «Менің атаулы ағашым», «Өз қалаңа ағаш сыйла!» атты акциялар өткізеді. Акция барысында олар ағаш егіп, бұрын егілген ағаштарды суарып, әктеп, тазалық жұмыстарын жүргізеді. Мұндай акцияларды алдағы уақытта аудандарда, ауылдарда ұйымдастыру дәстүрге айналса, өңірімізде жасыл желек көбейер еді. Біз осындай ұсыныстарымызды жауапты мекемелерге айтып жатырмыз. Сондай-ақ қазіргі таңда жасақ жауынгерлері «Бұлақ көрсең, көзін аш!» акциясын өткізіп, қала сыртындағы Маржанбұлақ және Орск тасжолында орналасқан Ислам бұлағының көзін тазартып, игі іс жасап жатыр. Одан бөлек, «Жасыл елдің» бір топ жастары тыл ардагерлері мен жалғыз тұратын қариялардың ауласын, үйін тазалап, көмек қолын созуда. Мұның барлығы — қоғамдық жұмыстар. Ол үшін жасақ жауынгерлеріне ешқандай ақы төленбейді. Алайда біздің жастарымыз табиғатқа, қарияларға жанашырлықпен қарап, осындай акцияларға белсене қатысып, жұмыла еңбек етіп жүр, — дейді Н.Шаңғытбаев.

Бүгінде «Жасыл ел» жасағының бір тобы Ақтөбе орман шаруашылығында еңбек етіп жүр. Жасақ жауынгерлерінің бірі, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің 3-курс студенті Абай Ниязов 2019 жылдан бері осы шаруашылықта жұмыс жасап келеді.
— Жыл сайын «Жасыл елдің» қатарында жүріп, Ақтөбе орман шаруашылығында еңбек етемін. Бұл жерде мен сияқты 3-4 жыл қатарынан жұмыс жасап жатқандар аз емес. Қазір шаруашылықта екі отряд, яғни 80 жас еңбек етіп жүр. Мұнда біз шаруашылық мамандарына көмектесіп, суару жүйелерін қондырамыз, осы аумаққа ағаш егіп, оларды суарамыз, арамшөптер жұламыз. Жалпы, бұл жерде жұмыс жасау жастарға пайдалы. Ауасы таза, жан-жағы шалғын шөп. Сондай-ақ бұл жерде жастар мамандардан өздеріне қажетті мағлұматтар алады, тәжірибе жинайды, — дейді Абай Ниязов.

 

Данагүл ҚАЗИХАН

https://baq.kz/