Четверг, Март 28, 2024
Басты > Абай > Абайтану ілімінің негізін қалаушы

Абайтану ілімінің негізін қалаушы

Тілтану ілімінің тұңғыш профессоры Құдайберген Қуанұлы Жұбанов қазақ лингвистикасының әр алуан саласында өзіндік із қалдырған ғұлама. Өз кезінде проф. А.Ысқақов атап өткендей Қ.Жұбанов тіл білімінің барлық саласымен де шұғылданған; қазақ тіл білімінің ол араласпаған, я қатыспаған бірде-бір қалтарысы қалмаған деуге болады. «Өйткені оның ғылыми мұрасынан қолды болмай аман сақталып, бізге дейін келіп жеткен еңбектерінің өзін барласақ, олар қазақ тілінің фонетикасын да, грамматикасын да, қазақ тілінің тарихын да, қазақ жазуы, оның емлесі, терминологиясы, стилистикасы, оқулығы мен методикасы, программасы – бәр-бәрін де қамтиды.

Профессор Қ.Жұбанов ұлы ақынымыз Абай Құнанбаевтың қайтыс болуына 30 жыл толуына байланысты 1934 жылы «Абай — қазақ әдебиетінің классигі» деген мақала жариялады. Бұл мақалада айтылған қағидалардың қазақ әдеби тілі мен қазақ әдебиетін зерттеу үшін аса зор тарихи ролі, маңызы болды. Егер ол кездегі Абай турасындағы, оның творчествосын бағалау жайындағы айтыс-таластар мен көзкарастарды еске алсақ, бір алуан пікір иелері Абайды, оның творчествосын бұрынғы үстем тапқа телігені, енді бір алуаны Абайдың әдеби мұрасын халыққа тән мұра деп бағалағаны, ал енді бір алуаны оған әрі-сәрі қарағаны мәлім болатын-ды.

Дәл осы кезде қазақтың халық әдебиеті мен Абайдың көзқарасы қандай болғандығын, ақынның одан қандай нәр алғанын, Абайдың шығыс әдебиетіне қатысын, оның несіне назар аударып, несінен безінгенін, /озат/ орыс әдебиетінің, оның үлгісін түсініп, одан ақынның қандай үлгі-өнеге алғанын тарихи жағынан толық сипаттап ғылыми жолмен дәлелдеген, Абайды қазақ әдебиетінің ескі жұртынан да, «ислам мәдениетінің кірлі көрпесінен» де сілкініп шыққан, қазақ әдебиетін «бос сөзділіктен» тазартып, жаңа бағытқа салып, қазақ мәдениетін жаңа соны жолға түсірген ақын деп танып, оның /Абайдың/ тарихи қызметін ең алғашқы рет дұрыс бағалаған профессор Қ.Жұбанов болды деуге негіз бар.

А.Ысқақов ескерткендей: «ол кезде Абай — күшті ақын», «жақсы ақын» дегенді біраз адам айтқан, бірақ олар Қ.Жұбановтай Абай күшті болса неліктен, несімен күшті, жаксы болса — неліктен және несімен жақсы деген пікірді тарихи дәлел, нақтылы айғақ келтіріп, жан-жақты сипаттап, ғылыми жолмен ыңғылықты етіп көрсеткен ешкім жоқ еді. Абайтану саласында қалам тербеген, ат салысқан зерттеуші аталуының бәрі де келеңсіз танымдар тұтқынынан босап, тұрпайы социалогиялық пайымдауларға бой алдырмай кете алмады. Осындай зерттеуші атаулыны өз усынан шығармай ұстаған, әсіресе, Абайтану саласында кеңірек етек алған көзқарастардан құлан-таза болу ол кезеңдерде мейілінше қиын жәй болатын.

Сөйте тұрса да жұртшылықтың рухани тынысын кеңейтіп, зерттеушілік ойға сәуле шашқан бірегей зерттеу еңбектері де сол тұста жарық көріп үлгерді. Бұл ретте — академик жазушы М.Әуезов пен проф. Қ.Жұбанов қаламынан туған терең ғылыми мақалаларды атауға тиіспіз. «Әдебиет майданы» журналының 1934 жылғы Абайға бағышталған арнаулы санында /11—12/ жарыса жарияланған көптеген мақала, зерттеулердің ішінен М.Әуезовтың «Абай ақындығының айналасы» және Қ.Жұбановтың «Абай — қазақ әдебиетінің классигі» деп аталатын екі еңбек зерттеушілік сипатының тереңдігімен ерекше тұрған дүниеліктер деп есептейміз.

Филология ғылымының докторы, профессор М.Мырзахметовтың пайымдауынша, проф. Қ.Жұбановтың Абай жөніндегі зерттеу еңбегі автордың көптеген ой-толғаныстары мен іргелі де терең ғылыми танымдарының көбінесе тезистік тұрғыдан берілген ерекшелігін танытады. Өйткені өзіндік жеке-дара ой-тұжырымдарын барынша сығарлап айтқан пікірлеріндегі таным өрісі, немесе ретті жерлерде ғана жота көрсететін Батыс, Шығыс қазынасы мен қазақтың рухани әлеміндегі қат-қабат жатқан деректер көзін жан-жақты меңгеріп барып айтқан кесек пікірлер тобының өзі ғалымның рухани әлемі мен ғылыми танымның мүлде биік жатқандығын айғақтап тұр.

Еңбекте көбінесе тезистік желі беріліп, айтылған әрі алға қойылған зерттеулік ой-нысаналарының қабаттары сыр бүгіп жатса да, олардың беймағлұм қатпарларын жазып, ішкі сырларын ашуды ғалым Абайтану саласында жазылар монография зерттеуіне қалдырғандай сыңай танытады. М. Әуезов өзінің «Ірі окымысты» деп аталатын Қ.Жұбанов жайындағы мақаласында ғалымның қаламгерлігін аса жоғары бағалап: «Құдайберген стилі жатық, тілі орамды, мейлінше шебер жазатын адам еді.

Оның публицистік қабілеті, әдебиет, мәдениет қазыналарын терең білетіндігі, ғылымның көптеген салаларымен байланысты өрісі кең, білімі, өзінің мамандығы болып кеткен тіл білімімен астасып, жігі білінбей ұштасып жататын-ды», — деп ой қорытқан. Тұрғыласының Қ.Жұбанов қаламгерлігі туралы осы берген бағасының дәлдігін біз ғалымның публицистикалық мұраларын оқығанда айқын аңғарамыз. Әсіресе, оның Абай туралы жазған «Абай — қазақ әдебиетінің классигі» атты еңбегі тек ғылыми тереңділігімен ғана емес, тілінің құнарлы /бейнелі/, шұрайлы, көкейге қонымды, әсерлілігімен де оқырманды баурап алады.

Оның әрбір сөйлемі ілім-білімінен терең мағлұмат беретін сөз саптау үлгісі болса, сонымен бірге сол күрделі ойларды ұтымды тілмен, айшықты теңеулермен әсірелеп көрсететін күшті әдеби құрал болып табылады. Мысалы: ол Абай турасындағы еңбегін салған жерден бояуы қанық, құлаққа жатық естілетін сөз образдарымен бастайды. Бір үзінді келтірейік: «…тозған мұсылман күншығысының мәдени қалыбын бұзып, көнерген халық даналығының тар аумағынан шығып, әдебиет маңдайын жаңа арнаға қарай бұрған, жер жүзі әдебиетінің кеуде жеріне қарай жетелеген ақын-жазушы ол кезде, Орта Азия былай тұрсын, — Ресей күншығысы ғана емес, мемлекетті ел — Түркияда да кем болған.

Онда да «бармақ өлшеулі» өлең «қаба діл» «қара халық» белгісі болып, «нәфис әдебиетте» араб, парсы «ғарузының» «қаңсығы таңсық» көрінетін-ді. «Бармак өлшеулі» деп түріктер буын негізді метриканы айтады. «Қаба діл — тұрпайы тіл», «нәфис әдебиет — көркем әдебиет», «ғаруз» — араб-парсының өлең өлшеу жүйесі дауысты дыбыстардың ұзыны мен қысқасының кезектесуіне сүйенген болады. Абайдың 1858 жылдарда жазған «юзі раушан, көзі гауһар, лафилдек бет үші әһмәр…» дейтін өлеңі осы жүйемен жазылған.

Қ. Жұбанов осылайша әрбір айтатын ойын бейнелі, перделі сөздермен көмкеріп, оқырманға негізгі ойды әсерлі сурет аркылы жеткізеді. Мәселен, ол татар ағартушысы Чиһабутдин Мәржани туралы түсінік бергенде сөйлемді былайша кұрады: «Мәржани — шіріген ислам іргесін ақыл кездемесімен жамамақ болған, схоластикаға қарсы шығып, елді ақылға бағындырып, мектепке дейін ғылым мен орыс тілін енгізу қамында өткен, өзінше «Қазанның Лютері» еді. Дін жөнінде Абайдың ұстаған жолы да осы жол болатын. 

Бұл шағын үзіндіде Қ.Жұбанов Мәржанидің қоғамдық- әлеуметтік қызметін белгілі сөздермен түсіндіре отырып, өзінің оған деген сыни талғамын астарлап қана айтады. «Бұл өзінше Қазанның Лютері еді» деген ескертпесінде ғалым Мәржаниді көңіліне қораш тұтып таныстырса да, ол ойын перделеп, жұмсақтап жеткізеді. Тағы бір ретте Қ.Жұбанов Абайға баға беруде біз Энгельстің М.Лютерге берген бағасын ескермей жүргенімізді қынжылып көрсетеді. «Энгельс ренессанстың тарихи ірі мәнін айта келіп, ол дәуірдің ірі адамдар керек қылғанын, сол дәуір тудырған титандардың бірі Мартин Лютер екенін еске алады.

Сол Лютердің Энгельс көрсеткен еңбегі, жоғарыда айтқандай, дін реформасы жасау үстіне, дін жайында жазған кітаптарын неміс тілімен жазғандығы, жаңа шіркеу музыкасын жазып, оған жаңа түрлі дұғалар шығарып беруі болатын. Міне, осы Лютерді Абаймен салыстырғанда профессор Қ.Жұбанов Абайдың нағыз қазақи пішінін сипаттайды. Онда былай делінген: «бір елдің әдебиет тілін жасауда мұндай еңбек сіңірген адамды біз Энгельсше бағалай білетін болсақ, XIX ғасырда қазақ ауылында жасаған сеңсен тон, шидем күпі киіп, Шыңғысты жайлаған Абайдан пролетариат төңкерісіне басшы болуды, немесе «Капиталдың» авторы болуды талап етуіміз орынсыз, бойына шақтап тон пішуіміз керек». .

Қ. Жұбанов Абайдың еленбей жүрген бір ерекшелігін көрсету үшін Бұл Тоқай мен Дәрдімәндей, Ғали Асқар Қамал мен Фатих Әмірхандай, тіпті Мәржани мен Насиридай кезінің қолайлы жағдайы жарыққа шығарған,өсіңкі тұрмыс тілегі тікелей тудырған емес. Ол — ояну дәуірінің толқынынан пайда болған неміс Лютері, француз Малербі де емес. Сондықтан Ренессанстай ұлы нөсердің ірі жемістері: Леонардо да Винчи, Альбрехт Дюрер болу да Абайға «бұйырмаған» — дей келіп, Абай тұлғасын мынадай асқақ сезіммен сомдайды. «Абай — жағдайының жағдайсыздығы тудырған, басып тұрған қараңғылық ішінен келер таңның шолпаны болып елестеп, тұнып тұрған тымырсықта келер дауылдың дауылпазы болып күңіренген адам.

Бұл — өз ортасының Дантесі сияқты. Бірақ, Данте — ескінің соңы, жаңаның алды еді. Орта дәуір мен ояну дәуірінің аралығындағы көпір еді. Ал, Абайдың алды жокқа жуық та, арты ғана бар, ол соны дәуірдің басы, жаңалық желісінің шет бұршағы сияқты. Өйткені, оның төңірегі Эгей теңізі емес, Сарыарқаның шөлі де, өткені классик Рим емес, үдере көшкен қайшылық өмір ғой». Осы шағын сипаттамада қаншама теңеу, қаншама ұлғайған метафора, қаншама философиялық ой-толғам жатқанын ескерер болсақ, ғалымның қаламының желі барына, білімді сөз өнерімен ұштастыру шеберлігіне ешқандай күмән қалмайтыны хақ.

Жоғарыдағы микротекстерде ғалым қолданған казак тілінің этнографизмдерінің өзі де оның публицистикалық тілінің кұнарлылығына айғак болғандай. Бұл орайда оның қаламына ілінген этнологиялық қолданыстарды атап өтер болсақ проф. Қ. Жұбановтың қазақ тілінің сөз байлығын молынан игергендігін көреміз. Мысалы: оның «сеңсен тон», «шидем күпі қию», «бойына шақтап тон пішу», «өзгеден өңге қылу», «өсіңкі тұрмыс тілегі», «жағдайдың жағдайсыздығы тудырған», «келер таңның шолпаны болып күңірену», «келер дауылдың дауылпазы болып елестеу», «ескінің соңы, жаңаның алды», «соны дәуірдің басы», «жаңалық желісінің шет бұршағы», «үдере көшкен қайшылық өмір» сияқты тағы да басқа сөз қолданыстары шынайы халық тілінің эстетикасына қабысады.

Ғалымның төмендегі сөз саптаулары да сөйлем типінің бедерлі қолданысқа негізделгенін танытады. Ол былай дейді: «Абайдың алды жоқ емес, жоққа жуық. Өйткені, Абайдың алдында да әдебиет болды. Ата мұрасы болып, Абайдың еншісіне тиген әдебиет қазынасы екі түлік болатын. Бірі — емшек сүтімен қатар құлағына кіріп, сүйегіне сіңген ананың «Әлди, әлди ақ бөпем» атаның, «Сал-сал білек, сал білегі», қойшының әні, қыздың сыңсуы, қаралы қатынның жоқтауынан бастап, көркемдік сезімін шарбыдай шырмаған халық әдебиеті. Екіншісі — қажылы ауыл, молдалы ауыл болған Құнанбай ауылына ала-бөлек таныс ескі Орта Азия үлгісі — Шағатай әдебиеті».

Осындағы әдебиеттің салаларын түлікке теңеп тану процесі мал баккан қазақ ұғымына жат емес. Төрт түлікті білетін казак оқырманы Абайдың еншісіне тиген әдебиет қазынасы екі түлік болатын дегенде әңгіменің ғылымдық жағын яғни, теориялық пайымдауларды тосырқамай бірден қабылдайды. Кейде ғалым сөйлемге айрықша реңк екпін беру үшін оны  риторикалық сипатта, сұрау түрінде құрады да оған өзі жауап беріп отырады. Ол бұны Абай өлендерін шағатай үлгісімен салыстырғанда қолданады. «Шағатай әдебиетінің алдымен көзге түсер ерекшелігі — мистицизм, диуаналық лирика.

Онда бастан-аяқ өртенген ғашықтықтан басқа нәрсе болып жарымайды. Оның ғашықтығының түрі де бөлек, объектісі кім екені белгісіз: құдай ма? әйел ме? — тіпті, еркек пе? Ғашықтығы жыныссыз ғашықтық. –Кәне, Абайда бұл бар ма? — ұшқыны да жоқ—деп түйеді автор. Қ.Жұбановтың сөйлемдері біртұтас дайын тіл штамптарынан да құралады. Мұндайда ол мақал-мәтел, фразалық тұрақты тіркесімдерді түйдегімен қолданып, айтылмақ ойды сол паремиялық блоктар арқылы жеткізеді.

Мәселен, Шағатай әдебиетінің табиғатын түсіндіргенге мынадай таныс суреттерді тізбектеп келтіреді. Қараңыз: «Дүние азабының тізесі батып, көресіні көре-көре «құдай салды»-ға, көнген, өлім мен тіршіліктің жігін жоғалтқан қарсыласар дәрмен көксемей, тағдырдың лағынет қамытына мойнын өзі сұққан көнбістілік, құлдық идеалы — міне, иран — шағатай әдебиет мистицизмі салған жол осы. Абай бұдан аулақ» дейді ғалым. Өйткені ол қолмен болмаса да, оймен бостандық іздеп, «көппен көрген ұлы тойды» бұзбақ болған адам.

Тағдыр қамытынан қалай босанудың жолын, әдісін рас, таба алмаған. Бірақ бұлқынбады деу зорлық», — деп тұжырымдайды. Ғалым тілінің бейнелілігі тек казақи ұғымдарды беруге ғана байланысты емес, орайлы жерінде ол осы заманға сай ғылыми танымдарды да суретпен көрсете алады. Бұндай сәтте ғалым екі нәрсені, затты ұғым түсінікті бір-бірімен салыстыра, шендестіре образдар жасайды. Ол бейнелі сөздерді қолданбай-ақ сөз образдарын әрлендіре алады. Мәселен, Абайдың пікір бағыты әдеби, нысанасы сопышылдық жолынан аулақ екенін айтқанда осы аулақтықтың ол Абай өлеңінің поэтикалық техникасына да шалығын тигізгендігін көз алдымызға елестетеді.

«Абайдағы тұтастық, түгелдік, гармония оны шалағайлыққа жібермеген. Абай — ойшыл ақын. Өлеңін пікір кернеп тұр. Оның сезімі — ойшыл сезім. Бірақ оның ойы да сезімшіл ой. Сондықтан Абай өлеңінің мазмұны түрін көрсетіп тұрады да, түрі мазмұнын көрсетіп тұрады. Қ.Жұбановтың жоғарыдағы біз келтірген ой түйініне тиісінше мән берген Ә.Дербісалин: «Қ.Жұбанов 30-шы жылдардың бас кезінде Абай поэзиясының көркемдігі жөніндегі өзіндік ойлары өзінше мәнді, өзінше бағалы. Өйткені олар Абайды тереңдей тану кезінде емес, Абай бізге де қажет пе, жоқ па, қажет болса нендей қасиеттерімен қажет деген тұста, Абайды жаңадан «ашу» тұсында айтылған алғашқы ізгі лебіздер» деген-ді.

Қ.Жұбановтың Абай туралы еңбегінен алған үзінді де ғалым ой мен сезімнің, түр мен мазмұн бірлігін диалектикалық байланыста түсіндіреді. Аталған категорияларды жеке-жеке даралап алу мен қатар олардың бірімен- бірінің гармониялық сипатта ұштасып жатқандығын қамти дәлелдеген. Ал, Абай тілінің сөздігі яғни, лексикасы, грамматикасы, Абай өлеңінің өлшеуі, ырғағы, ұйкасын, Абай суретінің бейнесі жайын сөз еткенде ғұлама-ғалым бұлардың «…бәрі бірге қосылып та, жеке тұрып та негізгі тақырыптың күйін билеп тұрады.

Оның сөздері тек бермек ұғымын жеткізерлік амал болып, поэтикасы өлең қалыбына сиярлық қана болып қоймайды: бірі олай да, бірі бұлай да кетпейді, солардың әрқайсысы, үлкен симфония оркестріндегі жеке музыка аспаптары сияқгы, өздері бір-бір күй тартып тұрады да, бәріне қосылып, негізгі күйді шығарады. Тақырып соның бәріне дирижер болып тұрады». Бұл үзінді де суреттемелі. Бірақ мұнда бұрынғы «күпілі қазак», «шидем күпі», «желінің шет бұршағы», «шығыстың кірлі көрпесі», «азалы ақ көрпе», «лағынат қамыты» дегендей көне дәуірдің дүниеліктері жоқ.

Автор мұнда өркениетті елдің мәдениетін танытатын симфониялық оркестрдің күңіренген күйін, әр аспабының өзіндік үнін, солардың дауысын қосып, бір тақырыпқа тұтастырып тұрған дирижерді көз алдымызға елестетеді. Оқырман сол ғажайып көріністен Абай өлендерінің түрі мен мазмұнын, тақырыбы мен идеясын, әуені мен ұйқасымын таниды. Қаламгердің құдіреттілігі де сол, негізгі ғылыми ой-пікірді бедерлі өрнекпен жеткізе білгендігінде деп топшылаймыз. Жоғарыдағы астарлы баяндаулардан баска да еңбекте толып жатқан сөйлем типіндегі суреттемелі қолданыстар бар.

Біз оларды жете талдамай-ақ, тек кейбір үлгілерін ғана мысал ретінде бере кетуді жөн көрдік: «Абайды кернеген ақындық қуаты алғаш тасып төгілгенде осы қолда бар қалыпқа құйылған…», бірқатар сыншылар Абай шағатай әдебиетінің шеңберінен шыға алған жоқ» — деп мойындайтын сияқты, … Абай мұны 13—19 жастарында ғана жалтыратып тағынып, содан кейін суынып тастап кеткен тәрізді; тұрмыстың қандай қараңғы түкпіріне де жанары түскен қырағы көзі әлі ойда жоқ,… бұл ақындық беті ашылмаған балаң Абай кезі»,… осы екі өлеңнің екеуінде де үштен тастап, төрттен түйген тізгін ұйқасы бірінде шағатай ақындарына сиыну болып, екіншісінде солардан қалған бейне болуы кездейсоқ нәрсе емес»,… Абайдың бір аяғы шағатайда тұрса, бір аяғы шетке аттауға таянған кезі.

«Абай осы белеске шейін өрмелеп барып шағатай жолының сорлылық ұшына шығып, одан безген секілді», «осы өлеңнен кейін шығыс жұртына қонуды тоқтатқан», «Абай сияқты төрт аяғы тең жорға ақын. Абайдың қыз бен жігіті ұқсай береді» /4.292/. осы сөйлемдердің әрқайсысы-ақ өзінің суреттемелік сипатымен айқын теңеу метафоралы қолданыстарымен оқырманның көркемдік сезіміне де әсер етеді, бірақ одан зерттеудің білімдік сапасына нұқсан келмейді.

Проф. Қ.Жұбановтың Абай туралы зерттеуінде айшықты сөз кестелері ретінде халықтық бейнелі тіркесімдер мол кездеседі. Олардың ұзын ырғасы мына секілді фразеологизмдерді қамтиды: Келелі кеңес – алқалы жиын, Кеуде би – бас билердің бірі. /Келелі кеңестің кеуде биі болмақ болған Абайды енді оны қомсынады /Қомсына бастау – көңілі толмау. Жауыр бейне – көп қолданылған, /Бірінде шағатай ақындарына сиыну болып, екіншісінде солардан қалған жауыр бейне болуы – осының бәрі қаншама ұқсастық.

Азуын батыру – күш көрсету /колония саясаты азуын күннен – күнге батырып, қазақ арасында ұлттық сана өрлей бастаған / 304/ Қыз ойнақ – жастардың ойын – сауығы. / Абайдың арқасында қазақ ауылындағы қыз ойнаққа Онегин мен Татьяна « қатысады»  /303/. Қара шашы төгілу – қыз бұрымының тарқатылуы /екеуінің алысқанынан қара шашы төгіліп, иықтары бүлкілдеп, суға шомылып жатқан сұлуға меңзейді. Жан біту – образдылық /қазаққа таныс образдардың өзі бұрынғы құрысы қатып қалған күйінде тұрмайды, жүріп кетеді, жан бітеді., Біте қайнау – етене болу, сіңісу /образдар өз қалпында  қалып қоймай оқиғаның өзіне біте қайнап, қосылып кетеді, Жүрегі таза – кінәдан пәк, адал, /мұнда жүрегі таза жас сәби айды алмақ болып, балдыр саусағын шолтаңдатқан күнәсіз қылық қана бар, қара тұманды серпілту – ауыртпалықты жеңу /1905 жылдың төңкерісі халық сахнасын басқан қара тұманды бірқатар серпілтті.

Мерт болу – өлу, опат болу / сонымен бірге даңғыл жол – дәстүрлі жол / / бастары түскен даңғыл жолға сыйдырмайтын не?, өмірден безу – бұл дүниелер күдер үзу /өлең техникасының бұлтарыстарын тегіс аралап, өмірден безіп, кейіпті кескін таба алмаған. Жазмыштың ұйғарымы – «жазмыштан озымыш жоқ» /…мұның бәрі тәжірибесіз жанның алдануы шығар да, жазымыштың ұйғарымы басқа болар, Тасып төгілу – арнасынан асу  /Абайды кернеген ақындық қуаты алғаш тасып төгілгенде, осы қолда бар қалыпқа құйылған,  Мезгіл бірлігі – философиялық категория / … мезгіл бірлігіне Абайдың әдеби көзқарастары сай …, Қошқар мүйіз – ою – өрнек Ақынның кестеленген айшықтары қошқар мүйіздерімен оралып өтуге тура келед. Сыбаға қалдыру – үлес беру.

Тақырлап кетпеу – барға қанағат келу. /Абай айтар сөзінің бәрін айтып орынын  тақырлап кетпейді/, оқушыға да шығаршықтық сыбаға қалдырып кетеді. Көзі шалу – көру /ескі әдебиет мұрасының ескірген жерлерін көзі шала бастайды, Аузы бара салу – қаймықпай айта салу / Білеткеннің байы ақша. Ер жақсысын таңдамас / деуге де аузы бара салады, Арам тер – бос еңбек  /1864 жылдан кейін Абайдан шағатай ықпалын іздеу бос арам тер болып шығады, Мініп-мініп жауыр қылу – көп қолданылған, ерқашты болған. / мұндағы теңеулер де көбінесе шағатай ақындарының мініп-мініп жауыр қылып тастағандары.

Аман кету – байхабар кету, белшесінен кешу – мазмұнға бойлау; Абай шығыс үлгісін көрмей, білмей аман кеткен ақын емес, белшесінен кешіп барып, батпағына аунап барып одан шығып, тастап кеткен ақын. Ырза болу – қанағаттану; /өткенді көксеп, төңіректегі барға ырза болған адам…. Бой корсету – көрініс беру /Абайдың сыншыл көзқарасы өзінің дүниеге көзқарасының әдеби формда бой көрсеткен бір түрі/. Сыдыртып өте шығу – ат-үсті шолып өту. Сондықтан оны ағызып оқып,сыдыртып өте шықсаң ішкі мәніне жетпейсің…

Құрғақ сөз – бос сөз. Міне, осының бәрі құрғақ сөз емес, Абайдың істеген істері. Қуып әкеп тығу – ықтиярсыздық. Өлең ұйқасымының лажсыздығы /заруата шағрия/ – қуып әкеп тыққанда, әсіресе, артықша орын алатын араб – парсы сөздері-шұбар тіл керек пе? Сорайып көріну – халық бұл тіркесімді тура мағынасында да ауыс мағынасында да қолданады. Тура мағынасында бұл фраза ұзын, бойшаң нәрсенің немесе адамның өңгеден өзге болып, алыстан «мен мұндалап » тұратынын айтады. Ал профессор Қ. Жұбанов мұны ауыс мағынада тұтынып  отыр, яғни осы халықтық штамп арқылы өлең – сөздің бойында ұшырасатын олпы- солпы кемшіліктері дегенді меңзейді.

Бойын жасыру – тіркесімі осы тәрізді тура және бұрма мәнде қолданыла береді. Оның бірінші мағынасы біреудің шын мәнінде бой тасалауы жөнінде болса, ауыс мағынасы кейбір құбылыстардың сырт көзге бірден байқалмай, ішкі мәнін ішіне бүгіп, астарлы  пайымдау есебінде кездесетіндігінде. Проф Қ.Жұбанов осы екі тіркесімді өлең табиғатын тану мақсатында пайдаланған. «Халық  өлеңінде тақырыптан тысқары басы артық сөз болмай тұрмайды. Ондай артықтар жаман өлеңде сорайып көрініп тұрады да, тәуірлерінде бойын жасырып, бірде құрғақ пәлсепе жамылып, бірде мақал, жұмбақ бүркеніп, бірде орынсыз пейзажға оранып келеді.

Сөйтіп ғұлама қаламгер халық тілінде әбден тұрақтасқан бейнелі қолданыстардың өзіне жаңаша мән-мағына теліп, айтылмақ ойдың негізгі арқауы етіп отырады. Бас бәйгі алу – Қазақ арасында ат жарысы, балуан күресі, жорға сүрістіру секілді немесе ақындар айтысы, әнші-күйшілердің өнер сайысы тәрізді сындарда жеңген адамға берілетін бас жүлде осылай деп аталады. Қ.Жұбанов осы этнографизмді мүлде тың мағынада қолданған, яғни ол бірсыпыра әзірбайжан қайраткерлерінің өз ана тілін менсінбей «Қаба діл» деп атап, халықты түрік тілін тұтынуға шақырған тұста асқан білімді қоғам қайраткері, әрі ақын Мырза-Фатали Ахундовтың елден бұрын өз ана тілін әдебиет кәдесіне жаратуға талпынғанын айта келіп, жоғарыдағы қазақи тіркесімді пайдаланған.

«Рас, азербайжанның бұл жөнінде бас бәйгі алатын бір реті бар… XIX ғасрдың орта шенінде ескіліктің қай тар ауына да төтепкі беруге талаптанған онда бір адам болды. Ол – Мырза Фатали Ахундов болды. Осы  келтірілген мысалда ғалым халық тілінде тұрақтасқан «төтепкі беру» тіркесімен де қолдана кетеді. Бұл тіркесімнің мағынасы «қарсы тұру»,«тойтарыс беру» дегенге келеді. Алайда, мұндағы қолданыстан Мырза Фатали Ахундовтың жаңашылдығы, ескіліктің шырмауынан туған халқын азат етуді мақсат тұтқан қайраткерлер екендігі астарлы мағынада аңғарылады. Дөп қолдану, тізесін құшақтау, сорлылық ұшына шығу.

Бұл аталған тіркесімдер де бейнелі қолданыстың халықтық моделіне жатады. Дөп, яғни, дәл қолдану деп халық тілінде жаңылыс баспай, орынды қолданған амал әрекетті айтады. Тізесін құшақтау халықтың бейнелі тіліндегі «Қу тізесін құшақтау» тәрізді сөз саптаудың стилдік мақсаттағы қысқарымы болып табылады. Ал «ұшына шығу» бір нәрсенің шегіне жету, анық-қанығына көз жеткізу дегенді білдіреді. Ғалым бұл жерде «дөп қолдану» деп Абайдың Күншығыс ақындарының ізімен әліп-би таңбаларын өзі суреттейтін кейіпкердің кескін келбетіне дәл ұқсатуын айтса, «тізесін құшақтап қалды» деген тіркесімді шағатай ақындарының жалаң формалистік суреттеу тәсіліне әуестеніп, көркемдіктің аса табиғи жанды теңеулерін іздемей касталық оқшаулыққа, ұрынатындығын түсіндіру үшін стилистикалық аналогия етеді.

Ал енді шағатай әдебиетіне тән жалаң түр қуушылық машықты ақындық өнердің сорлылығы деп білген Қ.Жұбанов Абайдың да сол батпақты белшесінен кешіп барып, ұшығына шығып қайтқанын пайымдаудың квинтэссенциясы ретінде жеткізеді. Мысалы: «Ескі күншығыс ақынның әріп бейнесін дөп қолдануы өмірден қашықтап, қаламы мен әрпіне ғана қарап тізесін құшақтап қалған касталық жағдайын көрсетеді. Абай – осы белеске шейін өрмелеп барып, шағатай жолының сорлылық ұшына шығып болып, одан безген сықылды.

Қ.Жұбанов халықтың қанатты сөздерін орнын тауып,шебер кәдеге жаратып отырды. Мәселен, Абайдың ақындық өнерінің қалыптасуын сөз еткенде, оның алғашқы нәр алған бұлағы халық әдебиеті екенін түсіндіру үшін «Абайға сүтпен кіріп, сүйегіне сіңген әдебиет үлгісінің бірі – халық әдебиеті» дейді осындағы «сүтпен кіріп, сүйегіне сіңу» деген градациялы эпитет оның бүкіл творчестволық талпынысын аз сөзбен көптеп түсіндіріп береді. Соның өзінде халықтық қолданыстың бітім-бейнесіне нұқсан келмейді.

Ғалым ақын Абайдың бастапқы өнер қуған сәтін түсіндіру үшін:« Он жасынан бастап жұмсаған сөз қаруы осы қолыпқа соғылған» деген сөз орамын қолданады. Осындағы « сөз қаруы »деген градациялы эпитет оның бүкіл творчестволық талпынысын аз сөзбен көптеп түсіндіріп тұр. Бұл фраза бәлкім Қ. Жұбановтың өз тарапынан да жасалған да болар. Ал «қалыпқа соғылу»деген тіркесім нақты халықтық қолданыс болып табылады. Қалып яки модель әр алуан шеберлердің қолданған құралы. Оны етікші де, болмаса кірпіш құюшы да, темір ұсталары да ұстап тұтынады.

Ал бұл жерде Абайдың алғашқы өлеңдерінің үлгісін халық поэзиясына шыққан деген ұғымды білдіру үшін пайдаланып отыр. Көркемдік сезімін шарбыдай шырмаған халық әдебиеті /293. Бұл қолданыстағы «шарбыдай шырмаған»деген тіркесім бүкіл фразаға ұйтқы болып тұр. Осы халықтық сөз үлгісі арқылы көркемдік сезімді баураған халық әдебиеті екендігін ғалым тауып айтады. Сол сезімді «шарбыдай шырмау» деп баяндау халық әдебиетінің бүкіл эстетикалық пәрменділігін мейілінше бедерлі түрде оқырманның көз алдына елестетеді.

Рас, алғашқы әзірде, өлең дүниесіне қадам басқан кезде, шағатай қармағына Абай да ілінген. Мұндағы «қармаққа іліну» балықшылықты кәсіп еткен қазақ жұртының күнделікті тұрмыста қолданатын сөзі. Бірақ бара-бара «қармақ» сөзі әртүрлі мағынада жағымды да, жағымсыз да стильдік өңмен алынатын болған. Мәселен, болымсыз тұлғада «қармаққа ілінбеу» болып келген жағдайда бұл қолға түспеу, ұстатпау секілді мәнде түрлі ғашықтық өлендеріне де мотив болған.

Ал, «өлімнің қармағы», «ажалдың қармағы» деген реттерде тағдырдың қатігездігін танытатын ажалдың құрығы деген секілді қолданыс тапқан. Қ.Жұбанов бұл тіркесімді Абайдың басынан кешкен ақындық мектептерінің бірі шағатай үлгісі есебінде жұмсап отыр. Бұл қолданыста белгілі дәрежеде ғалымның шағатайшылдыққа деген наразылық сыңайы да байқалғандай. Сондықтан ол Абайдың шағатай қармағынан бұлқынып шығып кеткенін қуаттайды.

…Ескінің тігісін сөгіп ыдыратқандай, халық өмірінде ұлы өзгеріс болмағанын көрсетеді. Осы сөз орамындағы «тігісін сөгу» тіркесімі халықтың қолтума қолданысы. Бұның тура мағынасы киімнің немесе басқа бір заттың тігісін сөгу. Бірақ, сол қалыптасқан модельді Қ.Жұбанов айрықша стильдік өң бере қолданып отыр. Ғалымның айтып отырған ескісі ол дүнәуи зат, мүлік киім-кешек емес, ол – қазақ поэзиясының ежелгі халықтық үлгілері. Қоғам дамуының салғырт, шабан кездерінде халық поэзиясы да сол бұрынғы өлшемнен шықпай дәстүрлі принцептерін негізге алып, әлеуметтік ортамен ілесіп жүре береді.

Сондықтан да ғалым бұл кездегі жаңа өлеңдердің өзі ескі тамырдан көктеп өсіп жетіледі деп өте ұтымды түсінік береді. Ол жалғыз қыссашыларды ғана мінеп, шөп татыған «Әзірет Әли айдаһарлы ертегіні термекті» ғана кемшілік деп тоқтамайды. Ғалым бұл орайда халық тілінің штампы болып табылатын «шөп татыған» тіркесін өзгертпей сол қалпында алып отыр. Халық тілінде «шөп тату» деген қолданыс «татымсыз», «дәмсіз» деген ұғымды білдіреді. Семантикасы жағынан бұл тіркесім ауызекі тілде жиі ұшырасатын «су татыған» деген фраземамен синонимдес.

Әрине ешбір синоним өзінің қатарындағы басқа сөздермен абсолютті тең болмайтыны секілді «шөп тату»мен «су тату» тіркесімдерінің де стильдік айырмашылығы бары даусыз. Бұл жерде ғалымның келтіріп отырған «Әзірет Әли айдаһарсыз», деген мысалы Абайдың Көкбайға, Әріпке жолдаған:
Хат жаздым Әзірет Әли айдаһарсыз
Бізде жоқ алтын иек сары ала қыз, – деп діни мифологияны қозғаған сөздерін меңзейді. …тыңдаушыны күн ілгері даярлап, негізгі тақырыпты жақсы, жанды түрде түсінуге себеп болады.

Профессор Қ.Жұбанов қолданып отырған бұл фразадағы «күн үлгері» тіркесі грамматикалық байланысы тұрғысынан синтаксистің ежелгі нормаларына жатады. Өйткені, бұл тіркесімді де анықтауыш пен анықталушы сөздің ара қатынасы тұрғысынан алып қарағанда, қазіргі тіліміздің нормасы бойынша ілгері /ілгеркі/ күн болуы тиіс. әйтсе де құрамдасу моделіне сәйкес жағынан ол «күн бұрын» тіркесімнің құрамына сәйкес келеді. Ал семантикасы жағынан «күн үлгері» тіркесімі «алдын ала» тәрізді қолданыспен синонимдес. Осылайша грамматикалық жағынан ежелгі тәсілді таныта біледі.

«Күн үлгері» тіркесімі оның «күн бұрын»сияқты сыңарынан кейінірек қалыптасып әдебиленген секілді. «Күні бұрын» тіркесімі жалпы халықтық түрде, ауызекі түрде, жазуда да негізінен стильдік талғамы күшті авторлардың жазбаша еңбектеріңде ұшырасады. Қ.Жұбановтың қолданысынан да біз осы құбылысты аңғарамыз. «Тақырыптан тыс әңгіменің өзі бір шетімен тақырыпқа байланысып жатса, әрі логика, образ жағынан дұрыс құрылса, тыңдаушыны күн ілгері даярлап, негізгі тақырыпты жақсы, жанды түрде түсінуге болады.

Бұл сөздерді ғалым халық поэзиясына яғни, фольклор тілінің табиғатына қатысты айтқан. … Абай енді Шортанбай, Бұхар орнына Пушкин мен Лермонтовтың етегінен ұстайды. Қазақтың бейнелі қолданыстарының бірі – «етегінен ұстау». Оның этнографиялық сипаты да жоқ емес. Өйткені бұрынғы ел тұрмысында бұл сөз әйел мен еркектің арасындағы ерлі – зайыптылық, яғни некелесу шарттарымен  байланысты айтылатынды.Бұл көбінесе өзін өмірлік серік таңдаған әйелдің белгілі бір азаматқа пенде болу, соның етегінен ұстап өмір тіршілігін әрі қарай жалғастыруын танытады.

Алайда Қ.Жұбанов бұл қолданыстың осы негізгі мағынасын біле тұра оны Абайдың ақындық бағыт-бағдарының өзгеріп, классикалық шығыс поэзиясының дәстүрлі үлгілерінен де бой тартып, батыс әдебиетін, оның көрнекті өкілдерін нысанаға алғандығын айту үшін қолданады. Халықтық қолданыстың моделі өзгермегенмен қолданылу мақсаты жаңа сапаға ауысады. Сөйтіп, «етегінен ұстау» фраземасының семантикалық  аясы кеңейеді. Ғұлама ғалымның «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» атты еңбегіндегі тілдік-стилдік жүйелерді талдап қарағанымызда, біз бірнеше айшықты сөз қолданыстарының куәсі болдық.

Мәселен, ғалым-публицист әсерлі де ұтымды сөз саптауларды бейнелі суреттерге құрылған сөйлемдер түрінде қолданады. Сондай -ақ  халық  тілінде бұрыннан қалыптасқан, жұртшылықтың көркем тілді тануына критерий болған көптеген образды тіркесімдерді бұлжытпай алып, өз контексіне орынды енгізіп отырады. Сонымен қатар халық эстетикасының талаптарына сәйкес өз тарапына да айшықты әсем теңелер, шендестірулер, аналогиялар /салғастыру/ тудырып, публицистикалық стильдің нәрін күшейтеді.

Біз зерттеуіміздің осы бабында сондай ұтымды авторлық сөз қолданыстар жайына тоқталмақпыз. Мысалы: «Абайдың еш қылуасында олармен әдеби оты өрелі жанатын қылық жоқ». Бұл сөйлемде ғалым қазақ тіліндегі «өрелі оты жанбау» деген фразеологизмді ұлғайтып, перифразалап «әдеби оты өрелі жанбау» деген тіркесім жасап отыр. Қазақ ұғымында «өрелі оты жанбау» деп бақастықты, көре алмаушылықты, екі адамның болмаса, екі қауымның арасындағы ішкі тарлықты айтады.

Алайда ғалым бұл жерде «әдеби» деп сөз қосу арқылы тіркесімнің жалпылық мағынасын шектеп, шағатай ақындарымен Абайдың «тіл ұстарту» мағынасында болмаса басқа көреалмаушылықтың, күндестік ой-пікірдің жоқтығын аңғартып отыр. Әйтседе фрзеологизмнің негізгі семантикасын дөп басып, айтайын деген мақсатына дәл қолданған. Бұл іспеттес сөз саптаудан біздің аңғартатынымыз – қаламгердің сөздік қорының молдығы, стильдік талғамның жітілігі, халық даналығын өз мақсатына біте қайнатып үйлестіру шеберлігі.

классикалық әдебиет дөңіне шығу /296/, «әдебиет дөңі» деген ұғымды Қ.Жұбанов тұңғыш рет ғылыми айналымға енгізіп отыр. Мәселен, әдебиеттің шыңы, биігі, асқар шыңы, өрісі деген ұғымдар әртұста ұшырасқанымен «дөң» деген меже бұрын айтылмайтын-ды. Проф. Қ.Жұбанов бұл ұғымды яғни, «классикалық әдебиеттің дөңі» деген тіркесімді пайдаланғанда тауды, шыңды, асқақ деңгейдегі биіктікті көрмей, білмей отырған жоқ, бұл жерде ғұлама бүкіл классикалық әдебиетті бір жазықтықтың үстінде деп қарастырып, сол жазықтықтың бетіндегі белгілі бір дөңестерді яғни, классикалық әдебиеттің ішіндегі елеулі кезеңдерді меңзеп отыр.

«Классикалық әдебиет дөңіне шығып, артына қарағанда оған енді:   Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау
Өлеңі бірі – жамау, бірі – қырау, болып, олардың «кемшілігі әр жерде – ақ көрнеу тұрады». Бұл аллиттерациялы тіркесті проф. Қ.Жұбанов  астарлы  мәнде келтіріліп отыр. Ғалым Абайға дейінгі халық әдебиетін енжар, бойкүйез заманның ұйқылы – ояу, өлі мен тірінің арасындағы  поэзиясы деп қарастырып, «азалы ақ көрпе» деген сөзді соның кебіні еді дегенді аңғартады. Абайдың арқасында XIX ғасырда сол әдебиет «азалы ақ көрпесін сілкіп тастап», Еуропа үлгісіндегі классикалық әдебиет дөңіне көтерілді, соның өзінде де ол қазақ әдебиеті болушылығын жойған жоқ дейді.

Ауызекі үлгідегі халық поэзиясының классикалық жазба әдебиет дөңіне жетуі Қ.Жұбановтың пайымдауынша «жансыз дүниенің қайта тірілуі» тәрізді. Өткен өмір арбасының дөңгелегімен қоса айналу… Қ.Жұбанов бұл қолданысты Абайдың өлеңіндегі мынадай жолдарға орай алып отыр:
Жұрттың бәрі сөз сатқан;
Сатып алып не керек.
Екі сөзді тәңірі атқан,
Шыр айналған дөңгелек. Өмірдің арба дөңгелегінше айналуы деген ұғым көптеген халықтарда бар. Алайда бұл айналыс ілгері дамуды, прогресті білдірмейді, өзінің басқан ізін қайта басып кетеді.

Философиялық пайымдауша егер айналыс спираль тәрізді болса онда дөңгелек ескі сүрлеуге қайта баспайды, жоғары өрлей береді. Осы пәлсепелік ұғымдарды ғалым орныды қиыстыра оырып, арбаның дөңгелегінше айналуды ескіліктің ізімен жүру деп қарастырады. Мысалы, «Өткен өмір арбасының дөңгелегімен  қоса айналып дөңгеленген ескі тозған үлгісін тастап, Абай «тіл ұстартып, өнер шашпақ болады».

Градация – пайымдаған проф. Қ.Жұбанов Абайдың алдындағы әдебиет үлгісін төмендегідей санамалап береді: арзан ақиқат, тозған шындық; керексіз тақпақ; ескі өлең, т.т. … қызығына ерте  тояттау. Бұл фразеологизм «қызығына тояттау» деген екі мүшелі тіркесімнің перифразаланып ұлғайған түрі. Авторлық  қолданыста екі мүшенің аралығына «ерте» деген мезгіл мәнді пысықтауыш қосылып тұр. Қ.Жұбанов осы ұлғайыс арқылы біріншіден, «қызығына тояттау» деген мағынасы әрқилы танылатын көбіне эротикалық мәнде қолданылатын ауыр фразеологизмді жас Абайдың өнер қуған жолындағы қадамдарын аңғарту үшін пайдаланылады.

«Ерте» деген қосымша компонентті қосу арқылы фразеологизмнің мәнін басқа жаққа яғни, бейкүнә рухани ұғым-түсінікке аударады. «Бірақ мұның да ол қызығына ерте тояттап, ескірген ел даналығын көп ұзамай-ақ өзіне мұра санаудан қалған сияқты». … бермек суретінің бояуын қандырып ашып кететін… Ғалымның бұл жердегі сөз қолданысы бірнеше өзектес фразеологизмдердің тоғысуынан туған контоминация жолымен жасалған. Қазақ тілінде «бояуы қанық» немесе «қанық бояулы» деген етістікті «терінің иін қандыру» деген орында да қолданылады.

Ал «ашып кетеді» деген күрделі етістікті бір нәрсенің мазмұнын ашу немесе ажар беру, көңілге қонымды деген мәнде пайдаланады. Қ.Жұбанов осы шоғырланған тіркесімдерді Абайдың образ жасауда қандай тәсілдерге бой ұратындығын таныту үшін жұмсаған. «Шұбарлық нәлі ». Ғалым бұл жерде  тіл шұбарлығын айтып отыр. «Нәл» деп қазақ тілінде етітіктің тұмсық жағы тозбасын деп қағылатын  кішкентай  темір тағаны айтады. Құмдауыт жерде немесе басқа бос топырақты жолдарда нәлдің ізі түсіп отырады.

Ғұлама ғалым Қ.Жұбанов осы құбылысты тілге қатысты қолданып, нәлдің ізіндей болмашы іздің өзі сөйлеу процесіне тіл шұбарлығын туғызатындығын айтып отыр. …Тіліндегі шұбарлық нәлі қалмаған да болса, алдыңғы екі өлеңнен көп жеңіл, араб сөзі сирек кездеседі. Жаңалық желісінің шет бұршағы. Мұндағы желі қазақтың құлын байлау үшін тартқан кергі арқаны. Осы желінің ұзына бойына әрбір құлынды жеке-жеке байлайтын ілмек жіптер тағылады. Қазақта оны «бұршақ» деп атайды. Шет бұршақ сол желінің ең шеткі ілмегі.

Проф. Қ. Жұбанов «жаңалық желісінің шет бұршағы сияқты» дегенде Абайды жаңа әдебиеттің көш басшысы, шеткі бұршақтан сүйреп тартып тұрған поэзияның құлыншағы деген мағынада қолданылып тұр. Оның өз сөзімен айтқанда: Абайдың алды жоққа жуық та, арты ғана бар: ол-соны дәуірдің басы, жаңалық желісінің шет бұршағы сияқты. «Абай ескінің шұбалаң қыстырмасын икемді бейнеге /образға/ айналдырды. Ғалым-публицистің бұл фразасы Абайдың шұбалаңқылыққа салмай сұңқар, қырғауыл секілді табиғат образдарын тікелей қыз бен жігіт бейнесін телиді дегенді аңғартады.

Ескілікті әдебиет үлгілерінде бұлайша кейіптеудің орнына қырғауыл мен сұңқардың өз романын қыз бен жігіттің ара қатынасына байланысты ұғымдармен біраз уақыт жарыстыра келіп, образды аналогиялық тәсілге салып жасаған болар еді дейді. Бұлай болғанда жігіт пен қыздың қарым-қатынасына байланысты сюжет қырғауыл мен сұңқарға бағышталған әңгіменің көлеңкесінде қалатын еді дегенді айтады. Қараңыз:
Іздеп табар сұңқармын
Жарастықты шүйгенде.
Қылығында жоқ ағат…
Сіз — қырғауыл жез қанат,
Аш бетінді, бер қарат…

Айдап салу. Халық тілінде бұл тіркесім екі түрлі ұғымда қолданылады. Біріншісі — айдап салдым жылқымды деген сияқты реттерде. Бұл сөздің тура мағынасы. Ал ауыс мағынада «айдап салу» біреуге жел беру, азғыру, басқа біреуге ұрындыру. Әйтседе, проф. Қ.Жұбанов осы формуланы мүлдем жаңа мағынада кәдеге жаратқан… Онда да бір өлімнің бар екенін сезесің де, бірақ кім үшін айтып отырғаны, кім өлгені белгісіз.

Сол белгісіздіктің өзі тыншытпай, тыңдауға айдап салады. Сонымен, біз бұл бапта проф. Қ.Жұбановтың өз қаламынан туған бейнелі қолданыстарды сөз еттік. Әрине, автордың ұтымды сөз саптауларын түгелдей қамтыдық дей алмаймыз. Біз тек «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» деген зерттеуіне сүйеніп әңгіме желісін өрбітіп отырмыз. Бұл ретте халықтық қолданыстарға да өз тарапынан да бұрыннан таныс этнографизмдерге жаңаша мағына теліп, перифразалық құбылыс есебінде де бере білетіндігі. Бұндай сөз қолданыстарда ғалым антитезалық, градациялық, контоминациялық, плеоназымдық әдіс-тәсілдерді молынан пайдаланады.

Мәселен: сұйық мәнді; жұқа дәнді; мағынаның артық қоюлығы; артық жүктен тазарту; сүйрете беру; өлі сөз; ірі өлім; сорлы сурет; шағатай тұтқыны; тозған бейне; ішкі мәні; мәніне жету; ескі сөз тағы басқа осы сияқты тапқыр да, әсерлі сөз орамдары оның кәнігі публицист-қаламгер екенін танытады. Басқаша  айтқанда, проф. Қ.Жұбанов небір күрделі ұғым-түсініктерді жалпы жұртқа яғни, өз оқырмандарына мейілінше ұғынықты, көркем тілмен жеткізе біледі. Біз қаламгердің сөз саптау шеберлігінен осы жайды айқын аңғардық.

 

М.МИРОВ,
Қ Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік
университетіндегі  «Жұбановтану»
ғылыми зерттеу орталығының
жетекшісі, 
ф.ғ.к., доцент

 

/bilimdinews.kz/