Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университеттің мектеп филиалдарымен байланысы нығая түсті

Университеттің мектеп филиалдарымен байланысы нығая түсті

Жақын күндері университетімізің «Теориялық және қолданбалы тіл білімі» кафедрасы Ақтөбе қаласындағы №13 орта мектептегі филиалы жұмысының жоспары мен университетте өтіп жатқан әдістемелік апталық аясында «Қазақ тілі мен әдебиетін интербелсенді оқытудың ерекшеліктері мен тиімділіктері» тақырыбында семинар өткізді.

Семинарды мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары Айсұлу Давлетова жүргізді. Семинар жұмысына №13 орта мектептің директоры А.Т.Күштаев пен мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері, Ақтөбе қаласындағы № 46, 49 орта мектеп мұғалімдері, филология факультетінің 4-курс студенттері мен олардың жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы Күлшат Қондыбай қатысты.

Семинарды ашу үшін  аталған мектептің директоры Асқар Күштаев сөз алып, семинардың мақсат, міндеттері туралы қысқаша тоқталып, семинар жұмысына сәттілік тіледі.

Аталмыш шара  барысында Күлшат Әбдіғанымқызы сөз алып, интербелсенді оқыту әдісінің жалпы сабақ берудегі тиімділігі мен ерекшеліктерінің оқытушыны жеке тұлға ретінде қалыптастырудағы маңызын атай  келе, аталған семинар жұмысына табыс пен жетістік тіледі. Семинар аясында жаңартылған бағдарлама бойынша оқытылып жатқан 5 және 7 кластарға қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен ашық сабақтар мен тәрбие сағаттары өкізілді.

5 класта жаңартылған бағдарлама бойынша сабақ жүргізетін мұғалім Зульфия Мукашева қазақ тілі пәнінен «Төрт түлік» тақырыбында сабақ жүргізді. Ол оқушыларға топтық жұмыс жүргізіп,  көптеген әдіс-тәсілдерді қолданды. Оқушылар сабақ соңында өздерін және өзге топтарды бағалап, өз пікірлерімен бөлісті.

Сонымен қатар, мұғалім Фатима Аманғалиева «Зар заман» толғауынан Шортанбай Қанайұлының «Мына заман қай заман» өлеңі бойынша ашық  сабақ өткізді.

Семинар соңында университет студенттері мен қатысушылар өз пікірлерін ортаға салып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.